Биіктік құдіреті

Тамылжыған тамыз айы. Жадыраған жаз өтіп кетпей тұрғанда сексен жастағы Тілек ағамызбен Көкшетаудың ең биік шыңына шығуға сөз байластық.

Белгілі жазушы Болат Бодаубай да тәуекелмен соңымыздан ерді. Аптап күн ыстық  болғандықтан, кешкілік «Оқжетпес» шипажайынан шықтық. Алдында тау шатқалына дейін техникамен барамыз ба деп жоспарлаған едік, оның да реті келмей бірден жаяу тарттық.
Әңгіме-дүкен құрып тау етегіне тез жеткендейміз. Аллаһ жар бола гөр деп, сағаттың тілі алтыға жеткенде тауға қарай өрмелей бастадық. Айтуға ұмытып кетіппін, арамызда үшінші көкеміз болған. Ол кісінің денсаулығы біраздан кейін сыр бере бастаған соң кері қайтуына тура келді. Алғашқы қарқынмен жарты жолды өңгеріп тастадық. Толып жатқан дөңбешік тастарға жеткенде аяқ суытуға ден қойдық. «Нартаймын, Нартай да болсам қартайдым», – деген жасқа жеткендіктен, дем алу «стансасын», тоқтау аялдамасын жиілете отырып, үш сағат шамасында құзға да жеттік.
Қуанышта шек жоқ. Жиырма минут фото, бейне суретке түсіп, рекорд жасағанымызды, ақиқат айғақпен дәлелдеуге тырысып бақтық. Енді, көп ұзамай, ымырт жайылып, тастай қараңғы болатынын ескеріп, төмен қарай құлдиладық. Дәл осы тұста, сексен жастың сеңгіріндегі Тілек ағамыздың он бес жастағы немересі Ерлан ұялы телефонының шамымен бізге көмектесе бастады. Белгілі қаламгер Болат ағамыз да құр алақан емес екен. Қалтасынан жарық беретін затын алып шығып, нұрға нұр қосты. Түн болғандықтан, қатты қиналдық. Қиямет-қайым дәрежесіне дейін жеттік. Жолбасшылық қызметімде өмірімде бірінші рет қауіпті де қауырт шақ туғандықтан, өкіне бастадық.
– Әй, бәлем, осы жолы дем алушыларымды аман-сау шипажайға апарсам-ау! Келесі жолы ешкімге бұлай жолбасшы болмаспын, – деп өз-өзіммен сөйлесіп келемін.
Қайдан! Екі күн өткен соң Әлия мен Сәния атты қарындастарымды тағы да сол асқақ межеге көтердім.
Иә, әлеумет! Жаз болса, Бурабайда «отыз күн ойын, қырық күн тойы» дегендей, өмірдің қызығы қайнап жатады.
Оу, жамағат! Табиғаттың құдіретін көру үшін осы жер жәннатына келіңіз, тауға шығыңыз!
Мейман қонақтарыңыз биылғы демалысында жасаған осы бір кішкентай ерліктерін Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойына арнап, пейіштің өзіндей сұлу өңірден үлкен әсерлерімен үйді-үйлеріне бірін-бірін қимай аттанысып кетті.
Құлпейіс БАЛҒАБАЙ,
тынығушы.  
«Оқжетпес» шипажайы,
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар