Коронавирус! Қатерлі індетпен күрес сабақтары және ескеретін жайлар

Ақмола облысы тұрғындары арасында ақпан мен тамыз айлары аралығында коронавирус COVID-19 жұқтырып, медициналық мекемелерде емделген науқастар саны 3393 адамды құрады. Денсаулық саласының 34 мекемесінде қуаты 2223 орындық провизорлық және инфекциялық бөлімшелер ашылып, осы мекемелерде 1636 дәрігер, 5880 орта буынды мамандар мен басқа да қызметкерлер медициналық көмек көрсетуге жұмылдырылды. Тілсіз жаумен болған майданда коронавирус жұқпасына шалдыққан 843 медицина қызметкері емделіп шықса, өкінішке орай 15 адам өмірден өтті.
Жарты жыл немесе 6 ай облыстық тубдиспансерде біздің аурухананың қызметкерлері және басқа да мекемелерден келген қызметкерлер осы майданда 208 күн мен түн қызмет атқарды. Мен осы ұжымның басшысы, ғалым, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиолог дәрігері ретінде індетке қарсы күрес барысында саралаған ойларыма тоқталғым келеді. 208 күннің әр сәті – науқас пен ақ халатты абзал жандардың өмір үшін ажалға қарсы күрескен күндері мен ұйқысыз өткізген түндері.

Індет. Алғашқы сәт
2011-2015 жылдары денсаулық сақтау саласына басшы қызметін атқарғанда 130 орынға арналған жұқпалы аурулар ауруханасының жобасын жасатып едім, бір өкініштісі, кейін қызметке келген басшылар белгісіз себептермен оны іске асырудан бас тартты. Осылардың нәтижесінде облысымызда арнайы және қуаты мол инфекциялық орталық жоқ. Біздің аурухананың санитарлық-эпидемиологиялық дайындығына, кадрлардың қатал эпидемиологиялық талаптарды орындауда мол тәжірибесіне байланысты біздегі бөлімше облыс бойынша коронавирусқа шалдыққан науқастарға көмек көрсететін, 50 орынн

ан бастап 230 орынға дейін науқастарды қабылдайтын негізгі орталық болып ашылды. Алғашқы ақпараттар мен анықтамалар, нұсқаулар бойынша коронавирустың асқындырып, қатты зақым келтіретіні тыныс жолдары мен өкпенің қабынуы. Осы орайда есепке алынған біздің аурухананың тағы бір ерекшелігі – 2019 жылы біздің 5 фтизиатр дәрігеріміз «Пульмонология» мамандығы бойынша 4 айлық дайындықтан өтіп, талапқа сай құжаттарын алған еді. 16 наурыздан 28 тамызға дейін қызметкерлердің 10 тобында 592 адам ерен еңбек етіп, осы мерзімде 687 науқас сырқатынан құлан таза жазылып шықты, оның ішінде 88 науқас жан сақтау бөлімшесінен аяқтарына тұрып, отбасына оралды.

Алғашқылар болып, бірінші дәрігерлер тобын бөлімше меңгерушісі ретінде тәжірибелі, жоғары санатты дәрігеріміз Марина Осипова басқарды. Алғашқы түскен науқасты біздің аурухананың мақтанышы, болашағынан зор үміт күттіретін дәрігеріміз Жанат Ғазизов қабылдап, емдеу бағдарламасын бекітіп, дәрі-дәрмектерін тағайындады. Жанат Рахметоллаұлы жас та болса өте сезімтал, зирек маман, фтизиатрия мамандығын «Рентгенология» және «Пульмонология» мамандықтарымен бірге ұштастыруда, осы бағыттарда да оқып, дайындықтан өткен іскер дәрігер.
Денсаулық сақтау басқармасы Ақмола облыстық тубдиспансеріне провизорлық және инфекциялық бөлімшелері бар 34 медициналық мекемені қаржыландырудағы басты операторлық міндетті жүктеді. Демек, ӘМСҚ 34 медициналық мекеменің шығынын өтеуге арналған қаржыны облыстық тубдиспансерге аударып есеп айырысады, жалпы қаржы көлемі 1,6 миллиард теңгені құрайды, осы бағыттағы жұмыс барысында ауыр салмақ пен жауапкершілік тек қана біздің мамандардың мойнында болды. Осы міндеттерді атқаруға қосымша қаржы не адам ресурстары берілген жоқ.

Жақсы бір істер
Әрқашанда қиындықтар бір жақсы сәттермен есте қалады, осы мерзімде 12 сәби дүниеге келіп

, аналардың аман-есен жаны қалып, отбастарына оралды. Майдан ортасындағы қуаныш!

Нұр-Сұлтан қаласынан өте ауыр халде және коронавирус ауруына қосымша инсульт алған қарт ана, сырқатынан құлан-таза жазылып, аяғына тұрып үйіне аттанды. Баршамыз қуанып, «Бұл да жеңісіміз! Әжей 100 жыл жасасын!» дедік.
14 сәуірден бастап облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың шешімімен біздің мамандар күнделікті ауысым қызметі аяқталған соң «Елікті» шаңғы орталығына барып тынығып, дем алатын болды. Қаржы облыстық бюджеттен бөлінді. Тамаша шешім!
Дәрігерлердің алғашқы тобы 15 сәуірде 20 күн бойы өз қызметтерін атқарып, 14 күндік карантин

ге оқшаулануға аттанды. Осы орайда ерекше шешім қабылдап, барлық шығынды өз мойнына алған дәрігерлерге 45 күн бойы 3 топ кезекпен жағдай жасаған көкшелік азамат Арман Шораев. Біздің елдің жігіттері осындай, абыройың арта берсін!

Көп көтерген жүк жеңіл
Осы орайда, Нұрлан Жаров басқаратын Ақмола облыстық көпбейінді аурухананың акушер-гинеколог дәрігері, өз ісінің іскер маманы Саржан Қалмұратов қажырлы еңбек етіп, 12 сәбиді жарық дүниеге өз қолымен қабылдады. Бәрекелді, бәріміздің жеңісіміз, мақтанышымыз! Осы ұжымның бөлімше меңгерушісі, облыстың штаттан тыс бас маманы, анестезиолог-реаниматологы Юрий Кабаргин бізде 10 топта 12 реаниматолог қызмет атқарған болса, осы мамандардың әрбір іс-қимылын бақылап, кеңес берген жеке тұлға, деңгейі өте жоғары маман. Нағыз ешкімге көрінбей майданның ортасында жүрген Юрий Викторович деуге болады.
Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Елена Иванованың көмегінің де, кеңесінің де орны ерекше болды. Себебі, науқастар арасында 12 нәресте, 50-ден аса балалар мен жасөспірімдерге осы аурухананың мамандарының берген көмектері шексіз. Болашақ ұрпақ разы болсын!
Дәрігер инфекционистер біздің облыс орталығында тек қана Сәуле Жұматаева мен б

алалар дәрігері Виктория Пичкунова. Қос әріптесіміз осынау қиын-қыстау уақытта тек біздің аурухана ғана емес, жалпы облыс бойынша кеңес беріп, диагностикалық көмек беру қызметін ерекше жауапкершілікпен атқарды. Екеуі де менің өтінішім бойынша талай рет жұмыстан тыс, түнгі уақыттарда көмекке келіп, талай түндерін ұйқысыз өткізгендеріне өз басым куәгермін. Қос әріптесімізге мың алғыс! Сапалы медициналық қызмет көрсету әрбір мекеменің медициналық құралмен және қондырғылармен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Осы орайда, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясовтың шешімі ерекше орын алды. Басқарма басшысының бұйрығы бойынша әрбір емхана мен аурухана медициналық құрал-жабдықтарды біздің ауруханаға өздері жеткізіп, талапқа сай қамтамасыз етуге көмектесті. Осының ішінде Жарқайың, Зеренді, Астрахан аудандық, Көкшетау қаласының екі емханасы, облыстық балалар ауруханасы және облыстық, Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханалар басшыларына шексіз алғысымызды айтамыз. Облыстық медицина жабдықтарымен қамтамасыз ету базасы, оның директоры Асылхан Үсеновтың шешімімен күні-түні оттегі баллондарын тасуға жүк машинасы және жұмысшылар бөлінді. Оттегі баллонын жігіттер күніне 80 данаға дейін тасыды. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ата-бабамыздың сөздері осы жерде де орынды болар.

Аурухананы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келетіндей қамтамасыз ету, науқастарға жағдай жасауды білдірсе, екіншіден, қызметкерлердің денсаулығы мен өміріне қауіпсіз жұмыс орнын, жеке басын қорғайтын қажетті киімдер мен мүліктерді дайындау – ең басты талаптардың бірі. Осы орайда, Ақмола облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті және қалалық басқарма өз міндетін өте жоғары деңгейде орындады деп атап өткім келеді. Осы қызметтің басшысы Айнагүл Мусина, орынбасары Серік Омарханов, бөлім басшысы Гүлмира Сиражиденова, қалалық басқарма басшысы Қанат Ысқақов, қалалық басқарманың бөлімше басшысы Медет Қуанышбеков біздің инфекциялық бөлімшені ұйымдастыруға, зертханада ПТР д

иагностикасын ашуға шұғыл түрде шешімдер қабылдап, керекті құжаттарды, мемлекеттік лицензияларды алуда заңды түрде көп көмек көрсетті. Осы әріптестеріміздің іс-қимылдарын, шешімдерін «нағыз мемлекеттік қызметшілердің көзқарасы» деп атау керек.

Біздің аурухананың өз міндетін уақытында, сапалы атқаруына тікелей ықпал жасаған мекемелердің бірі –Болат Есмағамбетов басшылық етіп отырған санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталығы. Сұраныстарымызға алдын ала өтемақы талап етілмей, өтініштеріміз талай рет сапалы да шұғыл түрде орындалды. Бұл көмектері біз үшін белгіленген уақытта қажетті шешімдер қабылдауға, қызмет көрсетуге рұқсатнама алуға мүмкіндік берді. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметте еңбек етіп жүрген әріптестерімізге айтар алғысымыз мол. Ал, өз басым оларды мақтан етемін, себебі, біразы менің шәкірттерім. Дегенмен, осы қызметте жалпы мемлекет бойынша құқықтық-нормативтік олқылықтар өте көп, оның бәрі жоғарыда отырған басшыларға байланысты.

Облыс әкімінің шешімдері

Наурыз айының 31-і күні басшымыз Сүлен Ілиясовтың тапсырмасы бойынша мен Шағалалыдағы Зеренді аудандық ауруханасының амбулаториясының жағдайын көріп, провизорлық бөлімшесін ашу мүмкіндігін анықтауға барған едім. Кенет облыс әкімінің қабылдау бөлмесіндегі хатшы «сізді Ермек Боранбайұлымен байланысқа қосамын» деді. Ермек Боранбайұлы амандықтан кейін «Қасымжан Қалижанович, сіздерге алғысымды айтамын. Қиын кезеңде, негізгі ең ауыр уақытта адам өміріне араша болып, коронавируспен ауырғандарға медициналық көмекті үлкен жауапкершілікті өз мойындарыңызға алып отырсыздар. Ұжымдарыңызға сәлем, менің алғысымды айтыңыз» деген соң, сөз ретіне қарай мен «Ермек Боранбайұлы, рахмет, негізі сіз ұжымға келіп кездесіп, науқастармен де бейне байланыс арқылы сөйлесуіңізге болады, бізде сондай мүмкіндік бар» дедім. Бұл ұсынысымды Ермек Боранбайұлы қуана қолдады. Сәуір айының 3-і күні бір топ азаматтармен біздің ауруханаға келіп, жағдаймен танысты, бейне байланыс арқылы науқастармен, бөлімшедегі медицина қызметкерлерімен дидарласып, алғысын айтты. Осы сапарында өңір басшысы жалпы, туберкулезге қарсы іс-шаралар, басқа да мәселелермен танысты және мекемеге автобус, қызметкерлерге 20 миллион теңге сыйақы беру, жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу мәселелерін шешіп кетті.
Маусым айының 20-сы күні Ермек Боранбайұлы мені өз қабылдауына шақырды. Жұмыс орнын

да орынбасары Мәлгаждар Тәткеев екеуі отыр екен. Кездесу барысында жалпы жағдай мен коронавирустан эпидемиологиялық жағдайды, емдеу барысын, шешімін таппаған мәселелерді сұрастырып біліп, «оттегін дайындайтын қондырғыға 45 миллион теңге, Степногорск қаласындағы бөлімшені жөндеуге 40 миллион теңге, қызметкерлерге сыйақыға 10 миллион теңге, коронавирус бөлімшесіндегі қызметкерлердің тамақтануын қамтамасыз етуге 13 миллион теңге қаржы бөлінеді» деді.

Бөлімше сыртындағы іс-әрекеттер
14-15 күн өткен сайын бөлімшеге мамандардың жаңа тобы ауысымға кіреді. Наурыз-маусым айлары аралығында бейне байланыс арқылы күніне екі рет жиналыс өткізіп отырдық. Мақсатымыз – жағдайды біліп, керек болса шұғыл шешімдер қабылдау, қызметкерлердің көңіл-күйін, рухын көтеру. Әрбір кездесуіміз дәрігерлерге арналған әнұранмен басталуын міндетке айналдырдық.
Осы мерзімде жеке уақытымен санаспай, демалыс пен мереке күндерді есепке алмай, жұқпалы аурулар бөлімшесінің мүлтіксіз жұмыс істеуін сыртта жүріп біздің дәрігерлер, мейірбикелер мен көмекшілері, аспазшылар мен жүргізушілер, сантехник, электрик, шаруашылық меңгерушісі, есеп-қисап, мемлекеттік сатып алу бөлімдері шын ниетпен, адал қамтамасыз етті. Осы жағдайға қарап тарихты еске алсақ, «бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деп, Ұлы Отан соғысы жылдары ата жауға қарсы барша халық әр салада жан аямай еңбек етсе, бүгінгі күндері олардың ұрпақтары да адамзатты індеттен аман алып қалу үшін солай күресуде.
Атап айтқанда, менің орынбасарларым Күлбарам Темірова, Жазира Нысанбекова, аурухананың бас мейіргері Бақыт Кенжеболатова, Арман Шериязиданов дәріхана меңгерушісі, Аниша Нұрахметова, Таьяна Пегливанян, Нұрәлі Закарин, Серік Кучуковтардың міндеттері – кадрларды даярлау, дәрі-дәрмек, ас-судың сапасы, індетке байланысты қалалық автобус қатынасы тоқтап қалған кезде қызметкерлердің жұмысқа жетуін қамтамасыз ету, жоғары жаққа белгіленген уақытта ақпарат беру, басқа ауруханалармен, кеңесші дәрігерлермен байланысып отыру, коммуналдық шаруашылық жұмыстарын қамтамасыз ету болса, бәрі де алға қойылған міндетті өте биік деңгейде атқарды, тәуліктің қай уақытында болсын өз орындарынан табылып, әрбір істі ұйымдастырып, шешім қабылдай білді.
Бағдарлама инженерлері Александр Григорьев, Андрей Чугай, бас бухгалтер және бас эконом

ист Динара Қосманова, Көркем Құдайбергенова, бухгалтер Ирина Чконя, біздің аурухана арқылы қаржыландыруға бекітілген 34 медициналық мекеменің арнайы бағдарлама жүйесі арқылы уақытында есеп айырысуды қамтамасыз етіп, өз істерінің майталмандары екенін көрсетті.

Зауреш Мырзахметова, Маржан Желғозина, басқа да зертхана қызметкерлері осы уақытта ПТР диагностикасын меңгеріп, іске қосты. Өзге мекемелерде зертхана жұмыстары тоқтап қалғанда, Маржан Амангелдіқызы басқарған лаборанттар тобы тәулік бойы қызмет істеп, диагностиканы уақытында қамтамасыз етті.
Мемлекеттік сатып алу бөлімінде Раушан Балтабаева, Саят Исмаилов, Евгений Ушаков, техник-инженер Сәуле Есжанова, бақылау кеңесінің хатшысы Динара Рыспаева материалдық базаны дайындау, жөндеу жұмыстарын жүргізу, қажет материалдар мен басқа да бұйымдарды сатып алуда өз міндеттерін аса тиянақты орындады. Серік Кучуков басқарған шаруашылық қызмет те автогараж, коммуналдық шаруашылықты, Рүстем Асқаров тәулік бойы стационарды оттегімен үздіксіз қамтамасыз етуді, техникалық қауіпсіздікті бақылау жұмыстарын мінсіз атқарды.
Автогараж механигі Сембай Қалиев бастаған жүргізушілер Виктор Сажин, Қонысбек, Сансызбай, ағайынды Владимир, Виталий Шеферлер, Амангелді, Василий, Серікбай Көпбаев, Асхат Сайдалин ел басына туған жағдайға өте түсінікпен қарап, қызмет бабымен талай түндерді ұйқысыз өткізді.
Міне, осылай жұмылған жұдырықтай, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған үлкен ұжым адамгершілік пен отансүйгіш сезімнің, әркім өз міндетін қалтқысыз атқарғанының нәтижесінде, 28 тамыз күні індеттің бірінші толқынын үлкен жеңіспен аяқтады. Құрметті менің әріптестерім, еңбектеріңізге алғысым шексіз, бас иемін!

Пікірлер мен ұсыныстар
Жалпы облыс бойынша сараптай келсек, менің ойымша коронавируспен күрес барысында көп кемшіліктерге көзіміз жетті дер едім. Оның ішінде, күнделікті жұмыста, әсіресе, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмеген жайлар көп орын алды. Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан да көп жағдай уақытында шешілмеді. Оның себебі, менің ойлауымша тәжірибелі, өңірлерді, ауыл-селоның жағдайын жақсы білетін мамандардың орталық аппаратта болмауы. Сол себепті келесі мәселелерді баса айту керек, осыларға көңіл бөлу керек.
1.Коронавируспен ауырған науқастарды емдеуге бөлінген орындар талаптарға сай келмеді, уақытында дайын болмады. Науқастарды оқшаулауға арналған палаталар, оларға оттегін беру жүйелері, науқас саны көбейген сәттерде осы палаталарға қосымша бөлмелер бөлу көп мекемелерде қарастырылмай, басқарма басшылығының бірнеше рет қойылған талап-тапсырмаларынан кейін ғана реттеліп отырды. Індеттің қазіргі азайған уақытында осы мәселелер қарастырылып, шешілуге тиісті.
2.Ауруханалар мен емханаларда қызметкерлерге, олардың киім ауыстыруына, шомылуына арналған орындар, санитарлық өткізгіш-сүзгі бөлмелері дайын болмады. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтегілер үшін еш жағдай жасалмады және қаражат та көзделмеген. Оларды талапқа сай киім, аяқ киім, шешінетін, киімдерін ауыстыратын, пайданылған киімдерін жинап, жуатын орындар мүлдем ойластырылмаған. Шомылатын орындар да ешбір мекемеде жоқ және мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің бірде-бір құжатында қарастырылмаған. Осы сұрақтарды шешу үшін санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің бюджетінде қаражат қарастырылуы керек. Аудандардағы немесе қаладағы ауруханаларда ұйымдастырылған санитарлық өткізгіш-сүзгі бөлмелерін, кір жуатын орындарды ауруханамен келісім-шарт бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлер үшін жағдай жасауға пайдалануға мүмкіншілік бар.

 

3.Санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлерді зертханалық тексеруден өткізу үшін қаражат қарастырылмаған. Жалпы, коронавирусты анықтауға арналған зертханалық бақылауды, оның төлеу механизмдерін және осы бақылаудан қандай тұлғалар міндетті түрде өтуге тиісті екенін қайта қарап, бекіту керек. Зертханалық тексерістен өту тәртібі реагенттердің не болмаса зертханалардың мүмкіншілігіне тәуелді болмағаны дұрыс.
4.Ауруханаларда алғашқы айларда әртүрлі медициналық бұйымдар мен қондырғылардың үлкен тапшылығы байқалды. Қазіргі уақытта соның бәрін тексеріп, есепке алу керек. Осы бағытта профилактикалық жұмыстар жүргізілуі қажет.
5.Облыс бойынша мамандардың жетіспеушілігі, соның ішінде әсіресе, анестезиолог-реаниматолог дәрігерлердің тапшылығы ерекше орын алды. Біріншіден, алғашқы толқында науқастарға сапалы қызмет көрсеткен мамандар тізім бойынша резервте тұру керек. Екіншіден, қосымша мамандармен толықтырып, араластырып, қазірден топ-топқа бөліп, дайындық жұмысын жүргізген абзал.
6.Жоспардан тыс, шұғыл түрде жұқпалы ауруларды емдеуге ашылған стационарларды қаржыландыру механизмдері Министрлік тарапынан уақытында дұрыс шешілмеді. Осы қателіктер жылдық жоспарда ауруханалардың негізгі қызметіне арналған қаржыны ауытқыта жұмсауына мәжбүр етті. Келесі жылды қаржыландыру жоспарында осы олқылықтарды есепке алып, назарда ұстаған дұрыс.
7.Ұжымдардағы медицина қызметкерлерінің арасында коронавируспен ауырғандардың оны қашан, қандай жағдайда жұқтырған себептерін анықтауға бағытталған ешбір құжат немесе нұсқама осы күнге дейін жоқ. Бұл – Денсаулық сақтау министрлігіндегі комитет, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан ойластырылмаған үлкен кемшілік. Осының салдарынан коронавируспен ауырған науқасқа тікелей медициналық көмек көрсетуге ешбір қатысы болмаған қызметшілер де қазіргі кезде «екі миллион теңге аламын» деп дәмеленіп, әңгіме көтеруде.
8.Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің соңғы қаулыларында коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеуге арналған бөлімшелерде қызмет етуге кірерде және ауысым аяқталғанда қызметкерлерді зертханалық тексерістен өткізу мүлдем қарастырылмаған. Бұл шешім өте қате екенін мен күмәнсіз айта аламын. Осындай қателіктер жұмыс беруші мен қызметкер арасында түсініспеушілікке әкеліп соғады. Осыдан кейін орынсыз шағымдар туады немесе ешқандай негізсіз адамның құқығы бұзылады.
9.Қосымша жалақы төлейтін мамандар мен қызметкерлердің тізімін қайта қарап бекіткен дұрыс деп ойлаймын. Себебі, үстіміздегі жылдың 13 тамызына дейін жұқпалы аурулар бөлімшесіне арналған штаттық кесте туралы Министрлік тарапынан ешбір нұсқау болған жоқ және электрик, сантехник, метролог, программист, психолог мамандарына қосымша еңбекақы төлеу ешбір құжатта көрсетілмеді.
10. Қайтыс болған адамның мәйітін тасымалдау, жерлеу тәртіптері осы күнге дейін реттеліп, бекітілмеген.
11.Алыс-жақын шет елдерге іссапарға шыққан немесе демалысқа барған азаматтармен жұмыс тағы да кеш басталып отыр. Осы бағытта жұмысты шет елдерге шығуға рұқсат берілген уақыттан бастап есепке алып, оларды елімізге оралған бойда оқшаулап, бақылауға алып, зертханалық тексерістен өткізуді талап ету керек еді. Осы шаралар тағы да кеш басталып отыр.
12. Мектеп оқушыларының оқуын ауылдық шағын мектептерде тоқтатпаған дұрыс деп ойлаймыз. Себебі, ауыл балалары бәрі бірдей тығыз қарым-қатынаста болады немесе мектеп-интернаттарын ұйымдастырып, жағдай жасап, бақылауда ұстауды қолға алған дұрыс.
13.Пандемия басталғанда медицина мекемелерінің өзара қарым-қатынастары үзілді. Сондықтан, әр жерде, әр қилы кемшіліктер болды. Осы орайда, мамандарды әрбір базаға жіберіп, оқыту, үйрету жұмыстарын ұйымдастыру қажет.

Тұжырым
Облысымыз бойынша денсаулық сақтау саласы және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өз міндеттерін үлкен абыроймен атқарды. Әлі де майдан аяқталған жоқ, сондықтан, шұғыл түрде қарастыратын, шешетін мәселелер көп. Қазіргі уақытта жоспарлы түрде, жоғарыда атап өткен олқылықтарды ескере отырып, дайындық жұмыстарын іске асыру қажет. Бүгінгі таңда облыстық фтизиопульмонология орталығы қысқы мерзімге дайындық және профилактикалық жұмыстарды аяқтап, 15 қыркүйектен бастап науқастарды қабылдауға кірісті.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар