Салаға туғызылған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудамыз

Мемлекет басшысының Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлінгендігі белгілі. Осы бағытта елімізде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғырту мен дамытудың бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өткен жылдың 26 желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойған болатын. Жаңа заңның негізінде еліміздің тұрғын үй саласында жүзеге асырылатын реформа бірқатар күрмеуі қиын мәселенің түйінін тарқатуға бағытталған. Осыған орай, біз де бар мүмкіндікті пайдаланып, халық үшін маңызы зор осы саладағы қордаланған мәселелерді шешу бағытындағы шараларды мүмкіндігінше жүзеге асырудамыз.

Биыл «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламаларының шарапатымен көп-көрім жұмыс істеліп қалды. Мамыр айында облыстық әкімдіктің жылу беру маусымына дайындық туралы қаулысы қабылданған болатын. Осы қаулыға сәйкес облыстағы барлық жылу беру кәсіпорындары қыркүйектің 15-іне дейін дайындық жұмыстарын аяқтау жоспарланды. Осы бағытта үстіміздегі жылы облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына 46 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржы 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,4 есеге көп. Облыстың 8 елді мекенінде жылу беру нысандары мен жылу құбырлары жаңғыртылды. «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 10,6 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда, 3,9 есе көп. Сонымен бірге, жолдарды жөндеу мен отын қорын жинақтауға 5 миллиард теңге бөлінді. Бұдан осы салаға қаншалықты қамқорлық жасалып отырғандығын көруге болады. Жоғарыда аталған бағдарламаларды жүзеге асыру барысында 61 көп қабатты тұрғын үй мен 454 жекеменшік үйлер, 31 әлеуметтік нысан жылу жүйесіне қосылды. Елді мекендердегі кейбір тозығы жеткен жылу жүйелері алмастырылып, қысқа дайындық жұмыстары біршама тыңғылықты атқарылды. Әйтсе де, Атбасар, Егіндікөл, Зеренді аудандарында күрделі жөндеу жүргізілуі себепті кейбір нысандардың дайындық жұмыстары кештеу аяқталғандығын айта кетуіміз керек. Мәселен, Егіндікөл ауданындағы Армавир, Полтава орта мектептерінде қазандықтарды жөндеу жұмыстары кеш аяқталды. Денсаулық сақтау саласында да осындай олқылықтардың ішінара орын алғандығы бар.
Облыс орталығындағы «Көкшетау Жылу» кәсіпорны жылу жүйесін жөндеуді ширата түсуі керек еді. Осы орайда, аталмыш кәсіпорынға жыл сайын 3 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінетіндігін айтсақ болады. Демек, бұл кәсіпорында қолбайлау болып отырған бөгесін қаражат емес, істің уақытылы ұйымдастырылмауында. Биыл жөндеу жұмыстары мен отын қорын жасақтауға 6 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Мұншалықты қаржыға жөндеу жұмыстарын тап-тұйнақтай етіп мерзімінен бұрын аяқтауға әбден болатын шығар. Сөз арасында қалалық бюджеттен жылу беру маусымына бір тиын да бөлінбегендігін сыналап айта кетелік. 2016 жылдан бері кәсіпорынның кредиторлық берешегі үздіксіз өсіп келеді. 596 миллион теңгеден жаңа жылу беру маусымына дейін 3,4 есе көбейіп, қордаланып қалған соңғы екі жылдағы қарыз 2 миллиард теңгені құрап отыр. Оның 489 миллионы көмірге, 95 миллионы салыққа төленетін қарыздар. Тұрғындардың қарызы да қордаланып қалған. Бұл орайда, мына бір жайды айта кетуіміз керек. Қыс ішінде пайдаланылған жылу ақысын өндіріп алу бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіледі. Сол кезде қарызы мөлшерден тыс қордаланғандар қалталы ағайындар болып шығады. Ал, зейнеткерлер болса, бұл шаруаға өте мұқият. Ендігі арада кәсіпорын қарызын азайту үшін талапты қатайту да керек шығар.
Қыстан қысылмау үшін жеткілікті отын қорын дайындау өте маңызды. Қазіргі күні жылу беретін кәсіпорындарға көмір жеткізілуде. Екі айлық қажеттілікті өтейтін 160 мың тоннаға жуық көмір алынған. Әйтсе де, бұл көрсеткіш Аршалы, Ерейментау, Есіл, Атбасар, Қорғалжын аудандарында төмен. Белгіленген кестеге сәйкес қыркүйек айының соңында тағы 13,5 мың тонна көмір жеткізіледі деп күтілуде. Облыс тұрғындары 349 мың тонна көмір сатып алған. Бұл қажеттіліктің 53 проценті. Қыстан қысылмай шығу үшін 660 мың тонна көмір қажет. Қазір облыс елді мекендерінде 56 отын қоймасында көмір сатылуда. Көмірдің бір тоннасының орташа бағасы 13 мың теңгені құрайды. Қалалық және аудандық әкімдіктердің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері бұл мәселені жіті қадағалап отыр. Бұрнағы жылдардағыдай қарбалас байқалмайды.
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айының 11-індегі мәліметке қарағанда, жылу және сумен қамтамасыз ету кәсіпорындарының дебиторлық қарызы 1 миллиард теңгеден астам. Оның 593,8 миллион теңгесі бұрыннан қордаланып қалған қарыз болса, ағымдағы қарыз 443,9 миллион теңгені құрайды. Мұндай қарыз аудандарда да бар. Мәселен, дебиторлық қарыз Степногорск қаласында 315 миллион теңге болса, Бурабай ауданында 172 миллион теңгеге жеткен. Сондай-ақ, Атбасар және Көкшетау қалаларында да қомақты қарыз қордаланып қалған.
Коммуналдық кәсіпорындарда да қарыз шаш-етектен. Айталық, «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнының қарызы 334 миллион теңге. Кәсіпорын салыққа 76 миллион, екбекақыға 19 миллион көлемінде қарызға батып отыр. Дәл осындай «Атбасар су» кәсіпорнының қарызы 211 миллион теңгеге жеткен.
Ерте көктемнен ел назарын аударып отырған жылу беру мәселесінде көңіл демдейтін жақсылық та аз емес. Мәселен, облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылында жаңа жылу беру жүйесі тартылуда. Жоба жүзеге асқан кезде қосымша 110 тұрғын үйді қамтитын болады. Оның 30-ы көп пәтерлі үй болса, 80-і жекеменшік үйлер. Сондай-ақ, бұрын жылу тапшылығын сезініп келген 23 әлеуметтік-мәдени нысандардың да мәселесі шешілмек. Жылу жүйесін тартуға 736 миллион теңге қаражат бөлінсе, оның 637,5 миллион теңгесі игерілген. Әйтсе де, бұл арада тағы бір қиындықтың құлағы қылтияды. Мәселен, қазандықтың қуаты жылу жүйесіне жаңадан қосылған нысандардың бәрін жеткілікті жылумен қамтамасыз етуге қауқарсыз. Осыдан барып қосымша қазандық орнату мәселесі туындап отыр. Жаңа жобада жылу ойдағыдай болуы үшін 4 қазандық орнату көзделген. Тығырықтан шығуға мазутқа жұмсалатын ақшаны үнемдеудің арқасында қол жеткізуге болады.
Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласы соңғы жиырма жылдан бері орталықтандырылған жылу жүйесі мәселесін оңынан шеше алмай келген болатын. Көп қабатты тұрғын үйлердің қайсыбірі қолдан салынған пеш арқылы жылытылатын. Биыл облыстық бюджеттен 250 миллион теңге қаражат бөлініп, жаңа қазандық салынды. Қазір соңғы жұмыстары жүзеге асырылуда. Ерейментау ауданында да «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында 734,3 миллион теңге қаражат бөлініп, №5 қазандық жаңғыртылуда. Бірнеше көшеге жылу беру жүйелері тартылды. Зеренді ауданында жаңа заман талабына сай қазандық салу мәселесі туындап тұр. Қазіргі күні оның оң шешімі қарастырылуда.
Сөз соңын шиырып айтқанда, облыстағы көптен бері қордаланып қалған осы салаға қатысты мәселелер мемлекеттік бағдарламалардың шарапатымен жақсарып қалды. Дегенмен, соған қарамастан, қысқы жылыту маусымын ойдағыдай өткізуді де барынша ойда ұстауға тиіспіз. Қалай болғанда да, тозығы жетіп, апатты жағдайға жақын су, жылу, электр желілерін күрделі жөндеуден өткізудің қажеттігін өмірдің өзі алға тартып отыр. Осыған орай, үкіметтік бағдарламаны пайдаланып, халық үшін де, мемлекет үшін де маңызы зор осы мәселені шешу бағытында жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз.

Иван ЮРЧЕНКО,
Ақмола облыстық энергетика және тұрғын
үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар