Қарияларға құрмет көрсету – парызымыз

«Қарты бар елдің қазынасы бар» демекші, өнегелі ісімен де, ұрпаққа айтар ақылымен де кейінгі толқынды дұрыс жолға бағыттайтын ардагерлер қауымына деген сый-құрмет ешқашан бәсеңдемеуі тиіс.

Бүгін – қарттар мен мүгедек адамдарды қолдау айлығы басталды, бұл уақытта оларға көңіл бөлініп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, құрмет көрсетіледі. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев пен жергілікті жерлердегі аудан, елді мекен әкімдері осы орайда, іс-шаралар жоспарын бекітіп, шешімдер қабылдады.
Бүгінгі таңда облыстық ардагерлер ұйымының құрамында 112 мыңнан астам зейнеткерді біріктіретін 849 бастауыш ардагерлер ұйымы, 2 қалалық және 17 аудандық ардагерлер кеңесі, 33 Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер, бір мыңға тарта соғысқа қатысушыларға теңестірілгендер, 4139 тыл еңбеккерлері, 768 Ауған соғысына, 61 Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысқандар бар. Облыс әкімінің қабылдаған арнайы қаулысына сәйкес соғыс және еңбек ардагерлеріне, мұқтаж адамдарға 482,904 миллион теңгенің көмегі көрсетілді, бұл алдындағы жылмен салыстырғанда 36,1 миллион теңгеге артық.
Облыс аумағындағы ардагерлер ұйымдарының жұмысы жүйелі, жоспарлы түрде жүргізіліп, олар жергілікті атқарушы органдардың ұдайы назарында. Биылғы эпидемиологиялық күрделі жағдайға қарамастан, ардагерлердің құқығын қорғау, оларға қызмет көрсету, жан-жақты қолдау, тегін дәрі-дәрмекпен қамту секілді басқа да назар аударатын көкейтесті мәселелерді шешу мақсатында жұмыстың сан түрлі формалары мен тәсілдері қолданылуда. Барлық аудандардағы ардагерлер ұйымдарымен тығыз байланыс жасалып, интернет, «Ютуб», «Ватсап» жүйелері, баспасөз құралдары арқылы ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл қиын-қыстау кезеңде қарияларымызды күнделікті тіршілікте кездесетін өзекжарды мәселелерімен жеке қалдырмай, олардың жай-күйін назарда ұстап отыруға тірек болды. Қолдан келгенше жергілікті жерлердегі өкілдеріміз арқылы аудан басшыларымен, әлеуметтік қызмет көрсету салаларының қызметкерлерімен, денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларымен тікелей байланыс жасап, ауру-сырқауға ұшыраған егде адамдарға көмек көрсетіліп тұрды.
Былтыр айлық шеңберінде қарттар мен мүгедектерге арналған 1522 қоғамдық шаралар өткізілді, оның ішінде 209-ы дөңгелек үстелдер, конференциялар мен кездесулер, 183-і қайырымдылық сенбіліктері, 79-ы әлеуметтік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, медицина мекемелерінде 239 ашық есік күндері, 824 концерт, 170-тен астам спорттық шаралар және тағы басқалары. Сонымен бірге, егде адамдар мен кембағал жандар тұратын 44 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2251 адамға коммуналдық қызмет көмегі көрсетілді, 13 332 адамға тегін немесе жеңілдетілген дәрі-дәрмектер сатып әперілді, 50 023 адамға қаржылай және басқа да жәрдем берілді.
Мәселен, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі әкімдікпен, кәсіпорындармен, бизнес-қоғамдастықтармен, халыққа әлеуметтік қызмет көрсету басқармаларымен бірлесіп, жасы ұлғайған қарт адамдарға тегін медициналық көмек беру, қаржылай қолдау, ақ дастархан жаю, концерттер ұйымдастыру секілді шараларды жүзеге асырды. Медицина мекемелерінен қалалық кеңеске қарт адамдардың денсаулықтарын тексеріп, консультация беру үшін дәрігерлер шақыртылып, «Ашық есік» күндері өткізілді. Сондай-ақ, айлық шеңберінде оқу мекемелерінде және мектептерде «Қарт адамдар күні» өткізіліп, «Кәрілікті сыйлау – болашаққа көз тігу», «Менің әжемнің суреті», «Қариялар – ақылшы даналар» тақырыптарында жас жеткіншектермен кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, айлық аясында қаладағы еріктілер қоғамының мүшелері «Жалғызбастылық қарттарға жараспайды», «Ардагерлерге күздің гүл шоқтары» акцияларын ұйымдастырып, «Жайлау» шағын ауданының 12 жалғызбасты қарияларына, көмекке мұқтаж адамдарына қолдау шаралары жасалды. Көкшетау қаласының, бірқатар аудандардың сауда нүктелерінде халықтың тұрмысы төмен топтары үшін арнайы әлеуметтік сөрелер ашылып, жұмыс істейді. Бурабай, Ерейментау, Біржан сал, Бұланды аудандарында, Степногорск қаласының кенттерінде тұрмыс деңгейі төмен отбасылары арзан бағалы отынмен қамтамасыз етіледі.
Ардагерлерді толық қамқорлықтарына алып, олардың құқықтарын қорғауда, қаржылық демеу жасауда, медициналық көмек көрсетуде Степногорск қалалық кеңесінің, ондағы бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмысын ерекше атап өткен жөн. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде онда қарттарға әлеуметтік қызмет көрсету үйлері ашылды. Бұл мекемелерде жалғызбасты ардагерлерді, көмекке мұқтаж отбасыларын жинап, оларға дәрігерлік жәрдем көрсетеді. Киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Макин, Купчанов, Жолымбет пен Мало-Тимофеевка дәрігерлік-әлеуметтік мекемелерінде болып, өздерінің 66 зейнеткерлеріне барып жан-жақты қызметтерін ұсынады. Мұндай мекемелер Ақкөл, Целиноград, Есіл, Сандықтау аудандарында кәсіпорындар есебінен ұйымдастырылып, олар қазір жүйелі жұмыс істеп келеді, олардың қатары басқа аудандарда да жылдан-жылға толығуда. Ардагерлерге көмек көрсету мақсатында қомақты қаражат бөлетін мекемелер қатарында «Көкшетау жолдары», «АП-Импекс», «Көкшетау сүт зауыты», «Көкше тазалық» серіктестіктерін, «Тыныс», «Алтынтау-Көкшетау» акционерлік қоғамдарын, «Көкшетау жылу» кәсіпорнын, Степногорск подшипник зауыты, «Еңбек», «Агрофирма «Родина», «Заречное», «Нива», «Ижевское» сияқты өндіріс ұжымдарын ерекше атап өткіміз келеді. Мұндай демеушілердің қатары жыл сайын көбейіп келе жатқандығы қуантады.
Аудандық ардагерлер кеңестері жергілікті атқару органдарына сүйене отырып, қарттар мен мүгедектердің мұқтаждықтарын қанағаттандырумен тек айлық кезінде ғана емес, жыл бойы айналысады. Атбасар, Астрахан, Жақсы, Жарқайың аудандарында барлық меншік түріндегі еңбек ұжымдарында, мекемелер мен ұйымдарда зейнетке шыққан егде адамдармен кездесу өткізу игі дәстүрге айналған.
Айлық кезінде тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелердің, аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің, бастауыш ардагерлер ұйымдарының белсенділігі ерекше артатыны белгілі. Өйткені, басты мақсат – аға ұрпақ өкілдерін әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыдан қорғау, олардың өмірлік белсенділігін арттыру. Аға буын ешқашан қоғамдық-саяси оқиғалардан тыс қалған емес. Өздерінің бай өмірлік тәжірибелеріне, білімдеріне, күш-қуаттарына, ақыл-ойларына сүйене отырып, мемлекетіміздің дамып көркеюіне ат салысып келеді. Сол елеулі шаралардың бірі Ұлы Отан соғысының 75 жылдық торқалы тойы. Ең алдымен облыстық ардагерлер кеңесі бүкілхалықтық маңызы бар мерекені лайықты қарсы алу мақсатында арнайы Пленум ұйымдастырып, онда облыс, аудандар мен қалалардың ардагерлер кеңестерінде, оның бастауыш ардагерлер ұйымдарында Ұлы Жеңістің 75 жылдығын лайықты қарсы алу, жастарға патриоттық тәрбие беруді күшейту бағытында жүзеге асырылып жатқан шараларды жан-жақты саралады. Соғыс ардагерлерінің өшпес ерлігі, өлмес өнегесін насихаттау жас ұрпақтың тәрбиесіне елеулі үлес қосады.
Облыстық ардагерлер кеңесі өз жұмысының негізгі мазмұны болып табылатын аға буын өкілдерін әлеуметтік қорғау, тұрақты моральдық және материалдық қолдаумен қатар елде жүріп жатқан қоғамдық-саяси оқиғалардан, мәселелерден де тыс қалмайды.
Қызыл ізшілердің көмегімен Ұлы Отан соғысында қаза тауып, белгісіз болып келген жауынгерлердің зираттарын іздеу, анықтау, опат болған майдангерлердің сүйектерін елге әкеліп қайта жерлеу жұмыстары ұдайы өз жалғасын тауып келеді. Із-түссіз жоғалып, кейін бейіттері табылған жауынгер жерлестеріміздің туған-туыстарына қаржылай көмек көрсетіліп, олардың жақындары табылған шаһарларға барып қайтуға қолқабыс жасалды. Бір ғана дәлел ретінде Ленинградты қорғауға қатысқан жерлесіміз, 1943 жылы ғайып болып, 2018 жылдың 3 мамырында Ленинград облысының орманында табылған Жақсы ауданындағы Терісаққан ауылының азаматы Кенжебек Болтаевты, Новгород облысының Старая Русса қаласының түбінде табылған Сандықтау ауданындағы Ұлан ауылының азаматы Кирилл Семенович Демченконы қайта жерлеу рәсімдері бұқара халықтың қатысуымен өткізілді. Сол сияқты Бұланды ауданының Тастыөзек ауылында 1942 жылы қаза тапқан жауынгер-жерлесіміз Иван Петрович Гвоздевтің және де Целиноград ауданына қарасты Жалғызқұдық ауылында Калуга облысынан жеткізілген жауынгер-жерлесіміз Тәжібаевты қайта жерлеу рәсімдері абыроймен атқарылды. Оларға бүкіл аудан, ауыл тұрғындары қатысты. Күні кеше ғана осындай рәсім Көкшетаудың бас алаңынан басталып, Степняк қаласында жалғасын тапты – сол жердің тумасы Әзікен Нұғымановтың 75 жылдан кейін Ресей жерінен табылған сүйегі салтанатты түрде туған топырағына табысталды.
Елімізде аты жаман індеттің тыйылмауына қарамастан облысымыздың қалалары мен аудандарында Қарттар айлығын қалыптасқан дәстүрге сай өткізу мақсатында айтарлықтай әзірлік жұмыстары жүргізілді, ұйымдастыру комитеттері құрылды, атқарылатын іс-шаралар белгіленді. Демек, жергілікті жерлерде зейнеткерлерге әлеуметтік, волонтерлік көмекті барынша күшейту, оларға тиісті күтім ұйымдастыру, үй-жайларын ретке келтіру, қысқа дайындық жасау сияқты мәселелерді толық шешу қажет. Жасы ұлғайған адамдарға ең керегі – ардагерлер ұйымы мен билік органдары тарапынан айтылатын жылы сөз, олардың еңбектерін қоғамның мойындауы, сыйластық көзқарас, сенімді қарым-қатынас қой. Сондықтан, алдағы айлық аясында осы мәселелерге басты назар аударған абзал. Ардагерлер ұйымдары, біздің барлық белсенділеріміз осынау жауапты кезеңді ойдағыдай өткізуге күш-жігерлерін салады, қарттарға нақты моральдық және материалдық көмек пен қолдау көрсетеді деп сенеміз. Өйткені, қазыналы қарияларға тиісті құрмет көрсету – парызымыз. Ардагерлер қоғамның алтын қоры деп білейік.

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
Ақмола облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар