Айзаның адамгершілігін айт!

Көкшетаулық волонтерлер грант ұтып алып, оның ақшасына жалғызбасты зейнеткерлердің үйін жөндеп жүр.

Елімізде қайырымды адамдар қа­тары жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Тіпті, өзіміз тұрған Көкшетау қаласында жан-жағына мейірім шуа­ғын төгіп жүрген қайырымды жандарды жиі кездестіруге болады. Бір қызығы, олардың бәрі бір­дей қалтасы қалың, үлкен қаржылық топ­тарға кіретін дәулетті адамдар емес. Бі­ра­қ, ру­хани жан дүниелері бай адамдар. Соның бірі – жасы небары 18-дегі Айза Мыңжасарова. Ол өткен жылдың қазан айында Көкшетауда құрылған «Рахат» волонтерлер клубының мүшесі. Бұл клубтың барлық мүшесі Айзамен бірге Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжде білім алады.
Айзаның айтуынша, клубта 15-ке жуық волонтер тіркелген. Өрімдей жап-жас қыз-жігіттер қолдары қысқа, қалталары те­сік, дерттері ауыр науқастардың ем-до­мы­на қажет қаражатты жинау үшін өз күш­тері­мен түрлі аукциондар ұйымдастырып, та­лай жанның ажалына араша болған екен. «Көп түкірсе көл» деген рас-ау. Олар жұ­мыс­тан соң немесе сабақтан бос уақыттарында бір-бірімен хабарласа отырып, мүгедек, кем­тар, жоқ-жітік жандардың тозығы жеткен бас­паналарын жөндеп беруді әдетке айналдырған. Қысқа жіп күрмеуге келмей жүрген талай адамның алғысын алғандары сөзсіз. Жақында Айза «Жылу сыйлаймыз» атты жобаға қатысып, қайтарымсыз грантты ұтып алған. Ұтып алған ақшаны өзінің жеке басына емес, жалғыз басты қарияның үйін жөндеуге жұмсауда.
– Біз семинарға қатыстық, онда 68 грант ұсынылды. Мен ойлана келе, өзімнің «Жылу сыйлаймыз» жобасын жасап, байқауға қатыстым. Біз алдымен жастар ресурстық орталығына хабарласып, жалғызбасты қарияны таптық. Қарияның жағдайын зерттедік. Қарттың үйінде терезе жоқ, санитарлық тораптарының да тозығы жеткен екен, – дейді Айза.
Оған грант қаржысы екі траншпен бөлінді. Оның алғашқы 150 мың теңгесіне волонтерлер құрбысымен бірге, жалғызбасты қарияның үйіне санитарлық торап, су жылытқыш орнатып беріпті.
– Бірінші траншқа бөлінген ақшаға құрбым екеуіміз қажетті сантехникалық заттарды сатып алдық та, оны орнату үшін жұмысшыларды жалдадық. Екінші транш бойынша тағы 150 мың теңге бөлінуі тиіс. Бұған қарияның үйіне пластик терезе орнатамыз, – деп ағынан жарылды Айза.
Қайырымды істерімен көпке үлгі боп жүрген көкірек көзі ояу, жүрегінде иманы бар Айза сияқты жастардың қатары жылдан-жылға көбейе түсеріне күмәніміз жоқ. Ел ішінде елеусіз ғана, қайы­рымдылық істердің ұйтқысы боп жүрген жастардың бары қуантады.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар