Қазақ білсін!

Қазақ қыз-келіншектерінің ұлттық киімдері

Шылауыш дегеніміз кимешектің үстіне тағылатын үлкен ақ орамал. Осы шылауышты төбелдірік атты ою-өрнекпен кестелеп, оны қымбат тастармен әрлендірілген түйреуішпен қадап қоятын. Кимешек аса ыңғайлы бас киім екенін дәлелдейтін факт, әйелдердің кимешек киіп түрлі үй жұмыстарын атқарғаны, олардың осы бас киімді киіп тойға, қонаққа аттануы, яғни, әрдайым оны киюі. Үстіне киетін киім туралы жалпы айтқанда, құрсақ көтерген әйел киімдерін молдау қылып тігеді, бірақ қызбен салыстырғанда әшекей саны азырақ болады. Көйлектер жайлы айтсақ, егер әйел әлі де жас болса, оның киімі өзгеріссіз қалады. Әйтсе де, өңірі бүрмеге дейін ашық, оның асты-үсті әдіптеліп сырып өрнектелетін көйлектер де бар, киімнің мұндай ашықтығын «қақпа» деп атайтын. Ана болған әйел осы қақпа арқылы бала емізетін. Егер де әйел орта жасқа келіп қалса, ол біраз бостау киім-кешек киетін, белі мен жеңі кең болып бүріледі және де бұрынғыдай қос етек емес, тек қана бір етегі бар көйлек. Бала туған келіншектер көйлектерінің жақтарын жас қыздар сияқты оқаламайды, жай ғана кестелейді. Аяқтарына көбінесе мәсі киетін.
Мәсі былғарыдан тігіледі. Мәсінің сыртынан кебіс не ластық киілуі қажет. Бұл аяқ киім өте жұмсақ және жеңіл, сол себепті де оны кию өте ыңғайлы деп есептелген. Ал, әшекей бұйымдарды қарастырсақ, олардың саны да, маңызы да жыл сайын артатын. Нақтылап айтсақ, әйелдің орта жасқа таяған сайын оның көбірек жүзік, сақина, білезік таққаны абзал болып есептеледі. Әшекей бұйымдардың да салмағы, бағасы ақырындап арта бастайды.

Әжелердің киімі. Қазақ әжелерінің киімі басқа әйелдерден өзгеше болатын. Бастарына киетін кимешек ешқандай ою-өрнексіз, тек қана аппақ матадан болатын. Бірақ, мұндай кимешек киген адам аса қадірлі және құрметті болып есептелген еді. Қазақ халқының бұрынғы нақылы бар ғой: «Кимешек қартайтпайды, марқайтады»  деген, дәл сол нақылға сүйеніп отырып әжелерімізді аса ардақты адамдар деп айтсақ қателеспес едік. Аса қарт бәйбішелер шалма да киетін. Шалма дегеніміз еркектер мен әйелдер басына орап қоятын матаның бір бөлігі деп айтуға болады. Әжелер ашық түсті шалма тақпаған. Егер қарт әйелдердің киімі жайлы айтсақ, олар неғұрлым етекті және де мол қаусырмалы, үлкен қалталы болатын. Осы қалталар керекті заттарды салып қою үшін әдейі тігілетін. Көйлектері жас келіншектердің киімдерімен салыстырғанда бос, қос етекті емес болған, соңымен қатар аса ашық түсті, яғни, сары, қызыл, жасыл сияқты болмаған. Ою-өрнек, не моншақ пен асыл тастар көйлекке қадалмаса да, басқа әйелдердің көйлектеріне тән оқалы жақ болған. Қарт әйелдердің үстіндегі қамзол болса аса бай оқалы өңірмен безендірілген. Қамзолдары қымбат, сапалы матадан тігілетін, көбінесе көк не жасыл түсті болатын. Олардың әшекейлері көбінесе тана және жылтыр болатын. Қалталарына күміс тіс шұқығыш пен күміс тарақтарын салып алатын. Жас қыздар сияқты шаштарына әрлендірілген шолпы тақпаған және де алтын-күміс алқа салмаған. Ал, асыл тастары бар білезік, ауыр алтын сырға, сақина, күміс түйме, теңге сияқты әшекейлі заттарды басқа әйелдер сияқты таға берген. Әжелер аяқтарына кестеленген мәсі не көксауыр кебіс киетін. Қарт адамдар суыққа аса сезімтал болғандықтан аяқтарын жылуда ұстау үшін байпақ киетін. Байпақ ол, айтылып кеткендей, киізден тігіліп, етіктің ішінен киілетін аяқ киім түрі. Оның ұзындығы әдетте тізеге дейін болады, себебі байпақтың қонышы етіктің қонышынан қысқа емес, керісінше ұзынырақ болуы тиіс. Қарт әйелдердің киімдері көбінесе қымбат және қалың матамен тысталатын.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар