Еңбек қоймадағы астықпен бағаланады

Дала жұмыстарындағы екпінді еңбек мерейлі мәреге жақындап келеді. Облыс өңіріндегі барлық аудандар соңғы айналымдардың алтын дәнін жинап жатыр.

Орақ ісін аяқтаған шаруашылық нысандары, тіпті, аудан диқандарының қатары да толыға түсуде. Биылғы ауа райы-на байланысты біршама қиындықтарға қарамастан кез-келген ауылдың берекелі қырманы биіктен қол бұлғайтыны баршаны қуантады. Бірақ, ырыздық қамындағы жандарда жыл бойғы еңбектің түпкі нәтижесін қоймадағы астықпен бағамдайтын жақсы дәстүр бар. Оның үстіне, келесі жылдың молшылығын ойлайтын диқандарымыз қазірдің өзінде тұқым қорының 97,4 пайыздан астамын қамдап алғаны көңіл өсіреді.
Ендігі жерде жұмыс ауқымы астық қабылдау кәсіпорындарына ауып отыр. Бұл орайда маңызды іске арнайы лицензияланған 65 элеватор мен шаруашылық құқындағы мекеме жұмылдырылып отырғанын айта кеткіміз келеді. Бұлардың жалпы сақтау және өңдеу сиымдылығы 4,2 миллион тоннаны құрайды. Біз осы қуаттардың тиімді пайдаланылатынына шәк келтірмейміз. Оған бүгінгі қалыпты жұмыс ырғағы дәлел бола алады.
Соңғы деректерге сүйенсек, астық қабылдау кәсіпорындарына 957,5 мың тонна астық түскен. Мұның 729,4 мың тоннасы бидай, 217,2 мың тоннасы арпа, 10,8 мың тоннасы сұлы және басқа майлы дақылдар. Жұмыс алашапқын абыржусыз, жөнсіз кезек күтушіліксіз, ұйымдасқан түрде жүргізілуде. Мұны ірі шаруашылықтардың, жеке қожалықтардың өз меншігінде жайлы да сайлы қоймалар қатары көбейгендігімен байланыстыруға болады. Шаруақор адамдардың өз өнімдерін өздері өңдеп, тиімді саудалауға қадам басқандарына қол соғуға да болады.
Облыс бойынша элеваторларға өткізілген астықтың сапасына көңілдегідей баға берілуде. Өңірлік маңыздағы басты өнім – бидайдың 709 мың тоннасы жұмсақ, 20,4 мың тоннасы қатты сұрыптағы дән. Бұл көлемдегі астықтың басым бөлігі 1 және 2 класты құрайды. Ал, қабылданған 628,9 мың тонна 3 класты жұмсақ бидайдың 54,1 мың тоннасының қамырлылығы 23-24 пайызды, 148 мың тоннасы – 25-27 пайызды және 428 мың тоннасы 28 пайыздық қамырлылықты құрайтыны Ақмола астығына дәстүрлі сұраныстың арта түсетінін айғақтайды.
Осы орайда, егістік алқабы мол Атбасар ауданында қабылдау кәсіпорындарына жеткізілген астықтың 73 пайызы 3 клас-ты бидай болса, мұның 82,5 пайызының қамырлылығы 28 пайыз екендігін атап өту қажет. Есіл ауданында бұл көрсеткіш 99,6, ал, Жарқайың ауданында 100 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, арпа дақылы элеваторларда негізінен 1-2 класпен қабылданып жатыр. Бұл диқан қауымының қажырлы еңбегінің еселі қайтарымын аңғартады.

Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар