Қыруар қазыналы Лувр

Лувр!
Ұлы Париждің босағасынан аттап, төріне озған кез-келген жат жұрттықтың әлемде теңдесі жоқ қыруар қазыналы Лувр залдарын аралап, оның қанша күн араласаң да сарқылып бітпес жәдігерлерін көріп, қызықтасам дейтіні ақиқат қой.

Қадыр ақын айтқандай «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығар» Лувр тағылымы ондағы ыждаһатпен жиыстырылған бармақ басындай алтын түймеден Египеттен қоныс аударып келген Рамсес ІІ мүсініне дейінгі немесе бір қабырғаны тұтастай алып тұрған ұлы суретші Жак-Луи Давидтің (1748-1825) Наполеонға тәж кигізу салтанатын бейнелеген (көлемі 621х979 см.) ғажап полотносынан; заманалар заңғарынан бой көрсеткен ұлы Леонардо да Винчидің (1452-1519) күні бүгінге дейін сипатын танып, біле алмай келе жатқан Моно Лизасына дейінгі; немесе ақ мәрмәрдан мінсіз жонып түсірген Афродита немесе Венера Милосскаяның біздің дәуіріміздің арғы 130 жылдардан келіп жеткен ақ манардай мүсіні; немесе жеңіс құдайы Никаның басы мен қолдары сынып, жоғалып қалғандығына қарамастан дауылды теңіз төрінде қуатты қос қанатын қағып тұрған тегеурінді қимылын ерекше сезінер сәттеріңіз бен замана заңғарына қапысыз көтерілген ұлы Микеланджело Буонароттидің (1475-1564) байлаудағы құлының қасірет құрсауындағы бейнесі; немесе Мария Медичидің арнайы тапсырмасымен жиырма төрт полотно салған ұлы Питер Пауль Рубенстің (1577-1640) суреттеріндегі мың бұралған жалаңаш әйелдер бейнесіндегі теңіз нимфаларының көз қарықтырар қимылға толы тұрпаттары мен Эжен Делакруаның (1798-1863)
баррикада үстіндегі азаттық үшін күреске түскен революционерлердің романтикалық ұмтылыстарын бейнелеген полотносына дейінгі айтып тауыса алмас құндылықтар Лувр қоймасын қордалап жатқан сан мың жәдігерлердің бірен-сараңы ғана ғой.
Біз Луврдың бірінші қабатындағы ауқымды залынан үш тарапқа – Ришелье, Денон және Сюлли деп аталатын қанаттас көрмелерді аралау бақытына ие болдық. Қашан келсең де үзіліп көрмеген қалың нөпірдің ілгері жылжыған жанды толқынымен ілесіп кете бардық.
Бір ғажабы, Луврдағы жәдігерлердің көбі өзіміз кітаптардан сан көріп, сан дидарласқан хрестоматиялық бейнелер болып шықты. Біздің дәуірімізге дейінгі жылдармен қойындасып жатқан жәдігерлерден бастап берменгі кезеңдерді көктей өтетін өркенді мүліктер көз алдымыздан мүсіндер, полотнолар, ескерткіштер, тіпті замок қабырғалары қалпында өтіп жатыр.
Осы орайда музейдің президент-директоры Анри Луареттің Луврды қысқаша таныстыру сөзін келтіре кеткеніміз мақұл:
– Луврға келген кім болса да оның сарқылмас қазынасын толық тауысып, көз алдынан өткізу мүмкін емес. Табандатқан үш күн де жетпейді. Оның жәдігерлері Иса пайғамбар туғанға дейінгі сегіз мыңыншы жылдан 1848 жылға дейінгі аралықты қамтиды.
Біздің күшіміз музейдің қорын үнемі толықтырып отыруға бағытталған. Өйткені, Луврдің даңқы қайта өрлеу дәуірінен бүгінге дейінгі құндылықтарды тірнектеп жинаумен байланысты. Мәселен, 2000 жылы алғашқы дәуір жәдігерлерін жиыстырған, 2003 жылы ислам мәдениетіне арналған бөлімдер ашылды. Алдағы күндерде де бұл бағыттағы жұмыстар тоқталмақ емес. 2005 жылы Луврға Тюильри бағы қосылды. Сөйтіп, оның аумағы барынша кеңейіп, Париждің Келісім алаңына дейін созылды.
Міне, жөн білетін, Ұлы Луврдың шын мәнісіндегі жанашыры Анри Луареттің жүрекжарды сөзі осы.
Біз ертеректе бәйбішем Ярапия Кәдірбайқызымен балалар есейген соң Ленинград шаһарына сапар шеккенбіз. Көкшетаудан шықпаған біздер үшін бәрі таң еді. Бұл шаһардың басты мәдени ерекшелігі – Эрмитажында екен. Біз де сол жақсыны көруге ұмтылдық. Эрмитаж шын мәніндегі жәдігерлердің ғаламат қордасы екен. Сол жолы, неге екенін білмеймін Леонардо да Винчидің «Джакондасын» Эрмитаждан көріп едім. Бәлкім, сонда Луврдың жәдігерлерін әкелген көшпелі көрме болды-ау деймін. Сондағы әсерім бәленбай жылдан кейін Луврда Моно Лизамен қайра ұшырасып, дидарласқан сәтте еселенген әсермен жан дүниемді қозғағандығын жасыра алмасам керек.
Әу баста бұл картина үлкен полотнодағы көлемді сурет шығар деуші едім. Сөйтсем (77х53 см.) көлемі тым шағын тақтайшаға салынған сурет болып шықты. Ал, енді өзінің шағындығына қарамастан сиқырлы келіншектің миығына ұйытқан тым нәзік қалыпты әдемі жымиысымен қарап қалған бейнесі есіңді алады, қиялыңды сан-саққа жүгіртеді. Мөлдіреп қалған риясыз күлкі ұйытқан бейне әлемде осындай да жаратылыс бар екен-ау деген сезімге жетелейді.
Ұлы Леонардоның қапысыз қаламының тым тар кеңістікке осыншалықты ұлан-ғайыр сұлулық пен адами асыл қасиеттерді сыйғыза алғандығына тәнті боласыз.
Бұл суретті кезінде Франциско І ұлы суреткер дүниеден өткен соң сатып алғандығы Лувр үшін ұлы қазынаға айналғандығын жұрт енді-енді сезіне бастағандай. Айта берсек, Моно Лиза Луврдың символына айналған. Осыдан-ақ бұл жауһардың қадір-қасиетін бағамдай беріңіз.
Біз осыншалықты құмартып, тағы бір көрсек деген тобырмен таласа ұмтыламыз. Кең бөлмеде шынылы қаптаманың ортасында тұрған Лизаны көріп, өрекпіген көңіліміз су сепкендей басылды. Өйткені, Итальяның аруы жалғыздан жалғыз әйнек тордың сыртында бізге мөлдірей қарайды, қанша ғасыр өтсе де сол баяғы қыз қалпымен риясыз әдепті, иманды, ибалы сыйпатын сақтаған нұрлы жүзімен бүгінгі ұрпаққа тіл қатқандай болады. Әрине, оның үнін біз түсіне алсақ.
Луврдағы Египет жәдігерлерін жинастыру ұлы француз Жан-Франсуа Шампольоннан басталған көрінеді. Кезінде француздың ұлы ғалымы Шампольон фараондар мүрдесіне айналған алып пирамидалардағы иероглифтың кілтін тауып, сырын ашқаннан кейін Луврдың шаршы сарайының қос қабатына египет жәдігерлері орналастырылды. 1826 жылы ұйымдастырылған бұл бөлімді ұлы ғалым өз қамқорлығына алып, оның жәдігерлерін молайтуға, ешбір ғалым кілтін таппаған құпия жазулар сырын ашып, ғылыми айналымға түсіруге бар ғұмырын сарп етті.
Египет иероглифінің сырын ашып, әлемдік сенсация жасаған ұлы ғалымның басшылығымен Луврға көне Египет жәдігерлерінің жиналуы қажеттіліктен туған еді. Сондықтан да бүгінгі көне Египет мұраларын тамашалап көру бақыты миллион-дар еншісіне тиіп отыр.
Тарихи оқулықтардан сан көріп қызықтаған «Хатшының отырған ескерткіш мүсіні» біздің дәуірімізге дейінгі 2620-2500 жылдардың мүлкі деп бағаланған.
Бізге көне дәуірден келіп жеткен боялған әктен жасалған бұл бейне қай патшаға қызмет еткендігі, өзінің кім екендігі беймәлім болса да соншалықты шынайы бейнеленуімен тәнті етеді.
«Патша – жылан» стелласы, Танистен табылған үлкен сфинкс, Сохмет құдайының мүсіні, орыстың матрешкасы сияқты үлкенді-кішілі саркофактағы Тамутнефрит мумия-сы, тағы басқа да жәдігерлер көне дәуір қойнауынан бүгінгілерге сыр шертеді.   
Фараондар тарихын бауырына басып алып, табандап жатқан алып пирамидалар өздерінің жойдасыз үлкендігімен бірге қойнауына қол салғандарға сырын ашқысы жоқ қалпымен күні бүгінге міз бағар емес. Ендеше, осынау құпиялардың кілтін іздей алсаңыз Луврдағы көне Египет залына бас сұққаныңыз абзал.
Луврдағы екінші бір ерекше құндылық грек, этрусс, римнің көне жәдігерлері қойылған бөлімнен табарыңыз ақиқат.
Бұл бөлімдегі жәдігерлерді жинастыру тарихы үш мың жылға созылады. Мұнда Франция корольдерінің, Ришелье мен Мазаринидің жинастырған мүліктері десе де болады. Ескерткіштер, рельефтер, мәрмәр саркофагтар түрлі материалдардан – қола, алтын, күміс, пілдің сүйегі, керамика, мозаика, т.б. жасалған әр қилы, әртүрлі болып келеді.
Грек, этрусс, рим дәуірінің классикалық үлгідегі мұралары өздерінің қайталанбас орындалу шеберліктерімен дараланады. Осы арада гректердің аса мол мұрасы – вазалар, яғни құмыралар жинастырылған. Құмыралардың әрқайсысы әртүрлі оқиғалар мен тұрмыстық сипаттағы картиналарды аса ғажап шеберлікпен суреттейді. Афиналық құмырашылар б.д.д. 530 жылдары игерген техникамен суреттер салуды жақсы дамытқан.
Бұл залдағы аса бағалы жәдігер, ол Салю-фракштекілік Никаның ескерткіші болып табылады. Бұл кеменің тұмсығына орнатылған мәрмәр тастан жонып жасалған Ника – жеңіс құдайының бейнесі. Жобасы теңіздегі ірі жеңістерге дем берген Ника құдайының құрметін қатты қадірлегендік аңғарылады. Қарсыдан соққан дауылды желге қос қанатын жайып тастап, тегеурінді тұлғасымен ілгерілей жосылып келе жатқан Никаның осы бір тұлғасынан-ақ (басы мен қолдары сынып қалған) оның романтикалық қуатқа толы болмысын танисың.
Луврдағы аса мәнді жәдігер – Никаны жасаған мүсіншінің мінсіз шеберлігіне тәнті болып, қайран қаласың.
Сөз жоқ, Луврдағы басты қазына қылқалам шеберлерінің алуан тақырыпты қамтитын суреттері екендігі даусыз.
Луврдың бейнелеу өнеріне арналған картиналар қарасы 700-ге жуықтаса керек. Бұл араға картиналарды жиыстыру Франциск І корольден бастау алады. Кезінде қартайып келген Леонардо да Винчиді қолына көшіріп алып, қалтқысыз қамқорлық жасаған осы бір ізгі жүректі билеуші бейнелеу өнерінің шын мәнісіндегі зор жанашыры болды. Кезінде Джаконданы да осы король сатып алып еді.
Людвиг ХІV живопись өнеріне зор талғаммен қарап, Луврдың қорын молайтуға мол үлес қосты. Кардинал Мазарини, герцог Ришелье жинастырған картиналар, неміс банкирі Эберхард Ябах сатып алған он сан суреттерді Людвиг ХІV бір қолға шоғырландырып болашақ Луврдың живопись бөлімінің байи түсуіне баға жеткізгісіз үлес қосты. Корольдің өзі Пуссеннің 39 картинасын сатып алып, соның 31-ін музейге табыстады.
Людвиг ХVІ бұл дәстүрді одан әрі жалғастырып итальян, фламанд бейнелеу мектептерінің туындыларын, голланд мектебінен 100 полотноны сатып алды. ХІХ ғасырдағы француз суретшілерінің еңбектерін Луврға табыстауды өсиет етті. Соның ішінде Ваттоның 8 полотносы, Шарденнің 13, Фрагонараның 9 полотносы да осы өсиеттің ішінде еді.
Міне, осындай ерен жанашырлық танытып, меценаттық көмек көрсетудің арқасында Луврдың мол мұрасы одан әрі молыға түсті.
Қазіргі күнде француз мектебінен 4000 жұмыс, фламанд пен голланд мектебінен 1400 еңбек, итальян мектебінен 1100 полотно жинақталған. Испан, ағылшын, неміс мектептерінің 200-ден астам суреттерін де осы Луврдан көре аласыз.
Алдағы уақытта да бұл бөлім өзінің сан алуан тақырыптылығымен, бейнелеу техникасының әрқилылығымен дүниеге келген құнды жәдігерлермен толыға түседі. Өйткені, негізгі жұмыс та осы бағытта жүргізілуде. Оған музей ұжымының ерекше ден қоя атқарып отырған жанкешті еңбектері дәлел.
Сөз жоқ, Луврдағы бейнелеу өнерінің негізі француздың қылқалам шеберлерінің үлесінде екендігін әңгімеледік. Шынында да Еуропа елдерінің ішінде бейнелеу өнерінің небір ғажап үлгісін жасап берген француздықтар қай ғасыр, қай кезеңде де алдына жан шығармағаны ақиқат қой.
Оны ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы француз живописі залына назар аударсаңыз бірден аңғарасыз. Жан Клуэнің Францияның королі Франциск І-дің портретінен бастап, Ангерран Куартонның Құдай ананың Иса пайғамбардың өлімін азалауы немесе Никола Пуссеннің сабинялық әйелдерді ұрлау немесе шомылып шыққан Диана немесе Эжен Делакруаның баррикада үстінде азаттық үшін шайқас картиналары өзінің ауқымы мен тақырыбы жағынан әралуандығымен тәнті етеді.
Бізді Жорж де Латурдің (1593-1652) Шулер атты картинасы қатты қызықтатты. Өйткені, карта ойынын ертеден алдау-арбау ойыны деп келгендер мына суретті көргенде суретшінің аса білгірлікпен салғандығын, үш ойыншының көзқарастары, саусақ қимылдары соншалықты дәлелдікпен бейнеленгендігін аңғарасыз. Тіпті, киген киімдері, тағынған әшекейлеріне дейін үстеме қуат қосып тұрғандай. Мәселен, ортадағы қызыл телпекті әйелдің мойнындағы інжу тізбесі махаббат сатқындығының символы болса, қос жанарын тіктеп қаратпай оң жағына бұрыла қарауы, осының бәрі алдампаз алаяқтықтың сипаттары. Ал, әдемі киінген жас жігіт, жобасы ақшалы болмаққа керек. Ол өз картасына үңіліп, төңірегіндегі алдаушылықты аңғарар емес. Сол қапталдағы нағыз шулердің өзі жас жігіт қос тұзды артқы белдігіне жасырып жатуы біздің күдігімізді шындыққа шығарғандай.
Міне, қарапайым тірліктің өзінен алдау мен арбауды әшкерелей алған Жорж де Латурдың реалистік суреткерлігіне сүйсініспен қарайсың.
Жак-Луи Давид өз заманының ұлы суретшісі еді. Ол көбіне-көп император Наполеонның өміріне қатысты салған полотнолары өзінің қайталанбас қуатты арқауымен қызықтырады.
Давидтің Наполеонға тәж кигізу салтанаты картинасы қылқалам иесінің тамаша портретист екендігін аңдатады. Осы картинада 191 персонаждың суреттері таңбаланып түсірілген десек ұлы суреткер осылардың барлығын аса ыждаһаттылықпен бейнелей алғандығын білесіз. Барлық персонаждар ұлы Наполеонның Рим папасына қарамай өз басына император тәжін өзі кигізу тәрізді ескі канонды бұзған әрекетіне әрі үреймен әрі таңданыспен қарай қалған. Әр портреттің бойында тек өзіне ғана қатысты психологиялық шешім бар. Полотноның құндылығы оның шыншылдығында, шынайы бейнелеуінде болса керек.
Сөз жоқ, Эжен Делакруа (1798-1863) француз бейнелеу өнерінің көшбасшыларының бірі. Ол білімді буржуа отбасында дүниеге келген. Оның өмірін зерттеушілер өз заманының ірі дипломаты болған Талейранның некесіз баласы еді деп те есептейді. Біз мәселенің ол жағына шылбыр шалуды артық санаймыз.
Өз заманының ұлы суретшісі саналған Эжен Делакруа бояулары реңкінің теориясын жасаған алғашқы қылқалам шебері.
Оның салған суреттерінен әсіресе, «Баррикада үстіндегі азаттық үшін күрес» немесе «Халықты бастаушы, Азаттық» аталатын даңқты картинасы романтикалық мектептің өкілі ретінде танытты суретшіні. Суретшінің бейнелеуінде картинаның діңгекті тұсында омырауын ашып тастаған жас әйелдің оң қолындағы Франция мемлекетінің қызыл, ақ, көк түсті жалауы асқақтай желбірейді. Соңынан ерген көтерілісшілерді алға, азаттық жолға шақырып тұрғандай. Сол қолындағы найзалы винтовка бітіспес күрестің символындай ма дерсің. Азаттық символына айналып кеткен әйелдің оң қапталындағы цилиндрлі жігіт те қолындағы мылтығын сығымдай ұстап ілгері адымдап келеді. Қатулы жүзі, от шашқан жанарлары күрескер тұлғаның іштен буырқанып шыққан кекшіл кейпін айна-қатесіз танытып тұр. Ол ұлы мақсат жолындағы қан төгістен қаймығар емес. Оның ту сыртындағы телпекті жігіт оң қолындағы қылышын ыңғайлай ұстап, қарсы келген жауын турап тастауға әзір. Оның да жүзінен күреске бел байлап түсе қалған тегеурінді тұрпатын танытады. Ал, Азаттықтың сол қапталындағы мойнында асып алған дорбасы бар (оқ-дәріге арналса керек) жас бала екі қолына да тапанша ұстаған қалпы ұрандата жүгіріп келеді. Аяғының астындағы билік солдатының өлігіне де қарар емес. Бұл біз білетін Виктор Гюгоның Гаврошы болар ма. Ол баррикада үстіндегі көтерілісшілерге өлген солдаттардың оқ-дәрісін тасып, бораған оқ астынан аман шығып, зыр қаққан қалпы ажалмен ойнап, атой салмаушы ма еді. Міне, сол бала Делакруа бейнелеуінде ірі күрескерлік тұлға ретінде бой көрсетеді. Полотноның алдыңғы тұсында өлген адамдардың ашық-шашық сұлбалары Азаттық үшін алысқандар жолы күрес, ал күрес жолы жеңіске жеткенше өлім кешетіндігін еске салады. 1830 жылы Карл Х билігіне қарсы бас көтерген бұқара күресі француз халқының азаттық жолындағы асыл арманының асқақтай бой көтерген тұсы болды.
Эжен Делакруаның Луврдың қорында сақтаулы екінші бір картинасы «Сарданапалдың өлімі» деп аталады. Онда Ниневияның патшасы Сарданапал тұтқынға түскеннен де өлімді қалап алған қанды қасап сәті бейнеленген. Мұндағы өлімге мойынсұнған адамдардың трагедиялық сәттері экспрессивті, ашу-ызаға толы қалыптарымен есте қалады. Делакруаның романтикалық ағымдағы аса ірі туындысы саналған «Сарданаполдың өлімі» картинасы өзінің ішкі қуаты, терең сезімді бейнелей алған шынайы сипатымен оқшауланады.
Эжен Делакруаның «Данте Ладьясы», «Хиос қанды қырғыны» картиналарында да автордың романтикалық ағымға барынша тереңдей түскендігін аңдатады.
Суретшінің 67 полотносы Луврде сақтаулы тұр.
Делакруаның музейі 2004 жылы Луврмен қосылған. Содан бері Луврға келушілер ұлы суретшінің мұраларын көруге де мүмкіндік алып отыр.
Музей үш бөлмені аралаудан басталады. Олар суретшінің жатын бөлмесі, қонақ күтетін және кітапханасы болып табылады. Баудың ішінде суретшінің шеберханасы бар. Осылардың бәрі Эжен өлгеннен кейін Әулие Винсента де Поля қоғамына берілген. Ұлы суретшінің достарының көмегімен, үкімет қолдауымен бұл кешен музейге айналып, Делакруаның суреттерін көрсете бастады. Кейіннен бұл музей мемлекетке сыйлық ретінде табыс етілді. 1971 жылы мемлекеттік музейге айналды. Оның қоры жыл сайын толығып отырды. Онда суретшінің картиналары, гравюралары, хаттары, суретші жайлы естеліктер жинастырылған.
Бұл арадан да француздықтардың ыждаһаттылықтарын, өткенге құрметпен қарайтын қасиеттерін аңғарамыз. Осындай ғажап қасиеттерінің арқасында Франция музейлер мемлекетіне айналған десе де болады. Лувр соның бір жарқын көрінісі.
Лувр Жан-Огюст, Доминик Энгр, Жан-Батист Камиль Коро, Поль Деларош, Теодор Жерико тәрізді бір-бір ұлы тұлғалы суретшілермен, олардың мәңгі жасар туындыларымен мақтана алады.
Итальян живописі дегенде әрине, әлденеше рет мұрындық соқтырып, таңданысымызды жеткізе алмай келген Леонардо да Винчидің Моно Лизасының алдыңғы лекте тұрғандығы талассыз. Паоло Кальяридің Канедегі керемет картинасы (көлемі 666х990 см.) Иса пайғамбардың суды шарапқа айналдырған ғажайыптығын суреттеуге арналған. Өзінің ауқымы жағынан аса көлемді картинадағы әр персонаж бұл құбылысты түрліше қабылдап, түрліше ой кешеді. Калорит пен кеңістіктің үйлесімділігіне аса шеберлікпен жеткен суретші көз алдыңда болып жатқан ғажайып құбылысқа өзің де араласып, пайғамбардың шарабынан дәм татқың-ақ келеді.
Фландрия, Голландия, Германия тәрізді теріскей Еуропаның суретшілерінің ішінде есімдері ертеден мәлім Рембранд Хаоменс Ван Рейнді, Альбрехт Дюрерді, Питер Пауль Рубенсті, Антонис Ван Дейкті, Франсиско де Гойяны, Эль Греконы бөле-жара айтамыз. Осынау ұлы тұлғалардың туындыларының Луврдың төрінен орын алуын зор бақыт әрі қуаныш санасақ керек.
Луврдың қорында небір ғаламат гобелендер, қолданбалы өнер туындылары, графика, Африка, Азия, Океания, теріскей, орталық Америкаға қатысты өнер туындылары да Лувр қазынасына қосылған. Бұлардың бәрін тарата сөз ету шарт емес. Сонымен, Луврмен бірер сәттік болса да желе жортып танысып шығудың орайы келді. Әрине, адамзат мәдениетінің алтын бесігі – Лувр өзінің қайталанбас ғажап өнер туындыларын кімге болсын азырқанбай алға тартады. Біздің де солардың қатарында болып, рухани қазынамен ортақтаса алғандығымызды зор қанағат сезімімен күні бүгінге дейін еске аламыз. Әлемнің билеушісі сұлулық болса, сол сұлулықтың бәрі де ұлы Луврдың қазыналы қорында жатыр.
Сәті түсіп Парижге бара қалсаң, ауырсынбай осынау өнер ордасына соға кеткейсің. Оған еш өкінішің болмасына мына мен кепіл!

Төлеген  ҚАЖЫБАЙ,       жазушы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар