Адамзат ойланса етті!..

Адамзат ойланса етті!..

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына арналған Жоғары деңгейдегі іс-шарада сөйлеген сөзінен кейінгі ой-толғаныс.

 Өмір сүрудің өзі қауіпті бола бастады. Жаратқан иеміз сыйлаған сол өміріміздің сызығы қашан біткенше алаңсыз жер басып жүрудің де қаупі күшейе түскендей. Біздің ұрпақ кезінде соғыс болмаса екен деген бір ғана тілекпен өстік. Өйткені, соғыстың зардабын тартқан елде өстік. Соғыстан жараланып келгендерді, өмір бойы сыңар аяқ, сыңар қолмен жүріп еңбек еткен, өмір сүрген аға буын ұрпақтарын көрдік. Әкелері соғыста оққа ұшып, бар ғұмырларын жетімдікпен, сүйікті жарлары сол соғыстан қайтпай қалғандықтан бар ғұмырларын жесірлікпен, туған бауырлары соғыстан оралмағандардың қайғылары мен мұңдарын танып өстік!

Әйтеуір ХХ-шы ғасырдың адам баласына әкелген ойраны мен қасіреті аз болмағаны анық! Сол ғасырдың дүниесі тек соғысу мен қақтығыстар жасауға бейімделіп дамыған іспеттес. Ең аяғы атом ядросының өзі адамзат баласын қыру мақсатында игерілгені де анық. Қырғи қабақ соғыс саясаты тіпті ғылым мен білімді де, ақыл-ойды да, бар ресустарды да тек соғысу мүддесіне жұмылдырғаны да анық. Ендігі қалғаны – жер әлемдегі халықтың санын азайту екен!.. Бұған себеп, жер бетінің астындағы да үстіндегі де ресурстары да бұдан былай адам баласын асырауға жетпейді-мыс деген  желеу айтылып жүргендей…

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына арналған Жоғары деңгейдегі іс-шарада  сөз сөйлегені ең әуелі Қазақстанның, содан соң Тоқаевтың әлемдік аренада аты мен абыройы барын көрсетсе керек.

Президентіміздің: «БҰҰ Жарғысында бекітілген мұрат-мақсаттар бұдан былай кәдеге аспайды деген пікір тарауда. Мен өз елімнің Президенті және БҰҰ-ның бұрынғы жоғары лауазымды тұлғасы ретінде бұл көзқараспен мүлде келіспеймін. Бұған қарамастан, біз үміт отын өшірмей, қайта оны лаулатуымыз керек; ортақ мұрат-мақсаттан бас тартпай, оған қол жеткізу үшін күш-жігерімізге тың серпін беруіміз қажет; анархияға жол бермей, халықаралық құқыққа негізделген қоғамдастық құруды жалғастыруға тиіспіз»,–деген осы бір ауыз сөзі қазіргі әлем тағдырын, адамзат тағдырын шешуге деген   адал ниетті адал ой деп қабылданса керек-ті!

Дүниенің төрт бұрышында қазіргідей дау мен жанжал, қарулы қақтығыстар мен санкциялар, тіпті жалпы адамзатты қырып-жою, аздырып, тоздыру, ұлттық құндылықтар мен мәдениеттерді аяқ асты ету сияқты арам пиғылдар ашық айтылып, етек ала бастаған, бұған қоса  және пандемия бір жағынан қауіпті болып тұрған осы бір сындарлы сәтте Қазақстан Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақылды да парасатты сөз айтуы орынды болды!

Өз тәуелсіздігінің отыз жылдығы қарсаңында тұрған қазақ елі осы кезеңде әлемде бейбітшілік пен тыныштық болуына зор үлес қоса білгендігі жер жаһанға аян.Бұл жайында Президентіміз «Соңғы отыз жылда Қазақстан БҰҰ-ның барлық басты органдарында, соның ішінде, Қауіпсіздік Кеңесінде жанжалдарды реттеу, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, терроризмге қарсы күрес, конфессияаралық және ұлтаралық диалог, теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің мүддесін қорғау сияқты басымдықтарды дәріптеуге атсалысты»,–деп бар ақиқатты айта білді. Және де Қасым-Жомарт Тоқаевтың «өкінішке қарай, өткен 75 жыл ішінде әлемді қайғы-қасіреттен арылтуға бағытталған ортақ мақсаттарымыз бен құндылықтарымызды ілгерілету жолында көптеген мүмкіндікті қолдан жіберіп алдық,–деп тағы да бір ақиқатты ашық мәлімдегені кез-келген мемлекет басшылыры мен саясаткерлерінің есін жинатса еді.

Расында да сәтсіздіктен де, жетістіктен де сабақ алу қағидасын алға тарта сөйлеген және де  «Ал, енді бүгінгі заманның сипатына зер салсақ, көптеген жаңа сын-қатерлер, сондай-ақ қайта етек алған кейбір тәуекелдер бізді өткен кезеңге оралтуы мүмкін екенін байқаймыз» – деген Тоқаев өзінің тоқтамды сөзімен  мультилатерализмнің  зор қатерге тап болғандығын, бұл ахуал қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан бері туындамағандығын еске салды.

Адамзаттың алаң көңіліндегі сөзді де Тоқаев айтты. «COVID-19 індетін ауыздықтау аса қиын болып отыр.  Әлемде жаппай қарулану үдерісі қайтадан белең алып келеді. Стратегиялық даму мақсаттарын жүзеге асыру ісі тұралап қалды», – деп Президентіміздің биік мінберден қазіргі ең бір өзекті мәселені қозғауы да адамзат алдындағы үлкен жауапкершілікті сезінуден туындап отыр деген сеніммен айта аламыз.

Өзім таныған да, таңдаған да тұлғам Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қашан болсын Қазақстанның абыройын асыра сөйлеп, айбынын асыра білетіндігіне еш күмәнім болған емес-ті. Мен әрдайым өз Президентіме сенемін!

                                                                             Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

                                                 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Көкшетау.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *