«Балаға ақша санауды өмір үйретеді»

деп ойлайтын ата-аналар көп

Алайда, бүгінгі заман талабы басқа. Психологтардың пайымдауынша баланы ес білгеннен қаржылық сауаттылыққа үйрету керек. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, қазіргі балалар өз ата-анасынан жете туған десек асыра айтпағанымыз. Жалпы қаржылық сауаттылық дегеніміз не? Қаржыны өзі сауатты жарата алмайтын ата-аналар баланы қалай үйрете алады?

Алдымен шетелдің тәжірибесі туралы тарқатып айтып көрейік. Мәселен, Швецияда мектепте үздік оқыған балаларға 16 жасқа дейін ай сайын 1050 кроннан ($136) төленіп тұрады. Бірақ, бұл қаржыны олардың ата-аналары алады екен. АҚШ-та балалар үшін ашылған қаржылық академия-лар бар. Мұнда қаржылық сауаттылықты арнайы консультативті бағдарлама ретінде оқытады. Британдық ата-аналар балалық шақтан айырмау үшін балалардың ақшамен қарым-қатынас жасауына аса ықылас таныта қоймайтын көрінеді. Бірақ ақша жинайтын сандықшалар сыйлап, оған шығындарына берілетін ақшаны салып қоюды ұсынады. Аптасына орта есеппен 8-16 доллар, ал, жасөспірімге 20 доллар береді. Баланың қажеттілігі одан асып кетсе, ата-анасы оған қосымша жұмыс табуды ұсынады екен. АҚШ-та «Жеке бюджет», «Табыс табу», «Жинау» ұғымдары әрбір кішкентай америкалыққа бейнелеп айтсақ, жөргекте жатқан кезінен бастап таныс.
Статистикаға сүйенсек, орта дәулетті отбасыда балаға ақшаны көп береді екен. Дәулеттілер баласына ақшаны аз беріп, оны үнемдеп жұмсау жолдарын үйретеді екен. Америкада кезінде қайырымдылық қорында атақты миллиардер Генри Фордтың ұлы Эдсел Брайант Форд жәшікке 1000 доллар, ал, өзі 100 доллар тастапты. Бұл жайт журналистерге қызық көрініп, «Сіздің байлығыңыз ұлыңыздан кем бе?» деп сұрайды. Сонда Генри: «Иә, солай. Менің әкем миллиардер емес» деп жауап беріпті.
Таңырқайтыны жоқ, есте жоқ ескі замандардың өзінде бай мен кедей туралы тақырып өзекті еді. Әлі де болса, бұл тақырып көпті толғандыратыны бар. Бұрнағыда қазына атадан балаға мирас, мұра болып берілген болса, қазіргі таңда байып, өз кәсібімді ашамын дегенге жол ашық. Бұл тақырыпты тегіннен-тегін қозғап отырған жоқпыз. Себебі, қай жерге барсаңыз да, қай ортадан табылсаңыз да, бәрі де материалдық байлығыңа аса мән беретінін байқап қаласыз. Үлкендерді айтпағанда балалардың өздері әкесі мен анасының, былайша айтқанда, отбасының байлығын айтып, мақтанатын көрінеді. Адамдардың арасындағы осы бір көзсіз «барьерді» қолдан жасап қойған бүгінгі заманның талабы да болар. Неге екені белгісіз, кейбір адамдар күні бойы маңдай терін төгіп еңбек етсе де бәрібір кедейшіліктің шырмауынан шыға алмайды. Ал, кейбір адамдар күніне бір-екі сағат қана жұмыс істеп кеңшілікте өмір сүреді.
Мәселен, әлемдегі ең жас миллионер Райан Росстың еңбек жолы кез-келген жасөспірімге үлгі бола алатыны анық. Қазіргі таңда әлемге ең жас кәсіпкер ретінде танылған Райан өз кәсібін бар-жоғы үш жасында бастаған. Ол үш жасында тауық асырап, кәсібін жұмыртқа сатудан бастайды, сөйтіп, сегіз жасында әлемдегі ең жас миллионер атанған. Иелігінде 60 тауығы бар балдырған күніне орташа есеппен 20 доллар қаражат тапқан. Уақыт өте келе ол жұмыртқа сатуға қарағанда көп табыс әкелетін кәсіппен айналысуды жөн көреді. Қазіргі таңда мектеп жасындағы Райанның иелігінде Онтариода алты мекеме бар екен. Бір қызығы, ол ата-анасы рұқсат етпегендіктен ұялы телефон пайдаланбайтын көрінеді.
«Forbes» журналында отандық миллионерлер тізімінде біздің еліміздің ең жас кәсіпкері Марат Әбиевтің де есімі жарияланған. Ақтөбелік жиырма төрт жастағы бизнесменнің байлығы 11 миллион долларға жеткен.
Ойлап отырсақ, жоғарыда келтірілген екі мысалдың екеуінде де балаларды ата-аналары ес білгеннен кәсіпке баулыған. Яғни, қолдау көрсеткен, құптаған. Ең бастысы оларда ата-анама көмектессем, отбасына қарайлассам, қамқорлық жасасам деген ниет болған. Қазіргі таңда көп ата-аналар өз балаларын белгілі бір кәсіпке үйретпейді. Бос уақытының көбін ұялы телефондағы бос, қызықсыз ақпаратты қараумен өткізіп алады. Байқап отырсақ, әлемдегі ең бай саналатын адамдардың өзі, ақшадан гөрі, адам алдымен өз уақытын тиімді өткізіп, әрі уақытты үнемдеу білуді үйренуі керек деп ақыл-кеңес береді.
Ал, сіз қалай ойлайсыз, оқырман?!.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар