Құрбан айт қабыл болсын!

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті бауырлар! Баршаңызды мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!
Халқымыздың сан ғасырдан бергі саналы ғұмырында рухани тірек болған асыл дініміздегі айтулы мереке – Құрбан айт мейрамы айрықша аталып келеді. Ұлттар мен ұлыстарды бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге бастаған мүбәрак мейрам – Құрбан айт құтты болсын!
Айт – ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге үндейтін ұлық мереке. Бұл күндері барша мұсылман ізгі амалымен Алланың разылығына бөленеді. Айт күндері қасиетті Меккеде қажылық парызын өтеп жатқан мұсылман үмбеті Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады.
Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады. Алланың разылығы үшін құрбан
шалу – пенденің иманын күшейтіп, тақуалығын арттырады. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» («Хаж» сүресі, 37-аят) –  деп баяндалған.   
Мүбәрак мейрамның құрметі үшін барша жамағатты, азаматтарды мүгедектер, жетімдер мен жесірлер, әсіресе қараусыз қалған ата-аналарға қайырымдылық жасауға шақырамын. Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымызды және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін!  

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти.

 

 

 

Құрметті ақмолалықтар!
Сіздерді Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде барша Қазақстан халқы ұлы мереке Құрбан айт мейрамын тойлауда. Әлемдегі барлық мұсылман халқының ең басты мерекесі болып табылатын осы бір шуақты, ізгілікті мейрам өзінің мән-маңызымен ерекшеленеді. Ең алдымен, бірлік пен берекенің, достық пен адамдардың бір-біріне деген жанашырлығының жарқын көрінісі болып табылатын жасампаз мереке замандастарымыздың көкірегіне шуақ дарытып, пейілдерін ізгілендіре түседі.
Құрбан айт мерекесінің жалпыхалықтық
сипаты басым. Бұл күні ел төңірегіндегі мұқтаж жандарға жіті көңіл аударып, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға ұмтылады. Біздің мемлекетімізде әртүрлі діни көзқарастар мен наным-сенімдер бейбіт даму үстінде. Мешіттер мен шіркеулер, костелдер мен синагогтар тату көрші. Бұл ең алдымен елдегі бірлік пен ынтымақты, жарастықты көрсетеді. Жаңадан ашылған орталық мешіт тек мұсылмандар қауымы үшін ғана емес, барлық ақмолалықтар үшін маңызды шара болды. Науан Хазірет есімі берілген имандылық үйі халқымыздың өз дәстүріне берік екендігінің жарқын мысалы.
Құрметті жерлестер! Құрбан айт мерекесі Сіздерге күн нұрындай шуақ, сарқылмас қуат сыйлауға жазсын. Жүректеріңізде бейбітшілік пен ынтымақ сезімі бүр жарып, денсаулықтарыңыз нығайып, табыс молайып, бірлігіміз арта берсін!
Сергей КУЛАГИН,
Ақмола облысының әкімі. 

 

 

 

Құрметті ақмолалықтар!
Баршамызға Құрбан айт мүбәрак болсын! Тамыры тереңге кеткен, барлық әлем мұсылмандарының негізгі мерекесі болып табылатын Құрбан айт – әр үйге, әр отбасына бақыт, мол қуаныш әкелетін мереке, ал біздің көпұлтты еліміз үшін игілік пен мейірбандықтың, ынтымақ пен бірліктің мейрамы.
 Біздер үшін әртүрлі ұлт өкілдерінің өзара түсіністігі баға жеткісіз құндылық. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық бүкіл мемлекеттік саясатымыздың негізі. Бүгінгі этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басты стратегиялық басымдығы болып табылады.
Құрбан айт мерекесімен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, сүйікті Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігін арттыру жолындағы еңбектеріңізге жаңа табыс тілеймін!
Дулат НҰРМОЛДИН,
Ақмола облыстық
мәслихатының хатшысы.

 

 

 

Қадірлі  жамағат!
Мұсылман  қауымы үшін екі ұлық мейрамның бірі Құрбан айт мерекесі. Аталмыш мерекені мұсылмандар шат-шадыман болып қуана тойлап, бірін-бірі құттықтап өткізеді. Сондай-ақ, адамдар туған-туыстары мен көрші-қолаңдарын шақырып, құрбандық шалып айттау үрдіске айналған.
Алла Тағала «Сендер жақсы көрген нәрселеріңді жұмсамай жақсылыққа кенелмейсіңдер» деп құрбан айтында ең маңызды ғибадат  шамасы келген адамға құрбандық малын  шалып,  шариғат бойынша тарату екендігін жеткізді. Пайғамбардың (Алланың оған сәлемі болсын) хадисінде «Парыз амалдан кейін Аллаға ең сүйікті амал мұсылманның жүрегіне қуаныш ұялату» деп атап көрсетілген. Аят пен хадиске амал қыла отырып, Алланың разылығын алуды нәсіп етсін.  Құрбан айт мүбәрак болып, ниеттеріңіз қабыл болсын!
Қанат ҚЫДЫРМИН,
ҚМДБ-ның Ақмола облысы
бойынша өкіл имамы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар