Жылу беру мен басқа жұмыстарда кідіріс болмасын

Жылу беру мен басқа жұмыстарда  кідіріс болмасын

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, өңірде мемлекеттік бағдарламаларды орындау және әлеуметтік нысандарды жаңартуға, жолдар мен аулаларды абаттандыруға қатысты жобалардың іске асырылу барысымен танысты, бала бақшалар мен мектептерге және тұрғын үйлерге уақытында жылу беру мәселесіне баса назар аударып, осы саладаға қазіргі жағдайға көңіл бөлді.

Облыс әкімінің ауданға жұмыс сапары зығыр мен күнбағыс майларын шығарумен айналысатын «Бота-2015» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аралап, көруден басталды. 2015 жылы құрылған серіктестік өнімдері отандық нарықта сатылады және Қытайға экспортталады. Мұнда тәулігіне 200 тонна май өндіріледі. Серіктестік басшысының орынбасары Дмитрий Быковтың айтуынша, Бұланды ауданының Макинка қаласында тәуліктік қуаттылығы 600 тонна болатын жаңа зауыт салынуда. Ол осы жылдың аяғына дейін пайдалануға берілмекші. Серіктестік мамандары облыс басшысына май зауытын аралатып көрсетіп, өндіріс көлемін арттыруға байланысты алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
Одан кейін облыс әкімі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Щучинск қаласындағы №5 орта мектепке жүргізіліп жатқан жөндеу, сондай-ақ, Абылайхан көшесінің бойындағы аула алаңын абаттандыру, Әуезов көшесінің бойында жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жоғарыда аталған орта мектептің жөндеу жұмыстары қыркүйекте аяқталуы тиіс болатын. Алайда, мұнда жұмыс әлі бастан асады. Жобаға мемлекеттік бюджеттен 500 миллион теңгеден астам қаражат бөлінгенін, мұндай қаржыға жөндеу жүргізу түгілі жаңа мектеп салуға болатынын айтқан облыс әкімі мердігер компанияны сынға алды. Әкім «ПСК Көкшетау Құрылыс» серіктестігі өкілдеріне жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, істі екі аптада аяқтауды қатаң тапсырды.
Қаладағы Абылайхан көшесінің жанындағы аулаға жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары да мерзімінен кешіктірілуде. Жалпы, биыл аудан бойынша екі тұрғын үй ауласы жөнделуде. Келесі жылы тағы сегіз ауланы абаттандыру және екі ауланы күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
2020 жылға жоспарланған 17 көшенің 11-інде жөндеу жұмыстары аяқталыпты. Жақында тағы 5 көшеге асфальт төселеді. Осы орайда, облыс әкімі аудан басшылығына қолға алынған барлық жобаларды уақытында аяқтау қажеттігін ескертті.
Үстіміздегі жылы Щучинскіде №20 жылу қазандығын жаңартуға мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінген. Сапар барысында жылу қазандығына ат басын бұрған облыс әкімі өңірде жылудың мерзімінен кешіктіріліп берілуіне қатысты сын айтып, аудан басшылығына қысқы жылу беру маусымын ойдағыдай жүргізуді тапсырды. Аудан әкімінің айтуынша, биыл Щучинскіде үш көп қабатты тұрғын үй мен тағы бір әлеуметтік нысан орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.
Бұл күні Ермек Маржықпаев күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Щучинскіде №6 орта мектепте және «Оқжетпес» ауылдық мәдениет үйінде де болды.
Әкімнің жұмыс сапары одан әрі Зеленый Бор ауылында жалғасты. 3 мыңнан астам тұрғыны бар бұл ауылда әлі күнге дейін жылу берілмей отыр. Осы ретте, облыс әкімі жауапты тұлғаларға ескерту жасап, жағдайды тез арада түзетуді тапсырды.
Бурабай ауданының Бурабай кентінде де мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Атап айтсақ, екі автотұрақ аймағы абаттандырылуда. Сондай-ақ, Советская көшесінің бойында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жаңа спорт алаңы салынып, жол желілері жаңартылып жатыр.
Бір қарағанда, ауданда әлеуметтік саланы, елді мекендердің бет-бейнесін жақсарту тұрғысында қолға алынған жұмыстар баршылық. Тек сол жұмысты белгіленген мерзімінен кешіктірмей, уақытында атқарып шығу – басты міндет. Облыс әкімінің ауданға жұмыс сапары да осыған оң ықпал етері анық.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.
Суретті түсірген Айбек Данияров.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *