Жол ережесі тәртібі – бейнебақылау назарында

Жол ережесі тәртібі –  бейнебақылау  назарында

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс бабымен Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығында болып, «Автоураган» жол қозғалысы жылдамдығын бақылау жүйесімен танысты.

«Смарт сити» жобасын жүзеге асыру шеңберінде облысымызда 25 бейнебақылау камерасы және 10 «Автоураган» станционарлық кешені орнатылған. Полиция департаменті тарапынан аталмыш кешен жұмысының іркіліссіз істеуін қамтамасыз ету бойынша шаралар мен мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда аталмыш жоба шеңберінде Көкшетау қаласында 169 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 144-і жылжымалы және 25-і қозғалмайтын сыртқы бейнебақылау камералары. 25 камера қыркүйектің 10-ынан бастап тестік режимде жұмыс істеуде.
– Биылғы жылдың сегіз айында Көкшетау қаласында Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы 181 қылмыс, 17058 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. «102» арнайы желісіне 50 мыңнан астам хабар түссе, оның 30 мыңына шұғыл шаралар қолдану қажет болды, – дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймұрзин.
Облыс басшысына орталық мамандары түсіндіргендей, Көкшетау қаласының жедел басқару орталығына әуежай ғимаратындағы 15 бейнебақылау камерасы қосылған. Тағы 27 бейнебақылау камерасы теміржол вокзалында, 12 камера облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ғимаратында орнатылған. Бұдан бөлек, қала көшелерінде жол қозғалысы ережесінің бұзылуын азайту және көлік ұрлау оқиғасын алдын алу мақсатында 10 «Автоураган» станционарлық кешені орнатылып отыр. Назарбаев пен Абылай хан даңғылдарының қиылысында, Ғабдуллин мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында, Сүлейменов көшесі мен Васильковка шағын ауданына бұрылар тұсында көліктердің жылдамдығы бақыланады.
Сонымен бірге, облыс орталығынан Щучинск, Петропавловск, Зеренді және Краснояр кенті бағытында шыға берістегі жолдардың бойында жылдамдықты бақылайтын бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл туралы өңірде аталмыш жобаны жүзеге асырып отырған «АскомМЕТ» серіктестігінің техникалық директоры Эмиль Ганбаров айтып берді. Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру шеңберінде «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп орнатылған 1431 бейнебақылау камерасы қойылған.
– Бейнебақылау камералары бір орталықтан нақты уақыт өлшемімен басқарылады. Қалада жол қозғалысы ережесінің сақталуы мен қоғамдық құқық бұзушылықтарды алдын алуда озық компьютерлік технологиялар қолданылады, – дейді Эмиль Ганбаров.
«Автоураган» жол қозғалысы жылдамдығын бақылау жүйесі жол қозғалысын бақылап және тіркеп қана қоймай, автоматты түрде жол көлік ережесінің бұзылуын да анықтайды. Жазылған ақпарат жинақтау флеш картасында екі жыл сақталады. Осы жүйе арқылы ұрланған, іздеуде жүрген көліктерді анықтап, бірден әрекет етуге болады.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *