Белгілі оқиғаның беймәлім қырлары

Илья Жақановтың  «Бір кезде Ақан едім аспандағы…» деген деректі  хикаяты  туралы

Жас кезімізде үлкендер Паң Нұрмағамбет туралы әртүрлі аңыз-әңгімелер айтатын. Шынын айтсақ, коммунистік насихаттың әсерімен үстем тап болып есептелетін бай-шонжарлар туралы теріс қоғамдық пікірді бойымызға  сіңіріп өскендіктен бе, әйтеуір, сол кезде мұндай хабар-ошарға құлақ түріп, ықылас білдіре қоймайтынбыз. Тәрбиеміз солай болды.

 

Кейін білсек, өзіміз туып-өскен Ақмола облысының Ақсу руднигі (қазіргі Степногорск қаласының аумағы) маңында дүниеге келіп, сол жерде мәңгілік қонысын тауып, ел «Паң Нұрмағамбет» деп кеткен Нұрмағамбет Сағынайұлы (1848-1925) қоғам қайраткері, асыл тұқымды жылқы өсірген ірі бай, саятшы, ұлттық этнография-ны  жаңғыртушылардың бірі екен. Меккеге төрт рет барып,  өз қаражатына Шам (Дамаск) шаһарынан қажылыққа қазақ елінен келушілер үшін арнайы үй сатып алған. Ресейдің болашақ патшасы II Николайды  Омбыда қарсы алу рәсіміне қатысып (1891), тақ мұрагеріне 1000 бас  жылқы үйірін, кейін Нижний Новгород, Париж жәрмеңкелеріне қойылып, қазір Санкт-Петербургтің Эрмитажында тұрған киіз үйді жасау-жиһазымен сыйға тартқан.  II жалпы қазақ-қырғыз съезіне (1917, Орынбор) қатысып, Алаш қозғалысына қаржылай көмек көрсеткен.
Алаш жұртының аяулы азаматтарының бірі Паң Нұрмағамбет туралы сөз бола қалса көп жағдайда, өкінішке қарай, оның ел тарихында осындай бедерлі із қалдырған іс-әрекеттері айтылмайды да, ең алдымен, әкесі Сағынайға берген асы тілге тиек болады. Мұның да жөні бар шығар. Өйткені, Ақан серінің желдей жүйткіген Құлагеріне осы аста  қастандық жасалып, соңы қазақ даласын дүр сілкіндірген қайғылы оқиғаға айналғаны рас. Содан бері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, Ақанның тұлпарының  кенеттен қаза болуына нақтылы кім кінәлі деген сұрақ төңірегінде ашылмаған сыр, шешілмеген түйін әлі де бар екендігі жасырын емес.
Құлагер қазасына Ілияс Жансүгіров осы аттас поэмасында кінәлі адам Арғын-Алтай ішіндегі Мұрат елінің арысы – Батыраш деп атап көрсетеді және оның қандай кісі екендігін былай суреттейді:
Нән, жуан, менмен кеуде, намыс ері,
Суық қол Батыраштың жібергені.
Жалт етті жайдың оты жүрегінен,
Кек қайнап, мұз құйылып жүре берді.

Шапшып қан шекесінен шыр айналды,
Сылқ етіп Құлагер ат құлап қалды.
Білген жоқ не болғанын, ес қалған жоқ,
Тек бала жерге доптай домаланды…          
Зиялы қауымның өзі осы деректі бұлтартпас қағидаға айналдырып, ел санасына сіңіре берді. Мәселен, өнер саласындағы белгілі академик, көрнекті композитор Ахмет Жұбановты тыңдап көріңіз.
–Қуандық ішіндегі Батыраш – Қотыраш деген байлардың балалары …бәйгеде алдын бермей жүрген аттары Аққошқар Сайдалының асында Құлагердің шаңына да ере алмай, күпілдеген көкіректері бір басылып қалған-ды. Міне, осылар құзғындай жиналып, Құлагерге қастық жасамақ болады. Ат арқылы халыққа беделі артып, бай балаларынан қадірлі болып бара жатқан Ақан серінің де белін сындырғысы келеді. Топ аттың алдында жалғыз қара үзіп келе жатқан Құлагердің жолын тосып тұрып, Батыраш – Қотыраштың адамдары Құлагерді шоқпармен ұрып өлтіреді (Ахмет Жұбанов. Замана бұлбұлдары. А., «Жазушы», 1975, 77-б.).  
Академик-жазушы Сәбит Мұқанов та бұл пікірді қостайды.  
–Батыраш пен Қотыраш қаныпезер иттер  болса керек. Аттарын бәйгеге қосады да, Құлагерді өлтірмек болады,  … сонымен қысқасы,  …терге балқып келе жатқан тың атпен аңдып тұрғандар қосыла кетіп, ұрады да жығады… Түйдегімен кеп ұрған шоқпардан аттың белі үзіліп кетеді… (Сәбит Мұқанов. Өмір мектебі. 1-кітап. А., «Жазушы», 1970, 209-б.).
Ақын, әдебиетші Әбділдә Тәжібаев, өнер саласындағы белгілі қайраткер Мақсұтбек Майшекин, тағы басқа белгілі-белгісіз көп авторлар республикалық, жергілікті басылымдарда бұл мәселеге араласып, көпшілігі Құлагердің қазасы туралы  жоғарыда айтылған ой-өрімді  қолдап, қоштағаны анық.
Бұған жұрт сенді, иланды. Алайда, сол кездің өзінде басқа  көзқарас болатын, бірақ, пікір таласы болмағандықтан, теріс тұжырым  белең алып, ұрпақтан ұрпаққа жетті. Шындық бүркемеленіп қалды.
                                                 * * *
Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Майра, Мәди, Ықылас сияқты сал-серілер мен әнші-күйшілердің тірлік-тіршілігін, шығармашылығын жүйелі түрде жазып жүрген Илья Жақанов қазақ мәдениетінде өзіндік орны бар Ақан серіні де назардан тыс қалдырған емес. Ақанның көңіл көркейтер сұлу жырларын насихаттап қана қоймай, оның өміріндегі кейбір тұңғиық терең құпияларға үңіліп, соның сырын ашуда жанкештілік көрсетіп келеді. Соның бірі – Құлагер трагедиясы. Ақан серінің тұлпары бұрын ел санасына әбден сіңіп, бұлтартпас қағида болып қалған Батыраштың қолынан емес, шындығында, Барақбайдың және оның қолшоқпары Бөрібайдың жауыздық іс-әрекеттерінен туындаған қайғылы оқиға екендігін Илья Жақанов өзінің «Бір кезде Ақан едім аспандағы…» деген хикаятында бұлғалақтатпай, нақтылы деректермен дәлелдеп шықты! Автор еңбегінің құндылығы да осында.
Ақан серінің әкесі Қорамсаның туған інісі Жандостың ұлы Қасым ақсақал Ақан сері өмірден озғанда 17 жаста екен. Ол Қоңыр ат, Құлагер хикаясын Ақан серінің өз аузынан естіп, көкейге қонымдыларының бәрін жазып отырған. Сол дәптерін көзі тірісінде өнер зерттеушісі, композитор Илья Жақановқа жеткізудің реті келмейді де, баласы Ербаһрам Жандосовқа аманат етіп қалдырады, ол Ильяға тапсырады.
Қасым қария дәптерінің ішінде Ақан серінің басынан өткен шытырман тағдырының бастау көзі болған  Қоңыр атқа байланыс-ты әңгіме, өкінішке қарай, зерттеушілер тарапынан тыс қалған. Сөйтсек, Барақбай шонжардың Қорамса әулетіне деген өшпенділігі Құлагерден бұрын тамырын Қоңыр ат оқиғасынан тартады екен.
Атбасар жәрмеңкесінде Барақбайдың қарагер құнанға көзі түсіп, сатып алғысы келеді. Ал, байдың шабармандары «мынауың ойнақшып тұр, заты арақ ішкен сығанның малы шығар» деп келеке қылады. Сонда саудагер Баттал: «Бұл сатылмайды, жөндеріңе жүре беріңдер!.. Қореке (Қорамса) екеуіміз дос-жаранбыз, сенің Ақан деген бұлбұлың бар, екеуіміздің арамызға сауда жүрмейді, соның бәсіресі болсын, қарагер құнан сенікі!» – деп бір-ақ кесіпті.  Мұны естіген Барақбай Қорамсаны заһарлы көзбен шығарып салыпты.
Ағайынды Нұртаза, Сүлейменнің біреуі болыс, екіншісі саудагер. Бұлар Барақбайға тәуелді, айтқанын бұлжытпай орындайды. Бірде ол Қорамсаның Қоскөлін жағалап, жанынан жұлдыздай ағып өткен Қоңыр ат екенін біліп, Сүлейменге қайтсе де «маған сатып әпер» деп тапсырады. Мұны білген Қорамса: «Бопты. Барақбайға сұрағанын берейік, бірақ, Ақан Қоңыр атпен бірге кетеді» дейді. Барақбай болса «Қорамсаң мені осымен екінші рет жерге қаратты. Көздің құрты болған сол қарагер құнан… мына Қоңыр ат бұйырмады маған. Жердің үстімен келіп, астымен қайтіп барам!» депті терісіне сыймай шытынап.
Айғай-шу, дау-дамай кейде аяқ астынан шығады. Осындай келеңсіз жағдай Ақан серінің қайын-жұртына босаға аттауға барғанда бола қалғаны. Сұлушоқы деген жерде отау тігіліп, ойын-сауық, тербетілген алтыбақан, құлақ құрышын қандырған ән-күйге жалғасып жатқан. Ойда жоқта той-думанның үстіне қасында жалақтаған жігіттері бар Жүсіп төре келе қалды. Келесі күні атжарыс болып, бұған төрелер де қатысады. Жүсіп межеге алдымен жеткен Қоңыр атқа сұқ көзімен қарап, жігіттеріне тиісіп, тойдың берекесін кетіріп, ақыры ұрыс-керіске ұласады.
Төрелер ширатады есіп мұртын,
Алмайды еш теңдікке елі-жұртын.
Әдейі іздеп келіп, салдың әлек,           
Қампиған неге керек сенің сыртың,
 – дейді Ақан бастырмалатып қоймаған соң.
«Мені түлен түртіп келген екем… Есте жүретін іс болды бұл!..» – деп аққұба реңінің қаны қашқан Жүніс жарылып  кете жаздайды.
Бұл жалпы төрелерге емес,  тікелей Жүсіп мырзаның өзіне ғана айтылған сөз еді.  Ал, оның қалай түсінгені  беймәлім.
Ақыл тоқтатып, келісіп істеген шаруаға не жетсін. Бірақ, пиғылың қанша дұрыс болса да, кейде қиюы үйлеспей-ақ қалады. Шөбек байдың  Бегалысы үлкен ұлы Оразалыға Ақан серінің апасы Айшаны алып бергісі келеді. Құдалық басталып, екі жақ келіскендей болып еді. Сол-ақ екен, Бегалы мырза Қоңыр атты сұрайды. Ақан сері: «Сіз осы адам алуға келдіңіз бе, жоқ,  әлде ат алуға келдіңіз бе? Екеуінің сізге қайсысы қымбат, Бегалы мырза? – деп бұлан-талқан болып, шап ете түседі.  
Көкше жерінде Шұғыл Бәйгес деген мырза әкесіне ас бергендегі бәйгеде екі жүз аттың ішінде қарақшыдан құйысқан тіресіп, екі ат өтеді.   Алдыңғысы –  Қоңыр ат, екіншісі Бегалының Бозшұбары. «Бас бәйге менікі! Бозшұбардікі!» –  деп Бегалы аюдай ақырып, бұрқырап тұрады. Бірақ, үлкен сыйға Қоңыр ат ие болады. Кейін Ақан сері Бегалының: «Иә, Құдай, жан қып жаратқаның рас болса, не мені, не Қоңыр атты ал!» – деп қарғағанын естіпті.
Ақан сері бірде Сырымбет жағына келеді. Жанында өзінің сері тобы. Мұсаның үйіне түседі. Төрелер ауылында  әркез болатын жиын-той. Келесі күні бұл отырыс Жүсіптің үйінде жалғасады. Алма-кезек ән салып, ойын-күлкі аралас тамаша отырыс. Күн еңкейе біткенде жұрт желпініп далаға шықса, Қоңыр ат өліп жатыр. Әртүрлі пікір. Іштен тынған жұрт Қоңыр ат өлімін Сырымбеттегі төрелерден көреді.
* * *
Қоңыр ат оқиғасының біртіндеп қалай өрбігенін және бұған күдікті деген адамдардың кейін Құлагер қазасына да қатысы барлығын Илья Жақанов өзінің кітабында жазады, деректер келтіреді.
Ақан сері Қоңыр аттан айырылып, іштей күйзеліп жүргенде туған нағашысы, Көкше өңірінің белгілі атбегісі Елторы жылқы өсіріп, мал сатуды кәсіп қылған ағасы Шөкетайда өздері Құлагер деп атайтын құнан бар екендігін, түбінде Қоңыр атыңды сол ауыстыра алады деген тұрғыда ақыл айтады. Бұған ағасы келіседі. Шөкетай құнанды жиеніне береді, бірақ «сақ бол», «бұған көз тіккендер көп» деп ескертуінде терең сыр жатқан еді.  
– Омбыға жүрер алдында Қызылағашта Сүтемген байдың әулетінде сүндет тойы болып, сонда Бегалы кездесіп, ай жоқ-шай жоқ, «Сенде бір құнан бар екен сататын. 25 сом беремін. Маған сат!» –  дейді. Бегалының бізге суық ниеті белгілі. «Кер құнанға 100 сом берсең де сатпаймын» дедім шіреніп. Бетінен түгі шығып, бірдеңені күңк етіп, қолын бір сілтеді де, бұрылып ала жөнелді. Кейін естідім, оны жұмсаған Барақбай деген дөй екен. Сүлеймен мен Бегалының ойы – Құлагерді соған алып беру. Кезінде Қоңыр атты ала алмай, құсалы болған сол Барақбай. Ішіне қан қатқан оның, әйтеуір, әрекеті солай болып тұр, –  дейді Шөкетай (73-б.).   
Нұртаза болыс Көкшетауда Ақанмен кездейсоқ кездеседі. Ол көріп тұрып, байқамағандай дүрдиіп, сырт айналып кетеді. Сонда Ақан:
Сен неге қарамайсың, жаман болыс,
Кеше де болған жоқ па еді ағаң болыс.
Үлкенге сәлем-тағзым қылмап па еді,
Шомат пен кешегі өткен Шопан болыс.           
Астыңа сүннет атын мінгізермін,
Көкшеде басын қосса тамам болыс,
–  деп келетін жыр жолдары елге тарап кетеді.  
– Сөз сүйектен өтеді, Қореке, атыңды сұраса да, жеріңе қол салса да, Нұртаза мен Сүлеймен Ақанның дәл осы сөзі үшін есе қайтарады. Ол сөз олардың жүрегіне өшпенділіктің беріші боп байланды дей бер. Олардың енді іші жылымайды, – дейді Шөкетай (77-б.).
Ақан сері  мен Елторы Құлагерді сентябрь жәрмеңкесіне қосамыз деп мәпелейді, баптайды. Құлагер 250 аттың ішінде жайраңдап жеке дара келеді. Қазан айында өткен Омбыдағы Қаржастардың асында Құлагер үш жүзден асқан аттың алдынан шығады. Сол уақытта Әкімбек деген ірі болыстың үйінде игі жақсылардың бір отырысында Әлібек батыр Әкімбекке бұрылып: «…Ақан серінің күні кеше Қоңыр атқа мініп, ел көңілін әнмен желпіп жүргенін кейбіреулер көп көрді. Соның бірі – Барақбай. Бізбен жұлдызы жараспайды. Сол Барақбай енді Құлагерге көз тігіпті. Көзі шықсын! Осыны есіңе салғаным, Әкімбек», –  дейді.
Керей жыршының асында ат бәйгесі болады. Жұлдыздай ағып өткен Құлагер алдындағы дүркіреген жұрттан үркіп, тізгінді шірене тартқан Тілеубайға бой бермей, қарақшыны қиып өткен. «Құлагер! Құлагер!» – деп даурыққан көпшілік дауысы кең даланы жаңғыртады. Екінші болып Әлібектің Бәйгеторысы нысанаға жеткен. Сол кезде «Құлагерге бәйге жоқ, қарақшыдан бұрыс кетті, бұрыс! –  деп ақырған Барақбайдың дауысы ерекше шығады.  
–Атың бесінші боп келді, неге бүлініп тұрсың, Барақбай?! – деген Әлібек батырдың үні саңқ етті.
Бас бәйге Құлагерге берілді.
Қыпшақ еліндегі асқа Ақан сері тобын әдеттегідей Әлібек бастап барады. Күндік жерге бәйгеге қосылған аттардың ішінен тағы да мәреге Құлагер бірінші боп жеткен.  
* * *
Ақан серінің Құлагеріне деген өшпенділік қалай басталды, тұлпар неліктен мерт болды және бұған кімдер кінәлі деген сұраққа ең алғаш жауап іздегендердің бірі Мағжан Жұмабаев еді. Оның «Ақан сері» деген зерттеу мақаласы «Сана» журналының 1923 жылғы бірінші санында жарияланды. Ол: «…Ақан мен Құлагердің аты бірге шығады. Ақан қолында Құлагер Арқаның талай зор астарында аузымен құс тістеген сан жүйріктерден озып жүреді. Арғын-Алтай Аққошқар-Сайдалының (Сайдалысының) асында Құлагер 300 аттан жеке дара келеді. Бірақ, сол аста бір көңілсіз әңгіме болып қалады. Құлагердің артынан Барақбай дегеннің Кетеберкөк деген аты келе жатады. Белгі алуға шыққан Барақбай құлдырап келе жатқан Құлагердің шылауынан ұстаңқырап қалса керек, мұны көріп тұрған Ақанның Барақбайға тілі тиеді. Осы оқиғадан Барақбайдың ішінде Ақанға қарсы кек қалады…» – деп жазады (Мағжан Жұмабаев. Көп томдық шығармалар жинағы. 3-т. Алматы, «Жазушы», 2005, 196-б.).
Осыған орай, Илья өзінің кітабында Қасым қарияның дәптерінен алынған түсініктемені береді. Зерттеушілер көзіне көп іліне қоймаған осы оқиғаға назар аударып көріңіз.
«Аққошқар-Сайдалының асы да ел ішінде көп сөз боп гуледі. Сұрапыл шабыста Құлагер өзінен кейінгі аттарға шаңын көрсетпей, оқшау шығып алып, сілтеп келе жатқанда соңғы бір дүрмектердегі аттардың ішінде Барақбайдың да аты көрінеді. Осы сәтте Әлібек пен Ақан серінің қасында тұрған Барақбай даяғашы жігіті Бөрібайды қамшымен тартып-тартып жіберіп: «Неғып тұрсың, сүмірейіп?! Сүйрет! Тарт ана атты!» –  деп ақырып қалады. Ақан сері мына сөзге елең етсе де, байсалды қалпы: «Әне, приставың тұр… ережеде ат сүйрету бар ма еді?» –  дейді Барақбайға. Барақбай шегір көзі шақшиып: «Бақалшы Қорамса… соқыр тиыннан напақа жиып, қомпиған алыпсатар Қорамсаның пері соққан әулекісі, жайыңа тұр!» –  дейді.  Мына сөзге шатынап, шарт кете жаздаған Әлібекті Ақан сері ұстай алып: «Батыр аға, Барақбайға сіз айтатын сөзді өзім айтам. Сізге сабыр…
Атасақал аузыңа біткен жасыңда ей, көргенсіз, Барақбай, ел алдында қадіріңді кетірмей, алжымай жүр! Әкем Қорамса сен сияқты ұры-қары жұмсап мал тауып көрген жоқ. Қорғанға, Түменге, Омбыға  жытырған жаутаңкөз жұрттың жылқысы түбінде сенің молаңды тепкілеп, өгіздері көріңде өкіртеді. Бір кезде менің Қоңыр атыма сұқты көзіңді қадап, ала алмап едің, құсалы боп, енді Құлагер ішіңді күйдіріп жүр. Қыр соңымнан қалмаған Барақбай, қамшы сілтеген олай емес, былай» –  деп Ақан сері Бөрібайды қақ бастан тартып өтеді.
Бөрібай күректей алақанымен басын сипалап, саусағының арасынан қан тамшылап: «Осы қан есіңде болсын, Ақан! Қан жылатам!» – дейді. Барақбай да: «Ә, Ақан, Бөрібайдың осы сөзін ұмытпа!» –  дейді қанын ішіне тартып.
Қасым қария өз қолымен осылай деп жазған екен. Ал, Мағжан Жұмабаев болса жоғарыдағы сөз болған зерттеу мақаласында өзінің ойын былай түйіндейді: «…Керей Сағынайдың асы болады. Ақан сол асқа Құлагерді қосады. 323 аттың алдында Құлагер жұлдыздай ағып келе жатқанда, анау Сайдалы асында ішіне қан қатқан Барақбай Құлагерді көлденеңнен соқтырып өлтіреді. Асқа жиылған құмырсқадай қалың ел шуылдасып, гулесіп, бәйгесін алып, ойын ойнап жатқанда, Ақан мидай далада жолдасы Құлагердің басында кәдімгідей мөлдіретіп көзінің жасын төгіп отырады».
***
1936 жылдың ноябрь, декабрь айларында «Социалистік Қазақстан» газетінде Ілияс Жансүгіровтың  «Құлагер» поэмасы жарық көреді. Мұны оқыған Алтайдың Мұрат елі Ақан сері мен Батыраш арасында ешқандай  түсініспестік болған емес, Ілиястың мұнысы несі деп аң-таң. Дүрліккен ел зорға тоқтайды. Батыраштың немересі Шөпбайды «бұл қателік жөнделуге тиіс!» деп Алматыға жібереді. Ол Ғабиден Мұстафинге жолығып, жазушылар ішінде де кереғар пікір бар екенін біледі. Екеуі Сәкен Сейфуллинге келгенде ол: «Болар іс болды. Басыңды тауға да соқ, тасқа да соқ, жағдай осылай болып тұр. Дүрлікпеңдер. Заман да өзгереді, заң да өзгереді. Ессіз дүние жоқ, әр нәрсенің сәті келеді. Ақиқат еш уақытта өлмейді, заманның бір оңтайлы кезеңінде Құлагердің өліміне еш жазығы жоқ Батыраштың да күні туады. Ел ішін гулете бермеңдер. Менің айтар сөзім осы!» депті (126-б.).
Құлагер қазаға ұшырап, қарақшыдан Батыраштың Қайқыкүреңі бірінші боп өткен соң бас бәйгеге талас болып, дау туындайды. Анық-қанығына жетпей жел сөзге үйір жұрт содан кейін «Құлагер өліміне Батыраш кінәлі екен» деп сөз таратады. Ілияс осы лақапқа сүйенсе керек. Мағжан Құлагерді өлтірген Барақбай деп жазды,  неге бұл  ескерілмеген? Біздіңше, Ілияс мұны білсе де,  бойын Мағжаннан аулақ ұстаған сияқты. Себебі белгілі. Байшыл, ұлтшыл деген атаққа ұшырап, НКВД-нің бақылауында жүрген адамның не жазғанын ескермек түгіл, есімін атауға болмайтын заман еді.  Мәселен, ол 1922 жылы елден кетіп, Ташкент сағалайды, сосын Мәскеуді паналайды. Мұнда Ташкентте шыққан (1923) өлеңдер жинағы қоғамдық сотта талқыланып,  зиянды еңбек деп бағаланады, бұдан былай баспасөзде Мағжанға орын берілмесін деп ұйғарылады. Елге келгенде де тыныштық көрмейді. Он жылға сотталып (1929), М.Горькийдің көмегімен бостандыққа шықса да  (1936) қуғын-сүргіннен құтыла алмайды. Қайтадан ұсталады, сосын НКВД көзін біржолата құртады.  «Қара тізімге» іліккен Ілиястың да жағдайы оңып тұрған жоқ еді. Абақтыға қамалып (1937), іле-шала ол да атылып кетті.  
Ақан серінің өз туысы Қасым Жандосов ақсақалдың қоңыр дәптері, Мағжан Жұмабаевтың зерттеу мақаласы, Кәкен, Қабдуали мырзалар мен Батыраштың шөбересі Төкен Көккөзов қария шерткен сырды қорытып, саралай келе жазушы, өнер зерттеушісі, композитор Илья Жақанов Құлагер мерт болған 1886 жылдан бері Батыраш үрім-бұтағына жабылып келген жалған жаланы толық теріске шығарды. Шындықтың шырағы сөнбейді деген осы болса керек. Осы кітапқа жазған алғысөзінде профессор Серік Негимов ініміз «бұдан былай Батыраш – Қотыраш әулеті, зәузаты, жұрағаты еңсесін тік ұстап, әділдік тұғырына жайғасып, келешектің көкжиегіне аршынды қадам баса бермекші», –  деп жазыпты. Біз де бұл тұжырымды қолдаймыз, қоштаймыз.

Амантай КӘКЕН.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар