Ұстаз мәртебесі

Ұстаз мәртебесі

Ақмола облысында 21 мыңнан астам педагог білім саласында еңбек етуде. Оның 16 мыңы жоғары білімді мамандар. Бұл барлық ұстаздардың 80 пайызын құрайды, сонымен қатар, 5 мыңға жуық мұғалімнің техникалық, кәсіби және ортадан кейінгі білімдері бар.

2018 жылдан облысымыздың 8763 педагогы жаңа жүйе бойынша аттестаттаудан өтіп, педагог-модератор, сарапшы-педагог, зерттеуші- педагог және шебер-педагог біліктіліктерін ойдағыдай қорғап шықты. Сол бойынша жалақылары да өсті.
Былтырғы оқу жылының соңында мектептерге 600-ден астам мұғалім қажет болатын. Жалпы, жыл сайын облысымыздың білім беру ұйымдарына 900-ден астам маман жұмысқа қабылданады. Соның 400-ден астамы жас педагогтар. Мәселен, соңғы үш жылда 1487 жас маман келді (2018 жылы – 469, 2019 жылы – 485 және 2020 жылы – 533). Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі жағдай бойынша облысымыздың білім беру ұйымдарына 1117 маман жұмысқа орналасқан.
Білікті педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін шешу, мұғалімдерді ауылға тарту мақсатында облыстық бюджет қаражаты есебінен жоғары педагогикалық білім алуға гранттар бөлу жұмыстары жалғасуда. Мәселен, 2017 жылдан педагогикалық мамандарға түсетін студенттерге 398 грант бөлінді. Олар оқуларын аяқтаған соң облыс аумағында жұмыс істейтін болады.
Биылғы жылы педагогтардың еңбекақыларын 25 пайызға арттыруға республикалық бюджеттен 11,5 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұдан бөлек, білім жүйесі қызметкерлерінің педагогикалық шеберліктеріне төлем жасау үшін бюджет есебінен 4,4 миллиард теңге бағытталды.
«Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, 2020 жылдан бастап педагогтардың еңбекақыларын 25 пайызға индекстеу қарастырылған. Келер жылы мұғалімдердің еңбекақыларын арттыруға республикалық бюджеттен 22,9 миллиард теңге бөлінбекші.
Мұғалімдер күні қарсаңында облысымыздың үздік педагогтарына, білім саласының ардагерлеріне, жақсы нәтижелерге қол жеткізген жас мұғалімдерге «Алтынсарин медалі», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Халық алғысы» медалі секілді мемлекеттік марапаттар тапсырылады.
Биыл Ақмола облысының төрт ұстазы республикамыздың үздік педагогтары қатарына енді. Олар: Атбасар ауданынан музыка жетекшісі Зәуреш Батырова, Бұланды ауданынан мұғалім Люция Подолько, Жақсы ауданынан математика пәнінің мұғалімі Еркегүл Сүлеймен және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы көпсалалы колледжінің арнайы пәндердің оқытушысы Салтанат Құсайынова.

Ботагөз ДҮЙСЕНОВА,
Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *