Көкшелік алты ақынның жыр жинақтарының таныстырылымы болды

Көкшелік алты ақынның жыр жинақтарының таныстырылымы болды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен «Көкшетау қаламгерлері» сериясы бойынша жарық көрген алты ақынның  кітаптарының тұсаукесері Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының коворкинг орталығында болып өтті.

«Көкшетау қаламгерлері» сериясымен Қайырбай Төреғожаның «Көкжиек», Ерболат Баятұлының «Уақыт шеңбері», Ұлмекен Тыныштыққызының «Мен күткен көктем», Абылай Мәуленнің «Лабиринт», Табысбек Үсеннің «Боз жусан» кітаптарымен қоса, Алмас Темірбайдың 320 беттік «Жекебатыр» жинағы оқырманға жол тартты.
Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова мен жазушы-драматург, мемлекет қайраткері
Жабал Ергалиев жаңа кітаптардың тұсауын кесіп, лентасын қиып, құттықтау сөз сөйлесе,  Жанайдар Мусин атындағы жоғары педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, белгілі өлкетанушы  Мұрат қажы Ыдырысов жүрекжарды ақ тілектерін жолдады.
Сондай-ақ, тұсаукесер рәсіміне облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова, облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Бекназарова және  көкшетаулық зия-
лы қауым өкілдері қатысты. Өз кезегінде жыр жинақтарының авторлары кітаптарының шығуына қаражат бөліп, қолдау көрсеткен өңір басшысы мен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысына және осы игі істің басында жүрген жанашыр азаматтарға ризашылықтарын білдіріп, өлеңдерін оқыса, облыстық филармонияның әншісі Шыңғыс Сәрсенбай әннен  шашу шашты.
«Көкшетау қаламгерлері» сериясымен тұңғыш жыр жинағы жарық көрген біздің әріптесіміз Ұлмекен Тыныштыққызы:
– Жалпы мені өнерге баулыған, Арқаның ақын сазгері атанған әкем Тыныштық Шаменов еді. Өлең маған әкемнен дарыған қабілет. Менің журналистика саласында еңбек етіп жүргеніме жиырма жылға жуықтап қалды. Жастайымнан өлең жазып жүргеннен кейін, қалай дегенмен де, бір жыр жинағын жарыққа шығарсам деген ой жүрегімді мазалайтын. Аталмыш тың жоба менің сол асқақ арманыма жол ашты. Осы орайда қабілетіме қанат бітіріп, шабыт сыйлаған, алғашқы кітабымды ақылдастар алқасына ұсынып, алғы сөзін жазып, ақ батасын берген Жабал Ерғалиев ағама алғысым шексіз, – деген ол осы басылымдардың шығуына атсалысқан барша жанашыр жандарға ризашылығын айтты.
Арқа төсінде оның ішінде киелі Көкше елінде әдебиет пен мәдениетке, жалпы руханиятқа деген құрмет-қошеметтің биіктігі әрқайсысы мың данамен  жарық көрген алты ақынның кітабынан-ақ айқын аңғарылады. Осы алты кітаптың уақытында түрлі-түсті, қатты мұқабада, сапалы басылып шығуына жанашырлық танытып жүрген талантты  қос ақын Қуаныш Оспан мен Мерген Тоқсанбайға авторлардың ғана емес, оқырмандардың да ризашылығы шексіз.
Жалпы, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысқан салтанатты шарада өңір басшысының жас таланттарды қолдауының маңыздылығына куә болып, әдеби мұрамызды жалғастыруда ақындарға деген құрметтің ерекше екендігіне куә болып қайттық.
Шығармашылық кештің соңында қатысушыларға ақындардың кітабы таратылып, ескерткіш суретке түсіп, игілікті істің дәстүрлі жалғасын табарына зор сеніммен тарқастық.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *