Базарың құтты болсын!

Базарың  құтты  болсын!

Астаналықтар ақмолалықтардың азык-түлік өнімдеріне риза болды

Өткен демалыс күндері Нұр-Сұлтан қаласында Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің азық-түлік жәрмеңкесі өтті. «Хан шатыр» ойын-сауық орталығының алаңында ұйымдастырылған жәрмеңкеде сауда қызу жүріп, сатып алушылардың қарасы өте көп болды.

Жәрмеңкенің басталуы таңертеңгі сағат 9-ға белгіленгенімен, ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелген кәсіпорындар, шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарының өкілдері таң бозаңынан келіп, жағалай орнатылған палаткалардағы сөрелерге өнімдерін қойды. Күннің салқын болуына қарамастан, ерте таңнан жәрмеңкеге ақмолалық саудагерлермен бірге астана тұрғындары да ағылды. Жәрмеңкенің кіре берісінде Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының көркем-өнерпаздары қазақтың әсем әуендерін төгіп, жәрмеңке хабарын айналаға таратып жатты. Елорда базарларындағы бағадан әлдеқайда төмен бағаға ет, сүт өнімдерін ұсынған ақмолалықтардың сөрелеріне жұрт көптеп кезекке тұрды.
Жәрмеңкені аралап көріп, журналистерге берген сұхбатында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов Нұр-Сұлтан қаласы айналасында азық-түлік белдеуін дамытуда ақмолалықтардың үлесі мол екенін айта келе, елордалықтарға жалпы құны 196,8 миллион теңгенің өнімі әкелінгенін жеткізді.
– Бұл жәрмеңкеге Ақмола облысынан 435 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімін, соның ішінде 75 тонна ет өнімі, 35 тонна сүт өнімі, 3,5 тонна балық, 40 тоннадан астам ұн, 150 тонна жеміс-жидек әкелдік. Ең бастысы, өнім бағасы нарық бағасынан 15-20 пайыз арзан. Мысалы, еттің бір келісі 1800 теңгеден аспайды. Сүт бағасы 200 теңге, – деп атап өтті Ғалымжан Әбдіхалықов. Кәсіпорындар барлық санитарлық-эпидемиологиялық стандарттарға сай жұмыс істеді. Әр павильонда антисептик қойылды және сатушылар тауарларды жеке қорғаныс құралдарын қолдана отырып сауда жасады.
– Жәрмеңкеге құс фабрикасы, сүт және ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың, елімізге танымал «Астана Өнім» акционерлік қоғамы, «Нәтиже», «Бижан», «Краснояр шұжығы», «Айбат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәрізді ақмолалық бренд өнімдері әкелінді, – деді Ғалымжан Әбдіхалықов.
Жәрмеңкенің екінші күні де сатып алушылар қарасы көп болды. Ет алып шығып бара жатқан, егде жастағы қарияны тоқтатып, сұрағанымызда, «алыстан ағайындар келіп, соған ет алуға шыққан едік, жәрмеңкеге кездесіп, жолымыз болды» деп қуанышын жасырмады. Ал, өзін Саягүл деп таныстырған Елорда тұрғыны. «Аздап жылқы, сиыр етін алдық. Еттің бағасы 1800 теңгеден екен», – деді. –Базар бағасымен салыстырғанда қалай? – деген сауалымызға «Базарда қымбат қой, онда мұндай бағаға ет таппайсың» деп жауап берді.
Осы күні Елорданың азық-түлік белдеуін дамыту тұрғысында қала тұрғындарын сапалы да, арзан тауарлармен тұрақты түрде қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екендігін айтып жату артық болар. Дегенмен, екі күнге созылған жәрмеңкенің астаналықтардың көңілдерінен шыққандығы сөзсіз. Оған жәрмеңкеден көздері бал-бұл жайнап, азық-түлік толы дорбаларын көтеріп бара жатқан қала тұрғындары айқын дәлел бола алады.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *