Статистика саласының саңлақтары

Әр саланың күнделікті тіршіліктегі зіл батпан жүгін аянбай арқалап, сол өлшеусіз қажыр-қайраттарының арқасында әріптестеріне, өкшесін басып келе жатқан кейінгі жас толқынға үлгі-өнеге болатын, абыройы асқақ, есімдері құрметті адамдар болады.

Біздің статистика саласының ұжымы Мағия Үмбеталиева, Жұмабике Қаужанова, Татьяна Суворова тәрізді аға буын өкілдерін әрдайым құрметтеп, олардың іс-әрекеттерінен өздеріне істің ыңғайын ұқтыратын бағыт-бағдар алады. Жоғарыда аталған майталман мамандардың әрқайсысы отыз жылдан астам уақыт бойы өз бойларындағы білімі мен білігін, кәсіби шеберлігін статистика саласының дамуына, қанат жайып өркендеуіне арнаған адамдар. Таратып айтатын болсақ, Мағия Шайхиқызы экономика және статистика саласында жоғары біліктілігімен ерекшеленді. Оның еңбек кітапшасына жұмыстағы жетістігі, өзіне тапсырылған міндетті мінсіз атқарғаны туралы көптеген жазулар жазылған. Жұмабике Сейпілқызы тәжірибелі маман, кейінгі толқынның тәлімгері. Қоғамда да зор құрметке ие болған, алғыс арқалаған адам. Сонау 1984 жылы осы салада қызметін бас-тап, зейнетке шықты. Ал, Татьяна Евгеньевна еңбек әліппесін 1975 жылы Еңбекшілдер аудандық статистика бөлімінде бастаған. Ұзақ жылдар бойы осы салада тындырымды жұмыс істеп, «Статистика үздігі» атағына ие болды.
Саланың осындай үздіктерінің, озаттарының қоғамға сіңірген толымды еңбегін айтудағы басты мақсатымыз еселі үлестерінің ескерілуі, әрі ел есінде сақталуы. Оның үстіне Қазақстанның мемлекеттік статистика саласына 95 жыл толып отыр. Ғасырға жуық уақыт бойы осы салаға серпін берген саңлақтарды, сала ардагерлерін, бүгінгі мамандарды мерекемен құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр тілейміз. Алдымыздағы аға буын өкілдеріне құрмет көрсету біз үшін парыз.
Гүлім ҚОЖАНОВА,
Ақмола облысы бойынша статистика департаментінің жетекші маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар