Елордаға таяу елді мекендер экологиясы «Дөңгелек үстел» мәжілісінде талқыланды

«Ақмола облысы бойынша экология департаменті» мемлекеттік мекемесі «Адалдық алаңы» жобалық кеңесімен бірлесіп, «Целиноград ауданы мен елорда маңындағы аумақтардың экологиялық жағдайы» тақырыбында «Дөңгелек үстел» мәжілісін өткізді. Оның жұмысына аудандық жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, Қабанбай батыр ауылдық округінің әкімі, табиғатты қорғау полициясының, үкіметтік емес ұымдар мен республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері қатысты.

Бүгінгі таңда елордадан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Целиноград ауданы және басқа аумақтар мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да үлкен қызығушылық тудыруда.
Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша және «Қазақстандық Ғарыш Сапары» ҰК АҚ геопорталының мониторинг қызметі арқылы ғарыштан түсірілген суреттер негізінде Ақмола облысында (Көкшетау қаласы – 284, Зеренді ауданы – 670, Бурабай ауданы – 1593, Целиноград ауданы – 282, Аршалы – 139 және Шортанды – 77) рұқсат етілмеген қалдықтардың орындары есептелгені анықталды. Департаменттің соңғы деректеріне сүйенсек, ағымдағы жылдың 13 тамызында. 1593 орналасу нүктесінің 823-і немесе 51,6 пайызы жойылған (Көкшетау қаласы – 20, Зеренді ауданы – 438, Бурабай ауданы – 76, Целиноград ауданы – 190, Аршалы – 30 және Шортанды – 53).
–Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қалдықтардың қауіпті құрауыштарын бөлек жинауды, сақтауды, ұдайы алып кетуді, қайта өңдеуді, кәдеге жаратуды және залалсыздандыруды, сондай-ақ, елді мекеннің аумағын тазартуды көздейтін, коммуналдық қалдықтарды жинаудың ұтымды және экологиялық қауіпсіз жүйесін ұйымдастыруға жауап береді. Осы талаптарды іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдарға Геопорталдың ақпараттарын пайдалана отырып, ластанған аймақтарды тазарту бойынша жұмыстар жүргізу тапсырылды, – деп атап көрсетті облыстық департаменттің бас маманы Күләш Рахимова.
Целиноград ауданы әкімдігі тарапынан полигондардың орналасатын жерлері анықталғаны айтылды. Бұлар Қабанбай батыр, Аршалы, Софиевка және Оразақ ауылдық округтері, яғни, Нұр-Сұлтан қаласының төрт бағытында орналасқан. Биылғы жылы Қабанбай батыр және Софиевка ауылында техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге қаражат бөлінді. Конкурс нәтижелері бойынша «Концерн АЙ-СУ» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Бұл орайда, аталған екі полигонға жерге орналастыру жобалары жасалды, жер учаскелеріне кадастрлық нөмірлер берілуде, «АРЭК» АҚ-нан техникалық шарттар алынып, техникалық негіздеме сараптамаға жіберілді. Келесі кезең 2021 жылы Қабанбай батыр және Софиевка ауылдық аймақтары бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, сондай-ақ Аршалы және Оразақ ауылдық округтерінің полигонына техникалық-экономикалық негіздеме әзірленеді. Сондай-ақ, 2022 жылы екі полигон салынатыны белгілі болады.
Мәжілісте кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру мәселелеріне айрықша назар аударылды. Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Ақмола облысында жер қойнауын пайдалануға 154 келісімшарт түзіліп, 16 лицензия берілген. Есеп беру кезеңінде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 1 келісімшарт пен 10 лицензияға қол қойылды. Осы орайда, 50 келісімшарттың бұзылуы талап деңгейінің күшейтілгенін байқататынын айтқымыз келеді.
Департамент сонымен қатар құқық қорғау органдарымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып жер қойнауын заңсыз пайдалануға қарсы жұмыстар жүргізуде. Бұл ретте де нәтижелі жұмыстар байқалады. Бүгінгі күні «Ғарыш ​​Сапары»ҰК» АҚ геоақпараттық мәліметтер және қызмет көрсету орталығының Геопорталын қолдану арқылы пайдалы қазбалар орындарындағы заңсыздықтарды анықтау жұмыстары күшейтілді. Қазір елорда маңында 48 жер учаскесі Геопартал дерек қорына алынып, жер қойнауын заңсыз пайдалану негізінен Қосщы ауылының маңында жүзеге асырылатыны белгілі болып отыр.
Жалпы, есепті кезеңде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 139-бабына сәйкес жер қойнауын рұқсатсыз пайдаланғаны үшін 5 жеке тұлға 470 275 теңге сомасында жауапкершілікке тартылған екен. «Дөңгелек үстел» мәжілісін ұйымдастырушылар жұртшылық назарын аталған келеңсіздіктерге жол бермеуге, Қазақстан заңдылықтарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуге шақырды.

Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар