Қылмыстың алдын алған жөн

Жуырда аудандық прокуратурада құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің  кезекті отырысы болып өтті.  Алқалы жиын барысында құқық бұзушылық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қаралып,  қоғамдағы оның кез-келген көрінісіне  «нөлдік» төзімділікті қалыптастыру жайы талқыланды.

Кеңес нәтижелері бойынша  аудан әкімдігіне «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң талаптарын мүлтіксіз орындау, оның алдын алуда уәкілетті органдардың бірлесе  кешенді шараларды қолға алуын қамтамасыз ету туралы ұсыныстар айтылды. Ал, ауылдық округ әкімдеріне тәртіпсіздікке мүлдем төзбес сананы қалыптастыру мақсатында тұрғындардың арасында үгіт-насихат шараларын, түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Аудандық ішкі істер бөліміне  аймақтағы қылмыстың алдын алу бойынша жұмыстарды жандандыру, осы саладағы заңнамалық актілер мен басқа да құжаттардың орындалуын қадағалау, кінәлілерді «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекс шеңберінде жауапқа тарту жүктелді. Мұнымен қоса, аталған бөлім Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментімен бірлесе отырып, сотқа дейінгі іс жүргізу барысында құқық бұзушылықтарды жасауға жағдай туғызатын себептерді анықтауға тиіс.  Қажет болған жағдайда, «Қылмыстық  іс жүргізу туралы» кодекстің  200 бабы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға, ұйымдарға немесе жеке тұлғаларға аталған олқылықты жою жөнінде ұсыныстар енгізіп, оның орындалуын бақылауда ұстау да назардан тыс қалмауға тиіс.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты ЕЦ 166/26 түзету мекемесінің аумағына  тыйым салынған заттарды кіргізудің алдын алу, сотталғандардың оқшаулау жағдайларына, әлеуметттік ортаға бейімделіп, күйзелісті жеңе білуге, тұлғалық қарым-қатынастарды оңтайландыруға, бостандыққа шығуға дайындауға қажетті шаралардың барлығын қолға алуға көмектесу де маңызды. Мұның барлығы да аймақтағы қылмыстарды азайтып, бұзақылыққа мүлдем төзбеушілік психологиясын қалыптастыруға мүмкіндік береді.  Ал, ол өз кезегінде азаматтық қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға септеседі деген ойдамыз.
Қай уақытта болмасын қылмыстың алдын алу өте маңызды. Сондықтан да, ел ішінде түсінік жұмыстарын жүргізіп, бүгінгі күні орын алып тұрған әр қилы қылмыстардың залалы туралы айтып отырмыз. Мұндай жұмыстарды ең алдымен білім ошақтарында, жастардың ортасында, еңбек ұжымдарында жүргізу керек. Халықта «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін сөз бар. Демек, өмірге енді ғана қадам басқан жастарды дәл қазір сақтандыру, жақсы тәлім-тәрбие беру, оң бағыт сілтеу жалғыз біздің ғана емес барша қоғамның абыройлы міндеті.
Владимир АФАНАСЬЕВ,
Жарқайың ауданының прокуроры,
ведомствоаралық үйлестіру
кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар