Орманшылар ұстазы

Дана халқымыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген терең тағылымды сөз қалдырған. Бұл тәлсімнің Қазақстан орманшыларының ұстазы, ірі ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, бүгінде мерейлі 90 жасы атап өтіліп жатқан Тайжан Хамитұлы Тоқмурзинге де қаратып айтылғанына шәк келтірмейміз.

Тайжан Хамитұлы 1930 жылдың 5 қазанында бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Рузаев ауданындағы шағын ғана Қарағаш ауылында туған. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы факультетін бітіргеннен кейін Куйбышев орман шаруашылығында директор болып бес жыл қызмет атқарды. Үнемі ізденіс үстіндегі жас маман 1958 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институты аспирантурасының күндізгі бөліміне түсіп, 1961 жылы ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атанды. Осы орайда Тайжан Тоқмурзин қазақ жастары арасынан орман шаруашылығы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған тұңғыш ғалым екендігін айта кеткіміз келеді. Оған үлкен сенім артылып, институтта қызмет атқаруға қалдырылған. Ғылымға бейімі зор, қарым-қабілеті жоғары жас ғалым небары 32 жасында кафедра меңгерушісі болды. Үнемі ізденіс үстіндегі ғалымның иығына түскен жүк те жеңіл емес еді. Жас ғалымның алдында республикадағы орман саласы ғалымдарының ұлттық ғылыми мектебін қалыптастырып, соның көшбастаушысы болу міндеті тұрды. Тайжан Хамитұлы жүктелген істі абыроймен атқарды және табаны күректей 32 жыл бойы жетекші кафедраға басшылық жасады. Еліміздегі орман шаруашылығы саласының небір майталман мамандарын, білікті де білгір ғалымдарын тәрбиелеп шығарды. Сол еңбегіне орай абыройы да асқақ, атағы да мол еді. Жоғары оқу орнындағы әріптестері адамгершілік асыл қасиетін ғана емес, түпсіз терең білімін айрықша бағалай білді.
Тайжан Хамитұлы орман шаруашылығы дейтін былайғы адамға тылсым сыры жұмбақ тұңғиық дүниені түбегейлі зерттеп, құпиясын ашты. Орман әлемі кез-келген адамға жан сырын ақтарып сала бермейтін жұмбақ жаратылыс екені кімге болса да мәлім. Жұмбақ әлемнің тілін табу кез-келген жұмыр басты пенденің маңдайына жазыла бермейтіні де рас. Табиғатпен тілдесу үшін де сол табиғат сыйлаған талант, дарын керек. Ғалымның басты ұстанымы – табиғаттың өз заңдылығымен біте қайнасып тіршілік кешу, өмірін орман әуенімен үндестіру. Ағаш атаулының ерекшелігі мен тіршілігін сезіну. Міне осындай заңдылықтарды ғылыми айналымға енгізген еңбегі қазыналы құндылығымен, ертеңгі күннің еңсесін көтеруімен әлі күнге игі жемісін төгумен келеді.
Тайжан Хамитұлы 1985 жылы Ресейдің Ленинград қаласындағы ормантехникалық академиясында диссертация қорғап, ғылыми кеңестің ұйғарымымен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы деген ғылыми дәреже алды. Ал, 1992 жылы Қазақ Ұлттық Академиясының корреспондент мүшесі, 2002 жылы академигі болып сайланды. Оның жетекшілігімен 12 ғылым кандидаты мен 1 ғылым докторы диссертациясын абыроймен қорғады. Ғалымның 90-нан астам ғылыми еңбектері жарық көрді. Атап айтқанда, «Қазақстан орман шаруашылығын кешендік негізде құру», «Орман фитосалмағы», «Орман анықтама кітабы», «Орман фитосалмақ таксация оқулығы» атты еңбектері аталмыш саланы дамытуға зор септігін тигізді. Ол «Орман шаруашылығы терминдерінің орысша-қазақша түсіндірме сөздігін» дайындап шығарған тұңғыш ғалым. Негізгі ғылыми еңбектері орман шаруашылығының теориялық мәселелері мен математикалық модельдеріне арналған. Ғалымның бұл еңбектерінде экономикалық аудандастыру принциптеріне және олардың белгілеріне, жүйелері мен оларға тән құрылымдарына айрықша мән берілді. Ормандардың экологиялық сипаттағы жетілу жасы, оны анықтаудың тәсілдемелері, сандық көрсеткіштері толықтай қамтылған. Дүниежүзінде бірінші болып құрастырған орманның фитосалмағын зерттеу тәсілдері, оны бағалауға арналған кестелер және олардың тәсілдемелері ғылыми тұрғыда лайықты бағаланды.
Әйгілі ғалым тамаша таланты мен тағылымды еңбегін педагогикалық қызметпен ұштастырып отырды. Мұнда ол дәріс берумен ғана шектелмей, ғылыми еңбектер жазып, оқулықтар құрастырды. Ұзақ жылғы орман шаруашылығы әлеміндегі талайды тамсандырған ғылыми еңбектері мен тағылымды педагогикалық қызметіне орай Тайжан Хамитұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланған. Мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтардың иегері атанды. КСРО және Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жануарлар әлемі және орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
«Өлді деуге келе ме, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған», – деп хакім Абай айтқандай, Тайжан ағамыз артында өшпес із қалдырған, атағы елге мәлім ұстаз-ғалым. Саналы ғұмырында инемен құдық қазғандай қияпат іс тындырып, тал бойындағы бар қажыр-қайратын, білімі мен білігін ел игілігін еселеуге жұмсаған Тайжан Хамитұлының есімі әріптестерінің, шәкірттерінің, дос-жарандарының есінде мәңгі сақталатыны анық.

Болат Мұқанов,
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,
профессор, ҚР ҰҒА Құрметті академигі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар