Балықшының қола дәуірінен олжасы

Көкшетау тұрғыны Камиль Усманов балық аулау кезінде қола дәуіріндегі Андронов мәдениетіне жататын керамикалық ыдыстардың сынықтары мен сүйектерді тауып алды.

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұржайының директоры Қуаныш Шақшақовтың айтуынша, 35 жастағы тұрғын көне жәдігерді демалыс күндері достарымен бірге Шағалалы су қоймасына балық аулауға барғанда тапқан.
– Су қоймасының жағасында жүргенімізде топырақты су шайып, опырылып түсті. Сол кезде топырақтың астынан сүйектер шықты. Бұл мені қызықтырды, осындай жерлерден тарихи ескерткіштер табылатынын оқыған едім. Бастапқыда төрт тіс таптым. Маған ол өте үлкен көрінді. Кейін біз Березовка жағына бардық. Ол жерде су қоймасының өзенге құятын тұсында биік жар бар. Сол жерде біз керамикалық ыдыстардың сынықтары мен ұсақ моншақ таптық, – дейді Камиль Усманов.
Ер адам тапқан тарихи құнды олжаларын облыстық тарихи-өлкетану мұржайына тапсырған. Ондағы мамандар көне жәдігерлер қола дәуіріне тиесілі деп отыр.
– Табылған керамикалық ыдыстардың сынықтарында геометриялық оюлар бар. Сол себепті, біз оны шамамен Алакөл мәдениетіне тән деп отырмыз. Біз барлық археологиялық ескерткіштердің мәліметтерін қарап шықтық. Олардың арасында осындай жерлеу рәсімі тіркелмеген екен. Оның ерекшелігі топырақпен жерлеу рәсіміне жатады, мүрде үстінен көмілмеген. Қасында қола дәуіріндегі тұрақ болған. Мен өзім оны осында жерленген деп есептеймін. Өйткені, ол жай адам емес, шаман немесе көсем болуы мүмкін. Сол себепті, тұрақта рухы қорғаштап жүрсін деп жерлеген сияқты, – дейді мұражай директоры Қуаныш Шақшақов.
Алдағы уақытта көне жәдігерлер табылған аумақта зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар