«Тасқайрақ»

«Тасқайрақ»

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы,  ақын, жазушы Серік Жетпісқалиевтің «Тасқайрақ» кітабының тұсаукесері болып өтті.

Еңбекте Серік Сапарұлының соңғы уақыттары жазған жыр-толғаулары мен эпистолярлық повесі, қысқа әңгімелері мен мысалдары топтастырылған. Кітаптың жарыққа шығуына облыс әкімдігі қолдау білдірсе, облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі жинақты шығаруға тікелей атсалысқан. Тұсаукесер рәсіміне қатысқан қадірлі меймандар қарымды қаламгердің жаңа кітабына жоғары баға беріп, авторға зор шығармашылық табыс тіледі.
Осы ретте, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев аталған кітап келер ұрпақты тәрбиелеудің таптырмас құралы екенін айта келе, Серік Сапарұлының өңір руханиятының дамуы жолындағы еңбегін ерекше атап өтті. Ал, Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Бекназарова мәдениет саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ақынның кеудесіне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тақты. Шарада «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Марал Жақыпова, «Көкше-Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жалғасбек Сүлейменов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек құттықтау сөз сөйлеп, Серік Жетпісқалиевтің ақындық, жазушылық қырларымен қатар, драматургия саласында да өзіндік орны бар екенін, адамгершілік қасиетін, жырларында Көкше жеріне деген сүйіспеншілігі желдей есіп тұратынын ерекше атап өтті. Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның әншісі Сәрсенбай Хасенов ақынның авторлық әнін орындады. Шара соңында ақын өлеңдерін оқып, қатысушыларға қолтаңбасы қойылған кітаптарын тарту етті.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *