Телевизияда хабар тарату сапасы түбегейлі жаңарады

Қазақстанда аналогтық хабар тарату желісінің заманы бітіп, цифрлық эфирлік телевизия кезеңі келді. Көптеген телекөрерменді неге еліміз аналогтық телехабар таратудан бас тартып, цифрлық форматқа көшуде деген сұрақ мазалап отыр. Осының анығына жетіп көрейік.

Ең алдымен, аналогтық телевизияның не екенін анықтайық. Бұл – бейне мен дыбысты тарату үшін аналогтық электр сигналын қолданатын телевизиялық жүйе. Аналогтық хабар тарату кезінде станциядан сигнал антеннаға беріліп, бір жиілікке бір арна бекітіледі.
Аналогтық хабар тарату жүйесі телевизия пайда болғаннан қолданып келе жатыр, әрі «цифрды» ойлап тапқанға дейін телевизиялық кескін мен дыбысты таратудың жалғыз тәсілі болған. Аналогтық хабар таратуда түстің қанықтығы мен дыбыс тез өзгеретін амплитуда ұсынылған. Үзіліссіз диапазонда сигнал өзгеріске ұшырап, тысқы әсерден тәуелді болып келеді. Бұл – аналогтық телевизияның басты кемшілігі. Қолайсыз ауа райы, жел, жаңбыр, найзағай кезінде сигнал нашарлап, көрерменге кескін қаз-қалпында емес, бұрмаланып жетеді. Телестанцияның алыс орналасуы да сигнал сапасына әсер етеді. Сигнал көзі мен теледидардың ара қашықтығы неғұрлым алыс болса, соғұрлым сапа нашарлай бермек. Басқаша айтқанда, аналогтық хабар таратуда бейне мен дыбыс көрерменге төмен сапада жетеді. Осылайша көгілдір экранда бейне бұлдырап, дыбыс шумен шығады. Оның үстіне, қазір көптеген фильмдер мен телебағдарламалар цифрлық форматта түсірілгендіктен, аналогтық телевизия бейне мен дыбыстағы арнайы эффектілерді бере алмайды.
Яғни, аналогтық хабар тарату ескірген, әрі заманауи талаптарға сай келмейді. Сондықтан, әлем біртіндеп аналогтық хабар таратудан бас тартып, цифрлық эфирлік хабар таратуға көшуде.
Цифрлық телевизия 1990 жылдары Еуропада пайда болды. Алғаш рет сигнал Нидерланды мен Германияда сынақтан өткен болатын. 2019 жылғы мәлімет бойынша, дүние жүзінде 70-тен астам мемлекет толықтай цифрлық эфирлік хабар таратуға көшкен. Тағы 60 ел digital-форматқа көшу үстінде.
Қазақстан да әлемдік стандартқа көшіп жатыр. Жұмыстар 2012 жылдан бері жүргізілуде. Цифрлық телевизияны дамыту және ендіру жобасы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатыр. Қазір бірқатар облыстар цифрлық хабар таратуға толықтай көшті, халықты қамту көлемі 87,37 пайызды құрайды. Қазақстанда аналогтық хабар тарату 2022 жылы толығымен тоқтатылады деп жоспарланған.
Цифрлық хабар таратудың артықшылығы неде? Ең бастысы – айқын бейне мен жоғары сападағы дыбыс. Цифрлық сигнал түрлі бөгет-кедергіге ұшырамайды, әрі телекөрерменге, тіпті, шалғай орналасқан елді мекендерге бастапқы түрінде, шуылсыз, бұлдырлаусыз жетеді. Тағы бір артықшылық – сигнал таратудың жоғары жылдамдығы. Цифрлық хабар тарату телекөрерменге жоғары сападағы контентті жеткізеді.
Цифрлық телехабар тарату желісі телехабар тарату жүйесіне қосымша функциялар мен қызмет енгізуге, барлық облыс орталықтары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 30 шақты, елді мекендерде 15 отандық телеарнаны цифрлық сапада, әрі абоненттік төлемсіз тамашалауға, телеарналарды екі тілде (қазақ, орыс) көруге, электрондық хабарлар бағдарламасын қарауға, көрерменді жаңалықтар, өзгерістер мен алдын алу жұмыстары туралы теледидар экранына ТВ-пошта жөнелту арқылы құлақтандыруға мүмкіндік береді.
2022 жылы Қазақстан Республикасы халқының кем дегенде 95 пайызын цифрлық эфирлік сигналмен қамтамасыз ету жоспарланған.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар