Кооперативтер – мал өнімдерін молайтудың үлкен әлеуеті

Кооперативтер – мал өнімдерін молайтудың үлкен әлеуеті

Мемлекет басшысы өз Жолдауында басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отырғанын айтты. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында.

Бұл бағытта біздің өңірімізде ауқымды жұмыс атқарылды. Бүгінгі таңда Ақмола облысы бойынша 284 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркелген. Бірінші ауыл шаруашылығы кооперативі формасына сәйкес, 429 кооператив жұмыс істейді. Оның құрамына 117 заңды тұлға және жеке кәсіпорын, 117 шаруа қожалығы кіреді. Бұл кооперативтер 6 206 үй шаруашылығы, сондай-ақ, ет бағытында жұмыс істейтін шаруашылықтар кіреді. Олар 24,2 мың ірі қара, 7,5 мың қой, 500 жылқы бағады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 4,8 мың тонна сүт, 13 мың тонна ет өндірілді. Кооперацияда жер және өзге де мүлікке қатысты барлық құқықтар сақталуда. Бұл шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік беруде. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланатыны белгілі. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеледі. Сондықтан, субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасы әзірленетіні көңілге қуаныш ұялатады.
Мал шаруашылығында да кооперативтің формасы бар. Олар да өзге ауыл шаруашылықтары тәрізді «Мал шаруашылығында сапаны арттыру және асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау» бағдарламасы аясында субсидия түрінде мемлекеттік қолдауға ие. 2014 жылдан бастап кооператив құру және селекция жұмысы белсенді жүргізілді. Осы бағытта көптеген мал шаруашылықтары бірікті. Алғашында 30 бас сиырға бір бұқа сатып алу талабы қойылды. Бүгінгі күні бұл сиыр саны 25 басқа түсірілді. Осының арқасында асыл тұқымды ірі қара саны әжептәуір көбейді. Малды асылдандыру үшін мемлекет қолдау көрсетеді. Мәселен, сатып алынған әр бұқаның құны 150 мың теңгеге, сиырдың құны 10 мың теңгеге арзандады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл бағытта 100 кооперативке 358 миллион теңге төленді. Оның ішінде 27 мың бас ірі қараны асылдандыру жұмысына 270 миллион теңге жұмсалды. 52 миллион теңгеге асыл тұқымды бұқалар сатып алынды. Бұқалақтар мал бордақылау алаңына тапсырылады. Мемлекет тірі мал құнынан өзге ірі қараның әр келісіне 200 теңгеден төлейді. Мәселен, 200 келі бұқалаққа мемлекет 40 мың теңге береді. Сүт өндірісінде де арнайы бағдарлама жұмыс істеп келеді. Кооперативтер өндірілген сүтін өңдеуші кәсіпорынға өткізсе, оның әр литріне мемлекет 20 теңге үстемеақы төлейді. Сүт бағытында 15 кооператив белсенді жұмыс істеп келеді. Оның ішінде Зеренді, Аршалы, Шортанды аудандарының кооперативтерін ерекше атап өткен жөн. Мұндай кооперативтер сүт тапсыратын талай адамды біріктірді.
Тонналап сүт өткізген кооперативтер бір маусымда мемлекеттен 10-15 миллион теңге қолдау алады. Бүгінгі таңда талап қатайды. Мемлекеттік қолдауды алу үшін кооперативтердің жайылым жері болуы қажет. Бұл жағдай кооперативтердің алға басуын біршама тежеп тұр. Жайылым жер жөніндегі Заң аясында әр аудан жайылым жерді басқару бойынша өз жоспарларын жасайды. Мәселен, «Бірлік» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жеке меншік жері жоқ. Олардың малы округ аумағында бағылады. Мұның өзі жер мәселесін шешіп, мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік береді. Бұл кооператив бір маусымда «Гормолзавод» серіктестігіне
546 тонна сүт өткізіп, 5 миллион 463 мың теңге мемлекеттік қолдау алды. Ол кезде сүттің әр литріне 10 теңгеден төленетін. Биылғы жылдың 1 тамызынан бері бұл сома 20 теңгені құрайды. Бұл ерікті бірлестік болған соң биыл ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құруды жоспарлаған жоқпыз. Өйткені, біздің өңір егіншілікпен айналысады. Оның үстіне кооперативтердің ірі шаруашылықтармен бәсекеге түсуі қиын. Кооператив тақырыбы бау-бақшамен және көкөніс өсірумен айналысатын біздің оңтүстік аудандар үшін қолайлы. Мұндағы әр шаруаның жері аз. Көп жерлері барлар бірігеді. Малдары өз жеке меншіктерінде бағылады. Электрондық санақ жүйесінің бары жөнінде міндетті талап ережесін енгіздік. Жұмыс осы ереже аясында жүргізілді.
Жеке меншік шаруашылықтар тапсырылатын еттің 50 пайызын өндіреді. Мәселен, өткен жылы өндірілген 89 мың тонна еттің 45 пайызын, сүттің 75 пайызын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі сатқан екен. Бұл біріккен жерде береке болатынын дәлелдейді. Біріккен шаруалар малшы жалдайды, техника мен бұқа сатып алады. Мал азығын дайындайды. Сондай-ақ, кооператив коммерцияның түр-түрімен айналыса алады. Сүт қыс айларында аз өндірілетіні белгілі. Айдабол селосындағы жеке меншік кооператив тәрізді өзге шаруашылықтар қыс айларында сүт өндіруді қолға алды. Ол үшін сиыр жазда бұзаулап, қыс айларында сауылады. Барлық өткізілген сүттің 5-10 пайызы кооперативтердің үлесіне тиеді. Табиғи сүт жөнінде мәселе туындайды. Осы бағытта 8 тауарлы-сүт фермасы құрылды. Жеке меншікке бұқалақты күзде өткізу тиімді. Жайылым жер мен мал азығын дайындау мәселесі туындауда. Қазір бір орама шөп 5-7 мың теңге тұрады. Дегенмен, ет және сүт бағытындағы асыл тұқымды малдар сатып алынуда. Мал бордақылау алаңдары да жеткілікті. Келешекте кооперативтердің дамып, мол өнім беретініне сенім мол.

Димаш ТАЛАСБАЕВ,
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасының басшысы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *