Бабалар ізі қалған жерді есте сақтайық!

І.Ақмоланың жәрмеңкелері

Қайсыбір мұрағаттық құжаттарды қарап отырып, өткен ХХ ғасырдың бірінші жиырма жылдығына дейін дала қазақтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы әр мезгілде өтіп тұратын сауда жәрмеңкелеріне тәуелді болғанын байқаймыз. Олар қолдағы төрт түлік малын осы жәрмеңкелерге апарып сатып, тері-терсек, жүн-жұрқасын қант-шай, киім-кешекке, басқадай тұрмыстық заттарға айырбастап отырған.

Ақмола облысында ол уақытта осындай жәрмеңкелер жыл бойы жиі өтіп тұратынын құжаттардан байқаймыз. Жәрмеңкелер – жазғы және күзгі болып екіге бөлінеді. Мысалы, жазғы жәрмеңкелер: Константиновка – 21 мамырдан 10 маусымға дейін (Ақмолада). Петровский –10 маусымнан 5 шілдеге дейін (Атбасарда). Тайынша жәрмеңкесі –1-20 шілде аралығында (Петропавл уезіндегі Тайынша көлінде). Бұл жәрмеңкелерге Орта Азиядан, Сібір жерінен, Ресейдің еуропалық бөлігінен саудагерлер келіп, өздерінің тауарларын саудаға салып, малға, шикізатқа айырбастайтын болған.
Күзгі жәрмеңкелер негізінен орыс крестьяндары мен казактар тұратын аймақтарда өткізілген. Себебі, ол кезде қазақтар жайлаудан қайтады. Басы артық семіз малдары болса, жолшыбай жәрмеңкеге соғып, саудаға салады. Бұндай жәрмеңкелер: Знаменск жәрмеңкесі – 27 қараша – 6 желтоқсан аралығында (Атбасар), Покров жәрмеңкесі – 14 қыркүйек-1 қазан (Көкшетау), Қазан жәрмеңкесі – 17-24 қазан (Зеренді), Александро-Невский жәрмеңкесі – 10-24 қарашада (Арықбалық) өткізілген. Омбы, Қызылжар, Көкше, Ақмола аралығында осы секілді ондаған жәрмеңкелер қар түскенше өтіп отырған. Жалпы жыл бойына Ақмола облысында 24 жәрмеңке өтеді екен. Сол кездегі жылқының бағасы – 90 рубль, қара мал –70 рубль, қой – 8 рубль, ешкі – 6 рубль, түйе –100 рубль болған.
Одан бөлек Баянауыл мен Қарқаралы округтерінің түйіскен жерінде өтетін атақы Қоянды-Ботов жермеңкесі бар. Осы жәрмеңкелерде жүздеген мың бас мал саудаға салынып, сосын дала төсімен ерсілі-қарсылы айдалады. Саудаға әкелінген малдардың ішінде залалды ауруға ұшырағандары болады. Олар айдалып бара жатып, жолшыбай жергілікі қазақтардың малына індет жұқтыратын болған. Сосын дала төсінде жаппай мал қырылуы басталады. Осындай жағдайдан кейін, Ақмола облысының шекаралық жерлерінде ветеринарлық пункттер ашуға шешім шығарылады. Бұлардың міндеті – айдалып өтетін малдарды тексеруден өткізіп, карантинге қою.
Осындай бір пункт Қарғалы пункті деп аталып, Шерубай-Нұра және Байдәулет болыстарының жерлерінде ашылады. Батық немесе Нілді пункті – Сарысу өзенінің бойында, Еркесай және Нілді болыстарының аумағында, Жаман Сарысу деген жерде болған. Енді бірі – бүгінгі Қарағанды облысына қарасты Ботағара ауданының аумағында, Ботағара-Теректі кентінің шығыс жағында, Байбура деген жерде Ботағара деген атаумен ашылады.
Дәл осындай бір пунктті Ерейментау ауданындағы Өлеңті өзенінің бойында, Павлодар уезімен шекаралас жерде Ново-Георгиевский деген атаумен ашуға шешім шыққан. Біздің бүгінгі әңгімемізге себеп болып отырған осы ветеринарлық пункт. Бұл қазіргі Ерейментау ауданындағы Ажы ауылы мен Ақмола-Павлодар тас жолының арасында, Өлеңті өзенінің бойында тұр. Жергілікті халық бұл жерді осы уақытқа дейін «Лөктір» деп атайды (доктор деген сөзден шыққан). Біздің бала күнімізде бұл араны үлкендер «Үш ағаш Лөктір» дейтін. Себебі, сол кезде осы пунктті басқарған мал дәрігері (орыс ұлтынан) өзеннің сыртына бірнеше терек отырғызып, солар зәулім бәйтерек болып өсіп, кейін сексенінші жылдарға дейін соның үшеуі жайқалып тұратын. Осыған байланысты, халықтың бұл араны «Үш ағаш Лөктір» деп жүргені.

ІІ. Сәкен Сейфуллин: «Өлеңтідегі мал докторына келдік…»

Бұл малдәрігерлік пунктті сөз етіп отырған себебіміз, Сәкен Сейфуллин 1916 жылы мал санағын алып жүріп, осы жерге соғып, бір түн қонып кеткен.

Ол жайлы Сәкен өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында былай деп жазады: «…Сол күні бесін ауған кезде Өлеңтідегі мал докторына келдік. Доктордың қасындағы мал фельдшері қазақ Құсайын Қожамберліұлы біздің ағайын. Менімен бір тұқымдас жігіт. Құсайын қатын-баласымен сол жерде екен. Енді соларға келіп, кенелдік те қалдық. Ол күні сонда қонып, ертеңінде Ақмолаға қарай жүріп кеттік. Сол Қанжығалының Ереймен деген екінші бір болысының ауылына келдік», – дейді.
Әңгімеміз Ерейментау жерінің тарихына қатысты болған соң, малдәрігерлік пункт жайлы деректі әдейі ұсынып отырмыз. Бұл ара Сәкен сынды саңлақтың табаны тиген тарихи орын. Басқаға керегі болмаса да, өзіміздің ерейментаулық жерлестер біле жүрсін деп жазып отырмыз.
С.Сейфуллиннің суреттеп отырған уақыты – халықтың 1916 жылы патша жарлығына қарсы бас көтеріп жатқан кезі. «Қазақ әбден ереуілдеп атқа мініп алған. Қонған ауылдың еркектері көрінбейді. Бір жерде жиналыста болса керек. Бізді байдың қатындары мен малайлары бір иесіз үйге түсірді. Ертеңінде жайдақ арбаға бір жаман түйені жегіп, екінші ауылға апарып салды. Бірте-бірте сатылап, алғашқыда айтқан Қанжығалының Ащылыкөл басындағы бірінші болысының ауылына келдік. Ашына Төлеубай мен Олжабай және Барекеңмен тағы да кездесіп, мән-жайды сұрастық. (Сәкеннің Төлеубай деп отырғаны – Барлыбай болыстың баласы, Омбыда Сәкенмен бірге оқыған, адвокат. Олжабай – ол да болыс болған адам, ақын, аудармашы – С.Б.)
…Ол ауылдан шығып, қалаға қарай жүрдік. Топ-топ, кеу-кеулеген қазақ. Көзіне орыс көрінсе, жүндей түтпек. Бәрі қолдарына түкіреді. Кешке бір қазақтың ауылына келдік. Өте қорқынышты. Санақ алуға шыққанымызды біліп отырған елдің жастары бізге сенбейтін тәрізді. Біз түскен үй бізді танитын, баласы аздап орысша оқыған Жаһуда деген кісінікі болып шықты. Біз үйге кіріп отырысымен, атқа мінген, елірген төрт-бес қазақ жігіті үйге кіріп келіп, бізді «тергеп», жөн-жобаларымызды сұрай бастады. Біз патшаның әділ емес екенін айтып, қазақтың да кемшіліктерін айтып отырдық. Үйдің иесі Жаһуда ақсақал бізбен таныс кісі болған соң, өзіміз патшаны жамандап отырған соң, көтерілген жастар бізден ешбір ілік таба алмай: «Е, бәсе!» – десті», – дейді Сәкен.

ІІІ. Жаһуда Құлболдыұлы

Енді осы жерде Сәкен «үйіне түстік» деп жазып отырған Жаһуда Құлболдыұлы жайлы аз ғана тоқтай кетелік. Ерейментаулық өлкетанушы-жорналшы марқұм Ғалымжан Мұқатовтың 2002 жылы шыққан «Абыздар мен ақындар» атты кітабында осы Жаһуда ақын жайлы біршама айтылады. «1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің алдында Ақмола дуанына шыққан санақшы өкіл Сәкен Сейфуллинді Ерейментаудағы Қоржынкөл болысына келгенде, ауыл адамдары дұшпан деп сескеніп, өлтірмек болады. Сонда қарапайым кедей, суырыпсалма ақын Жаһуда Құлболдыұлы ара түсіп, тіпті шапанымен бүркеп үстіне жатып алып, өлтіртпейді, ұрғызбайды. Қайта Сәкеннің халық қамқоры екенін уағыздап, тентектерді тоқтатады», – депті Ғалымжан Мұқатұлы.

Мұқатов кітабынан Жаһуданың кедейлеу, бірақ аса дарынды суырыпсалма ақын, көрген-білгенін бетке айтатын турашыл адам болғанын оқып білдік. Ескі заманда би-болыстарды өткір тілмен аяусыз түйреген Жаһуда, кеңес заманы орнағасын қоғам ісіне барынша араласып, жатып ішер жалқаулар мен кертартпаларды өлең сөзбен өлтіре сынап отырады. Ақпа шешен, суырыпсалма ақын Жаһуда Құлболдыұлын ел іші қатты сыйлап, «Бабай» деп атаған екен. Бұл кісі 1936 жылы 76 жасында дүниеден озады.
Жаһуда ақын Бөгенбайдың Қамарқан тоқалынан туатын ұлы Жылқыбайдан тарайды. Таратып айтсақ: Жылқыбайдан – Төлеген мырза, одан Құлболды, одан Жаһуда. Төлеген өзі заманында «мырза» атанған малды кісі болыпты. Бірақ Құлболдыдан туған тоғыз ұлдың бірі Жаһуданың артық дәулеті болмаса керек.
Енді жоғарыда айтылған малдәрігерлік, пунктке қайта оралсақ, ол тек қана салып қойған жалғыз үй емес. Бұл пунктке мыңдаған гектар жер беріледі. Себебі, айдап келе жатқан малдар бірнеше күн арнаулы бөлінген жайылымда карантинде тұрған. Оған жергілікті елдің малын жақындатпайтын болған. Бұл жерлер Ереймен болысының сол кездегі №6 ауылына қарасты аймақ. Пункттің жалпы аумағы 11835 десятин болған. Бұл жайылым жерлер жергілікті халықтан заң күші арқылы алынып, олар басқа аймақтарға көшіріледі. Жерін алып қойғаны үшін, мемлекет оларға белгілі бір дәрежеде өтемақы да төлепті. Пунктті жасаған құрылысшыларға, жер өлшеушілерге, басқадай жұмыстарға 650 рубль ақша бөлінген деген дерек беріледі құжатта.
Бұл секілді малдәрігерлік пункттің неге қажет болғанын мынадан-ақ біліңіз. Мысалы, бір ғана осы Ново-Георгиевский пунктінен (Лөктір) 1906 жылы – 54 367, 1907 жылы – 63 013, 1908 жылы – 67 000, 1909 жылы – 83 507 бас мал айдалып өткен. Бұлардың көбі ірі қара, ал айдалып өткен қой мен ешкінің саны жыл санап азая береді. Соңғы жылы жаздың басынан бері 17 мың бас қана айдалды деп көрсетіледі. (ОММ. 369 қор.1тізбе.1039 іс. 1910-1916 ж). Біздікі өз жеріміздегі бабалар ізі ұмытылмасын дегендік!

Сайлау Байбосын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар