Сахнадағы ғұмыр

Қазақстан Республикасының Халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, талантты сахна майталманы
Жібек Есекеқызы Бағысова 80 жаста!

Кеңес Одағының халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов:
– Сөз жоқ. Жібек талантты актриса. Театр сахнасына көптеген кесек рөлдерді сомдап шығарды. Әуезовтан бастап, Шекспир шығармаларына дейін бара алатын сирек актрисалардың бірі осы Жібек. Жібектерді мен Сәбира апай мектебінің жалғасы деп түсінемін. Жібек сияқты актерлер рөлге жеңіл-желпі бара алмайды. Үлкен дайындықпен, ізденіспен келеді. Кейіпкерлерін біртіндеп өсіру осы Жібек сияқты бірегей актерлердің ғана қолынан келетін шаруа.

Жібек Бағысованың сомдаған рөлдері:
«Ақан сері Ақтоқтыда» Ақтоқтының анасы, «Құдалықта» құдағи, «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» Ләззат, «Мұрагерлерде» Салиқа, «Ғасырдан да ұзақ күнде» Найман ана, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» Мақпал, «Ақнұрда» Салиха, Гогольдің «Үйлену» спектаклінде Ивановна, Махамбетте ана, Естайдың Қорланында Қорлан, «Келіндер көтерілісінде» Фармон бибі, «Ұмытпа мені Гәккуім» Жеңгей, «Ай тұтылған түнде» Таңқабике, «Қар көшкінінде» Бәйбіше, «Анамның ақ көйлегінде» ана, «Тіл табысқандарда» Болдухан, «Тыныштық күзетшісінде» Қадиша, «Тағдырда» Камила Айханова, «Мазарда» Қорлығайын, «Ричарт – 3» спектаклінде Реки Герцогиня, Чеховтың «Апалы-сіңлілі» қойылымында Анфиса, «Люстра» комедиясында Флюра рөлін сомдаған.

«Өнер уыстаған жерде қалмайды, өсек уыстаған төрге бармайды» деген мақал текке айтылмаса керек. Бүгінде бар саналы ғұмырын өнерге арнап келе жатқан өңіріміздің бірден-бір халық әртісі, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының рухани анасына айналған Жібек Бағысоваға театр өзі келгендей. Ол 60 жылдан астам уақытын киелі өнер жолына арнап қана қоймай, сол жолда аянбай тер төккен талантты сахна тарланы.
Өткенге сәл шегініс жасасақ, 1941 жылы әкесі Есеке Бағысұлы Ұлы Отан соғысына аттанғанда он сегіз жастағы жас ана Қабайдың бар алданышы да, арқа сүйері де құндақтағы сегіз айлық сәбиі, осы Жібек болатын. Қан майданнан хабарсыз кетіп, оралмаған әкенің жалғыз тұяғындай болған Жібек Есекеқызы тұрмыс тауқыметін тарта туып, тұлымшағы желбіреген сүйкімді қыз болып бойжетеді. Қызының кейін халық әртісі дәрежесіне дейін көтеріліп, оның өнер жолында жұлдызы жарқырайтынын жесір ана сезді ме, кім білсін, Жібегін бетінен қақпай еркелетіп өсіреді. Содан, 1957 жылы Алматыдағы «Қазақфильмнен» арнайы топ «Ботагөз» көркем фильмін түсіруге Көкше еліне келеді. Ол кездерде қонақ үй деген атымен жоқ. Сондықтан, меймандарды үй-үйге бөліп түсіретін дәстүр барлық жерде бар-тұғын. Жібектің үйіне де, жақын тұрған көршінің үйіне де бірнеше кісі тоқтапты. Солардың ішінде Ботагөз рөлін орындаушы Гүлфайрус Ысмайылова да болады. Келгендер алыстан түсірілетін көріністерде дублер ретінде Ботагөз рөлін ойнайтын қыз іздестіре бастайды. Сол кезде көршілері жас Жібектің бар екенін, ал оның ат құлағында ойнайтын шабандоздығын айтып, мақтан етеді. Сөйтіп, киногерлердің талап-тілегінен, көңілінен шыққан ол сол жолы «Ботагөз» фильмінің эпизодтарына түседі. Көп ұзамай Алматыға шақырылып, өнер ордасы – Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры жанындағы арнайы студияға қабылданады. Оны 1959 жылы вокалдық-хор мамандығы бойынша тәмамдап, жолдамамен Талдықорған театрында еңбек жолын бастайды. Алайда, 1960 жылы облыс жабылып, театр толық құрамымен Қызылорда қаласына ауысады. Ұжымымен бірге Сыр өңірінің өнерін өркендетуге актриса да құлшына кірісіп, ұлттық драматургияның озық үлгілерін меңгеруді қолға алады. Алғашында Еңлік, Ақтоқты, Жүзтайлақ рөлдерін ойнап, өзінің актерлік мүмкіндігінің молдығын жан-жақты байқатады. Қашанда актер өнерінің жайқала көрінуі режиссердің қарым-қабілетіне байланысты. Жас Жібектің шығармашылық жолында көптеген талантты режиссерлер кездесіп, олардың ықпалы актрисаны үлкен табыстарға жетелеп отырады. Осылайша Жібек Есекеқызы режиссер Мен Дон Ук қойған М.Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясындағы Қарагөз рөлін асқан шеберлікпен ойнап көзге түседі, ал, спектакль қазақ театр тарихында елеулі құбылысқа айналады. Сөйтіп, жас актриса Жібек Бағысованың Қарагөз бейнесін лирикалық жиынтыққа көтергенін театр сыншылары да мойындаған. Бұл тұрғыда көрнекті театр сыншысы Бағыбек Құндақбайұлы:
– Жібектің облыс сахналарында қойылған спектакльдердің ішінде көркемдік тұтастық тауып, табысты болғаны – Қызылорда театрында ойнаған «Қарагөзі». Режиссер Мен Дон Ук трагедия сырын ұғып, шын мағынасында шығармашылық тапқырлық, ізденімпаздық көрсетті. Актриса Жібек Бағысова Қарагөз бейнесін лирикалық жинақтылыққа көтерді. Ол ойнаған жас ару рөлінде ізеттілік, инабаттылық, нәзіктік басым. Ол дүниенің бәріне таңырқай қарады, оған бәрі де қызық. Жібек Қарагөзді сомдау арқылы өмірге, болашағына қызыға, кейде үрейлене қарайтын жанның нанымды сахналық бейнесін сомдап шықты, – деп бағалы ой түйген.
Ал, 1965 жылы сахнаға шыққан Карло Гольдонидің «Қонақ үйдің қожасы» спектаклі жас ұжым шығармашылығының толысып, кемелдене түскенін байқатқан. Онда да Жібек Бағысова бас кейіпкер – Мирандолина бейнесін шынайы суреттеп, өзін ұнатқан жігіттерді балаша алдап, ақымақ ететін, ашық-жарқын мінезді, пысықай етіп бейнелейді. Комедияда актриса жанр талғамайтын қабілетін аңғартып, жаңа қырынан көріне бастаған. Сол жылы театрлардың драмалық байқауында ұжым екінші дәрежелі дипломмен марапатталса, Жібек Бағысова байқаудың дипломанты атағын иеленеді.
– Жалпы, Кеңес өкіметі кезінде театраралық байланыстар тығыз болатын. Қызылордалық ұжымда өзге өнер ордаларының көрнекті актерлерімен, режиссерлерімен шығармашылық қарым-қатынас тұрақты жолға қойылған. Осындай байланыстар нәтижесінде актерлер әртүрлі сахна шеберлерімен кездесіп, олармен тәжірибе алмасатын. Білмегендерін үйреніп, білім көкжиектерін кеңейте түсетін. Сондай бір естен кетпес кездесуді Қазақстанның халық әртісі Сәбира Майқанова да өткізіп еді, – деп сонау алыста қалған арман күндерін сағынышпен еске алған Жібек апамыз оң-солын енді ғана игере бастаған өзінің өнер жолында майталман сахнагердің берген шығармашылық кеңесі, құнды ойлары болашақта талай кәдеге жарағанын да жеткізді.
Сөйтіп, 1967 жылы театрдың шығармашылық жемістерінің белгісі ретінде бірқатар өнерпаздарға «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағын бергенде 27 жастағы Жібек Бағысова да солардың санатынан табылғаны тамаша жетістік болатын. Сыр театрының ашылған сәтінен бастап, аяғынан тік тұрып кеткенге дейін 35 жыл бірге болған актриса осы ұжыммен талай гастрольдік сапарларға шыққан. Орал, Шымкент, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе облыстарында, Қарақалпақстан, Қырғызстан республикаларында өнер көрсетіп, шынайы дарынымен көрермендердің жүрегінен орын алды. Театр ұжымы еліміздің рухани астанасы болған Алматыға екі рет келіп, талғамы биік астана жұртшылығын қуанышқа бөлеп кеткені тағы бар. Міне, осылайша Жібек Есекеқызының халқына сіңірген еңбегі еш кетпеді.
1980 жылы «Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағын иеленгенде өнері тағы бір биік белеске көтерілген еді.
– Өзім бейнелеген рөлдердің қайсысын болсын жаман, жақсы деп бөле алмаймын. Өйткені, оның барлығы да менің жүрегімнен өткізіліп барып халыққа жеткен бейнелер, – дейді Жібек Бағысова.
1994 жылға дейін Еңлік, Ақтоқты, Қарлыға, Әлиман, Қарагөз, тағы басқа рөлдерде көрерменін тамсандырған Жібек Есекеқызы туралы көп жыл сахнада бірге ойнаған актриса Сәнім Артықбайқызы Масина:
– Ол Қарагөзді ойнағанда «Жібек шынымен жынданып кеткен шығар» деп ойлағаным бар. Жібек апай сахнада партнеріне күшті көмектесіп, алға жетелеп отыратын. Ол шеберлігі жоғары, жан-жақты амплуасы кең актриса, үлкен жүректі ана, – деп баға берген екен.
1995 жылы өзінің туған топырағы – Көкшетауда облыстық театр ашылатын сәтте Жібек Бағысова арнайы шақырту алып, осы ұжымның іргетасын қалаушылардың қатарынан табылады. Сөйтіп, игілікті бастаманы қуанышпен қабылдаған актриса бүгінде осы театрдың актерлік тәжірибесі толысқан, өнердің сан-түрлі қыр-сырын жете білетін белді мүшесіне айналған. Халық әртісі атағын бұған дейінгі театр сахналарында алған Жібек Есекеқызы содан бергі 25 жыл уақытта осы өнер ұжымында театрдың анасындай болып, абыройлы еңбек етіп келеді. Әлі күнге Дәмелі, Найман ана, Формон бибі, Таңқабике сынды салмақты да салиқалы аналар бейнесін сомдап жүр. Ол жасаған сахналық бейнелердің ұлттық бояуы айқын. Сахнада кейіпкердің ішкі толғаныстарын, психологиялық көңіл-күйлерін терең ашумен ерекшеленеді. Актриса өз тәжірибесін жас өнер иелеріне үйретіп, бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. Дарынды өнерпаз, аяулы ана, ұлағатты әжені бүгінде аталмыш театрдың алтын діңгегі деуге болады.
Бүгінде Жібек Есекеқызының ұзын-сонар өнер жолында, өмір жолында онымен әріптес, қызметтес болғандар өте көп. Олардың қай-қайсы болмасын, Жібек апайды «Халық әртісі» деп қана емес, адамгершілік асыл қасиеттері, жүрегінің тазалығы үшін құрмет тұтады. Ол сахнада партнеріне тірек болып, сүйемелдеп отырса, күнделікті өмірде жанындағы дос-жаран, әріптестеріне қол ұшын беріп, көмектесуге дайын. Оның осындай қамқорлығын көрген Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актрисасы Жанар Құсайынова:
– Алматыдан енді келген бетіміз. Студенттік өмірмен қоштасып, 1995 жылы шілде айында осы театрға ат басын тіредік. Содан театрдағы кезекті дайындықтан соң, холға шыққанда алғаш рет Жібек апайды кездестірдім. Бұған дейін жоғары оқу орнында оқып жүргенде қазақ театрының тарихы туралы сабақта Қызылорда облыстық театрында жерлесім, талантты актриса Жібек Бағысова барын естіп, білгенмін. Міне, ғажап, сол халық әртісі, тәжірибесі толысқан 35 жылдық еңбек өтілі бар өнер тарланының алдымнан шыққанына және онымен бірге жұмыс істейтініме қатты қуандым. Өйткені, өте мәдениетті, сезімтал, мейірімді, кішіпейіл жан. Бәрі күні кешегідей болғанымен, бір сахнада 25 жыл бірге еңбек етіп келеміз. Көптеген қойылымдарда бірге ойнаймыз. Ол кісі біздің театрдың анасына айналған талантты тұлға. Гримеркада бірге отырамыз, ана мен қызы, ене мен келіні сияқтымыз. Режиссер Фархадбек Аманжолұлы қойған «Люстра» спектаклінде апай менің анамды ойнаса, мен қызы болып ойнаймын. Мерекелік концерттерге де қатысады. Наурызда үлкен қойылым дайындап жатқанбыз, өкінішке орай, карантинге байланысты тоқтап қалды. Ұлы Абай өлеңдеріне бейне роликтер түсірдік, сонда да апай Абай өлеңдерін оқыды. Жібек анамыздың белсенділігі жоғары, әлі де ол кісінің жақсы рөлдерді сомдайтын уақыты алда деп сенемін. Мәселен, апай қатысқан «Анамның ақ көйлегі» біздің репертуарымызда он жылдан бері қойылып келеді. Халық әртісімен дәмдес болып, бірге қызмет істеу, бұл мен үшін де, біздің театр ұжымы үшін де үлкен бақыт, – деген шынайы ризашылығын білдірді.
Ал, 2013 жылдан бері осы театрда еңбек етіп келе жатқан қоюшы режиссер Болат Абдрахманов:
– Мен Жібек апаймен тығыз байланыста жұмыс істеймін. Ол мен қойған Чеховтың «Апалы-сіңлілілер» қойылымында Анфиса рөлінде ойнайды. Апай туралы айтсам, мен үшін Халық әртісімен бірге жұмыс істеу үлкен бақыт. Қойылымға дайындықтарда ешқашан кешігіп көрген емес. Қайта бәрінен ерте келеді. Егер ол нақты бір жұмыстармен, яғни, басқа іс-шараларға қатысу үшін кешігетін болса, қайта-қайта кешірім өтінетінінен қатты қысылатынмын. Халық әртісі бола тұра, мені режиссер деп жоғары қойып, кішіпейіл, қарапайым да өте мәдениетті жан екенін ұқтырады. Егер дайындық кезінде бір репликаны байқамай өткізіп алса, сол үшін де қатты өкініш білдіреді. Жұмысқа деген жауапкершілігі өте жоғары. Ешқашан асқақтаған, асып-тасыған емес. Апайды заманауи актермен салыстыруға болмайды. Өзіне берілген қандай рөл болса да соны бағына балап, жеріне жеткізе сомдап шығуға тырысады. Ешкімге өктем сөйлеп көрген емес, өз рөлдеріне өзіндік сын көзбен қарайды. Тіпті, кейде «Ойнаған рөлім сәл көңілімнен шықпады» деген кездері де болып жатады. Қойылымымда Қазақстанның халық әртісінің өнер көрсетуі спектакльді салмақты әрі маңызды ете түседі. Ол кісінің ұжымды біріктірудегі шеберлігінен қойылым бір деммен жеңіл өткендей әсерде боламын. Мен үшін апай бәрін жеңіп шығатын, қиындыққа мойымайтын, ауыр артиллерия, – дейді.
Бүгінде халық әртісінің өнер жолында ғана емес, өмір жолында да жан серігі, адал жары Бұрхан аға осы бір періште пейіл, тұла бойы ізгілікке толған Жібек арудың қабағына кірбің түсірмей келе жатқаны, оның киелі өнерге деген құрметі екені даусыз. Жібек Бағысованың қолтығындағы баласымен үш-төрт айлап гастрольдерде жүрген кезі болды. Ондай кездерде ағамыз өзінің жауапкершілігі мол үкіметтің жұмысымен қоса, үй ішінің күйбеңін де бірге бастан өткізген. Осының бәрі – аға мен апайдың махаббаттарының биіктігінен, бір-біріне деген сенімінің беріктігінен. Жібек апамыз алтын асықтай төрт ұлды дүниеге әкеліп, жан жарымен бірге тәрбиелеп өсірді. Әрине, әртіс мамандығын таңдаған жанның өмірінің теп-тегіс өтуі мүмкін емес. Ал, жер жәннаты Бурабайдан түлеп ұшқан Жібек Бағысованың атына, өнегелі өмірі мен шыншыл өнеріне әрқашан ризашылық пен ыстық ықылас қана білдіріліп келеді. Ол тұрмысқа да режиссердың қолынан, режиссердың шаңырағынан ұзатылады. Өйткені, алғаш еңбек жолын бастаған Талдықорған театры Қызылордаға көшкенде, сол кездегі театр режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Жақып Әбілтаевтың үйінде, туған қарындасындай болып бірге тұрған. Театр тәрбиелеп өсірген, көпті көрген көнекөз, абыз аға Жібек апайды Бұрхан ағаға өз қолынан ұзатыпты. Осылайша Қанабек Байсейітов, Гүлфайрус Ысмайылова сынды қазақ өнерінің жұлдыздары, марқасқа майталмандарының, атасы Ғабдулмәжиттің аманатын ардақтап, Жібек апамыз өнер жолының қиын соқпағында шаршап шалдықпай, сүрініп-қабынбай биік шыңға өрлей берді. Сөйтіп, өмір жолында кездескен барлық қиындықтарды еңсеріп, халықтың, көрерменінің сүйіктісіне, көзайымына айналды. Зейнеткер атанып, сексеннің сеңгіріне келсе де әлі күнге театрдан қол үзбеген. Осы орайда, Жібек Бағысова апайдың өзі:
– Өнер адамына алдымен, билік тарапынан назар аударылып, қолдау көрсетілуі керек. Міне, мен осы театрға келгелі соңғы жиырма жылда керемет талантты екі труппа келді. Олар өнерге деген қолдаудың жоқтығынан, не пәтер ала алмай, не жарытып еңбекақы таппай, кетіп қалды. Соны көзім көріп, ішім удай ашыды. Жалпы, менің тілегім, жастар өсіп-өнсе екен. Көп таланттардан айырылып қалып жатырмыз. Осы жүргенде өміріме ризамын. Тек, бір өкінішім, соғысқа кеткен әкемді көре алмағаным. Сонда тәуба деймін. Жалғыздан қалған көз болып, әкемнің атын өшірмей өтуге бармын. Оның үстіне, елімізді жайлаған мынау қауіпті індет бізді де айналып өтпеді. Тезірек осы дерттен еліміз аман-есен өтіп, бұрынғы өмірімізге қайта оралсақ деймін. Көрермен бізді сағынды, біз көрерменді сағындық. Театр мені «зейнеткерсің» деп қатардан қағып көрген емес, қайта маған бір айға репертуар жазып қояды. Мен сол күнді асыға күтіп жүремін. Қартайсам да сахнадан нәр аламын. Осындай дәрежеге бір есептен, мықты режиссерлардың арқасында жеттім. Өйткені, мен жоғары оқу орнын бітірген жоқпын. Біз оқуымызды Мәскеуде жалғастыруымыз керек болатын. Алайда, сол кездегі саясаттың әсерімен бізді облыстық театрларға таратып жіберді. Сондықтан, менің бітіргенім вокалды-хор студиясы. Қалғаны өзіме ана сүтімен берілген қасиет пен осы режиссерлардың еңбегі. Осы уақытқа дейін екі жүзден астам рөлдерде ойнап, қырықтан астам режиссермен жұмыс істеп келемін. Бәрі де бір Алланың қолында ғой, шырағым. Шүкір, дегенмен, әр баланың орны бөлек екен. Елуге келіп қалған бір ұлымнан айырылып, қабырғам қайысып, қайғыдан қан жұтқанымда сүйеніш болған халқыма басымды иіп, рахметімді айтамын. Осылайша бір сүрініп, бір тұрып, қара шаңырағыма оралып, қайғымды көрермендеріме деген сағынышпен басуға асыққан жайым бар, – дейді бізбен әңгімесінде.
Иә, қазақта «атам-ау десең де, ботам-ау деп жылатпасын» деген сөз осындайда айтылса керек. 27 жасында «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атанған Жібек Бағысованың актрисалық өнегелі өмір жолы, өнер жолы небір қуаныш, кей қиындықтарымен де осылай сәтті өрісін тауып келеді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек Мағзұмов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар