Ұлт бірлігінің қазақстандық үлгісі

Қазақ хандығының 550 жылдығын ел көлемінде атап өту шаралары аясында өңірімізге  «Ұлы Дала Елі» тарихи-мәдени экспедициясының ат басын тірегенін хабарлаған болатынбыз. Аталған экспедиция мүшелері Достық үйінде өткен «Ұлт бірлігі мен қоғамдық келісімді қамтамасыз етудің қазақстандық моделі» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты.

Алдымен, сөз алған экспедиция жетекшісі Нұрбек Шаяхметов экспедиция мүшелерінің алға қойған басты мақсатына тоқталып өтті.  Біз жер тарихынан ел тарихымен астасып жатарын ұмытпағанымыз жөн. Топырағы киелі, қойнауы қазыналы өңіріміздің тарихын тек ғалым, өлкетанушылардың түсінуі біз үшін аз. Оны көпшілік, әсіресе, жастар біліп өсулері керек. Міне, аталмыш шараның көздегені – осы. Ішкі туризмге серпін беріп, сол арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру мұрат етіліп отыр.
–Біз Бурабай, Зерендінің тамылжыған табиғаты бар мекен екенін білгенімізбен, оның тарихынан бейхабармыз. Бір ғана мысал. Кеше  Балқадишаның  ескерткішін көрдік. Ақанның «Балқадишасын» білсек те, оның жаһандық көрмеде шырқалғанын естімеппіз. Мен бұл туындының алдағы уақытта «ЭКСПО-2017» сияқты халықаралық көрмеде де айтылатынына сенемін, – деді өз сөзінде экспедиция жетекшісі.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми сарапшылар тобының төрағасы, «Тұран Таимс» газетінің редакторы Видади Салахов басына нәубет күн туғанда талай ұлтқа пана болған қазақ халқының даладай дархан пейілі туралы айтты.  Қаншама ұлыстың баласын түп-тамырымен жер бетінен жойып жіберуге бағытталған геноцидтен құтқарып қалған да осы жұрт еді. Елімізде тұратындардың барлығы мұны жақсы біледі. Байтақ рес-публикамызда Қазақстан халықтарының емес, халқының тұратындығы біздің бірегейлігімізді көрсетеді. Бүгінде жаһан қақтығысқа толып, геосаяси жағдай әбден ушығып тұрғанда, біз де өзіміздің сол қоғамның бір мүшесі екенімізді ұмытпағанымыз жөн.
Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі  Ғосман Төлеғұл посткеңестік мемлекеттер ішінде Қазақстанның хандықтың 550 жылдығы сияқты елдік тойын атап өтіп отырған жалғыз ел екенін айтты. Кезінде Ассамблея сияқты құрылымды құрушылардың бірі бола отыра, өңірдегі шағын ассамблеяны басқарған ол аталған шараның ел бірлігін нығайта түсерін атап өтті.  Жер бетінде түркітілдес халықтар көп дегенімізбен, соның ішінде қара шаңырақта қалғаны шамалы. Тәуелсіз Қазақстан кезінде қаншама елді уысында ұстаған Алтын Орданың мұрагері, мирасқоры. Хандықтың тарихы ғана 550 жылға созылады, ал мемлекеттілігіміздің тарихы тереңде жатыр. Сондықтан да, біз осыны өзімізге, өзгелерге паш ете отыра, елдігімізді мойындағысы келмейтіндерге орынды жауап қайтара аламыз. Осылайша, республикалық экспедиция мүшелері мен облыстық ассамблея мүшелері осы достық тақырыбында еркін пікір алмасты, татулық пен тұрақтылықты нығайту бағытындағы ұсыныстарын жеткізді.  

Перизат ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар