Елеусіз қалған ескерткіштер

Ақмола облысындағы археологиялық объектілер орналасқан алқаптардың 70 проценті жайылымға айналып, мал тұяғының астында жатыр. Қырат-қырқалардағы объектілер әрқилы пайдалы қазбаларды өндіру барысында жойылуға шақ тұр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан өрбіген нұрлы шуақ елеусіз жатқан ескерткіштерге түскеннен соң тарихи-мәдени мұраларға біртіндеп көңіл аударыла бастады. Бірқатар ескерткіштердің қасына қалақ тастар төселіп, қорғау аймағы темір қоршаулармен қоршалып, гранит тастардан саркофаг қойылып, шағын орындықтар орналастырылды. Әйтсе де, алаңдарлық жай аз емес.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының тарихи-мәдени мұраны пайдалану орталығының мәліметіне қарағанда, сонау тас дәуірінен бастап жаңа заман дәуіріне дейінгі қилы-қилы кезеңді қамтитын 1036 археологиялық ескерткіштер бар екен. Дәтке қуаты жыл сайын жүргізілетін археологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде жаңа деректер табылып, толықтырылып отырылады. Осынау мол мұра ел тарихының ғажап сырлы, қайталанбас құнды кезеңі десек, ешбір артықтығы жоқ. Баға жетпес байлыққа байыпты көзқарас болмағаннан кейін аруақты ата-бабамыздан қалған құнды мәдени мұра объектілері жылдан жылға жойылып келе жатыр. Бұл жайында жаһанға жар салып, дабыл қағып айту перзенттік парыз санатында. Мәдени мұраның жойылуына қауіп төндіріп тұрған жайдың бірі – табиғи, антропологиялық факторлар. Әрине, табиғи факторға тосқауыл болу пенденің пешенесіне жазылмаған дүние. Бірақ, сыры қашып, сыны бұзылып тұрған ескерткіштерді қайта жаңғырту қолдан келетін-ақ дүние. Реставрациялау, консервациялау арқылы ұрпаққа мұра етуге әбден болады. Ал, археология объектілеріне антропогендік факторлардың кері әсер етуіне қарсы тұру қиынның қиыны. Айталық, бағзы замандағы бейіттерден, мазарлардан беймәлім қазына іздеу, ат басындай алтын тауып алсам-ау дейтін алдамшы арман арбағандар өздерінің жөнсіз іс-әрекеті арқылы қымбат қазынаның құнын кетіріп жатқандығын түсіне бермейді-ау.
Бұл мәселені дәуір-дәуірімен бөліп қарастыруға әбден болады. Мәселен, сонау қола дәуірінде қоланы өндіру жалпақ жұрттың бәрінің қолынан келген жоқ. Тіршілік үшін тырбанған олар күнделікті шаруашылық қажеттілігі үшін өз замандастарымен бірге жерленген құрал-саймандарды алмақ болып, қорым қойнауын ақтарды, қорғандарды бұзып, тас-талқан етті. Кейін ондай қажеттілігі болмаса да, көне қорғанның басынан бұлт арыла қойған жоқ. Осы орайда, Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану» туралы Заңының 30 бабын күшейте түссе деген тілек бар. Есте жоқ ескі кезеңнің елесін көз алдыңа әкелетін археологиялық ескерткіштерді қорғау осыны талап етеді. Әйтпесе, қазіргі барымыздан айырылып қалуымыз әбден мүмкін.
Жалпақ жонды былай қойғанда, облыс орталығының іргесі де киелі жерлерге тұнып тұр. Бақандай 36-сы бар. Бірақ, жағдай мақтанарлық емес. Биыл Қазақстан-Ресей халықаралық ынтымақтастық форумын өткізуге оқталғалы ескерткіштерді қалпына келтіру, іргесіндегі ыдырап кеткен шақпақ тастарды қайта жапсыру, сырлап-сылап, жұтындырып қою мақсатында 3 миллион қаражат бөлінді. Бірақ, орталық мамандарының уәжіне қарағанда, көптен бері күтімсіз күн кешкен ескерткіштерді жөндеуге мүлдем жетімсіз.
Дархан даланың төсіндегі жауын мен желден тозған ескерткіштерді айтасыз, қаланың қақ ортасындағы Абылай хан, Шоқан Уәлиханов, Ақан сері, Біржан сал, Мәлік Ғабдуллин ескерткіштері күтімді қажет етеді. Ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, орталық тек бақылау ғана жасай алады. Ескерткіштерді жөндеу жұмысын «Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі атқарады. Атқарылған іске өкпенің көп айтылуы себепті бұл мекеменің назарын осы бір шетін мәселеге аударған дұрыс.
Ұлтжанды азаматтар тарапынан ұмтылыс жақсы. Мәселен, Зеренді ауданындағы Уәлихан мазарына «Азия Агрохим» серіктестігінің директоры Борис Козлов 10 миллион теңгеден астам қаражат бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Осы жұмыс кімге керек еді? Алдымен, өзімізге. Козлов жасаған қамқорлықты жасай алмай отырғандығымыз қандай өкінішті. Осы аудандағы «Рейн» серіктестігінің директоры Александр Сусиннің демеушілігімен Зеренді-Атбасар тас жолының бойындағы Бөгенбай би мазараны апаратын тас жол салынды. 2018 жылы Ерейментау өңірінде Олжабай батыр ұрпақтарының бастамасымен «Қазақстанның киелі орындары» картасына енгізілген жалпы ұлттық маңызы бар батыр жерленген кешеннің құрылысы аяқталды.

Елеусіз қалған ескерткіштерді елеп-ескеріп, қамқорлығына алып отырған азаматтарға алғыстан басқа айтарың бар ма?! Тал шыбықтай таралып өсіп келе жатқан кейінгі ұрпақты мәдени құндылықтарды құрметтеуге, отансүйгіштік сезімін арттыруға игі әсерін тигізетін қымбат қазына бағзы қалпын сақтаса екен дейсің де.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар