Серіктің сәтті қадамы

Сонау бір жылдары Кеңөткел ауылынан қаншама шаңырақ тұрмыстың тауқыметімен өзге елді мекендерге қоныс аударды. Кейін 2011 жылы мұнда белгілі кәсіпкер Серік Биімжанов «Кеңөткел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашты.

Аталмыш кәсіпорын негізінен асыл тұқымды мал және егіншілік шаруашылығымен айналысады. Өткен жылы 250 гектар алқапқа бидай, 300 гектар жерге арпа, 80 гектарға көп жылдық шөп егіп, өнімін төкпей-шашпай уақытында жинап алды. Биыл да 600 гектар алқапқа бидай мен арпа сеуіп, жинап алуда. Мұнда малды бағу үшін барлық жағдай жасалған. Ветеринарлық және зоотехникалық қызметтермен қамтамасыз етіліпті. Бұл салада білікті маман Қайрат Биімжанов жұмыс істейді.
– Экономикадағы дағдарыс бұған дейін мен жұмыс істеген құрылыс саласына кері әсерін тигізді,–дейді серіктестік басшысы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Серік Биімжанов. –Менің негізгі мамандығым құрылыс инженері. Әлеуметтік саланың ғимараттарын тұрғызуда біраз тәжірибе жинақтадым. Соңғы жылдары біздің компания Астанадағы денсаулық сақтау саласының бірқатар нысандарын салды. Мал шаруашылығымен айналысуды құп көремін. Кез-келген істің шығынын алдын ала есептеу қажет. Көптеген әдебиеттермен танысып, тәжірибелі фермерлердің кеңесін тыңдағаннан кейін асыл тұқымды ірі қара мал ұстауды жөн көрдік. Бұл мал  тез салмақ қосады. Біздің фермада салмағы 500-ден 800 келіге дейін тартатын ірі қара малдар бар, – дейді ол.
Бұлар биылғы жылдың қаңтарынан бастап асыл тұқымды шаруашылық мәртебесіне ие болды. Малдың алғашқы легі Солтүстік Қазақстан облысының «Алабота» асыл тұқымды шаруашылығынан әкелінді. Біз мал қораларын аралап көрдік. Оның іші-сырты мұнтаздай таза. Бұзаулайтын сиырлар үшін арнайы орын жасалған. Қазір шаруашылықта бұзауларды есептемегенде, 330 бас ірі қара бағылады. Серіктестік өткен күзде экспортқа 20 тонна ет шығарыпты. Алдағы уақытта асыл тұқымды бұқа өсіру де қолға алынбақшы. Әзірше мал табыны жыл сайын 50 бас сиырға көбейіп келеді. Шаруашылық мал санын 500-ден асыра алмайды. Өйткені, жайылым жер тар. Серіктестік бұзауларды өсіріп, ауданның шаруашылықтарына сатпақшы.
Біз табын басында болып, үшінші жыл мал бағып жүрген Қоныспай Амангелдиновты жолықтырдық. Ол өз сөзінде жұмыстың жағдайы мен еңбекақысына көңілі толатынын айтты. Өзіне тұрғын үй сатып алуға көмектескен серіктестік басшысына алғысын білдірді.
Шаруашылық гиссар тұқымдас қой өсірумен де айналысады. Ет бағытындағы бұл қойлардың салмағы 100 келіге, алты айлық қозының салмағы 60 келіге дейін жетеді. Оның үстіне егіз қоздайды.  Қой қырқу үшін қосымша жұмыс күші тартылады. Қазір серіктестікте қозыларды есептемегенде, 500-ге жуық қой бағылуда. Жаз айларында сиырлар мен қойлар үшін екі қора салынбақшы. Біз отар басында шопан Алексей Ярмоленкомен әңгімелестік. Серіктестікте үшінші жыл жұмыс істейтін көрінеді. Өзі малшылардың жатақханасында тұрады. Мұнда барлық жағдай жасалыпты. Жөндеуден өткен екі пәтерлі үйлерде төрт отбасы тұрады. Әр үй мен өндірістік бөлмелерге су алу үшін сусорғыштар орнатылған. Тұрғын үйлер мен мал қораларына жел мен күннің қуаты арқылы жарық беріледі. Қуат жинайтын аккумуляторлар үшін арнайы бөлме бөлінген. Үйдің маңында 20 және 500 тонналық екі көкөніс қоймасы қалпына келтірілді. Оның бірінде жергілікті кәсіпкер Александр Микша көкөніс сақтайды.
Серік Секенұлы жылқы десе, ішер асын жерге қояды. Өзінің «Принц» атты және өзге де арғымақтарын мақтан тұтатыны бар. Ол ұлттық спорт түрлерін дамытуды қолдап, Ақмырза ауылының көкпаршылар командасына демеушілік көрсетуде. Жалпы, шаруашылық мал шаруашылығы саласында экспортқа сапалы ет өнімдерін көптеп шығаруды көздеп отыр. Серіктестіктің жұмысы өрге домаласа, Кеңөткел ауылына да жан бітері сөзсіз.

Раушан БАРЖАҚСЫ.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар