Көне заманның бұйымдарын жасайды

Көкшетаулық қол өнер шебері Рүстем Шәріпов темір-терсектен бастап ағаш, тері өңдеп, олардан көздің жауын алатын бұйымдар жасап шығаруда. Оның коллекциясында ұсақ кәдесыйлар, тұрмыстық бұйымдар мен басқа да түрлі әшекейлер бар.

Зергер Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында облыстық Мәлік Ғабдуллин музейінің арнайы тапсырмасымен қазақ батырының сауытын жасады. Осы жұмысына темірді пайдаланып, оны өзіндік қолтаңбасы арқылы өнер туындысына айналдырған. Өнердің орындалу техникасы да сан алуан. Бір ғана батырдың сауыт-сайманын жасау үшін шебер жарты жыл уақыт жұмсаған екен. Рүстем Шәріпов өзінің мектеп жасынан бастап сурет салып, ағаштан, металдан түрлі бұйымдар жасап үйренгенін айтады. Қорғасынды ерітіп, оны құйып, белгілі бір пішінге келтіріп жүріпті. Ағаштан да көп бұйым жасапты. Тері илеп торсық, саба жасап шығарған екен. Университетті тәмамдаған соң толығымен зергерлік өнерге бет бұрыпты. Бұл жолда көптеген ұстаздардан дәріс алған. Мәселен, ұста Құрман Базилинов оны металл мен тас өңдеудің қыр-сырына қанықтырып, асыл тасты жүзік жасауды үйреткен екен.
Бүгінгі күні Рүстем Хасенұлы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде қолданбалы сәндік өнер пәнінен сабақ береді. Ол құнды бұйымдарды өзі жасап қана қоймай, білген өнерін жас өрендерге де үйретуде. Осындай шәкірттерінің қатарында өзінің ұлы Асылхан Хасен де бар. Ол қолданбалы өнерді жақсы көретінін, келешекте әкесінің ісін жалғастыратынын айтты. Ағаш пен темірден түйін түю – Рүстемнің қолы қалт еткенде айналысатын ең сүйікті ісі. Осы бұйымдарға жұмсалатын шикізатты Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан арнайы тапсырыспен алдырады. Оның қолынан шыққан көптеген бұйымдар көне дәуірден сыр шертеді. Өзінің айтуынша, бұл бұйымдардың басты құндылығы да осы. Болашақ жоспарларына келсек, алдағы уақытта өзінің жеке өнер көрмесін өткізуді көздеп отыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар