Көп қабатты тұрғын үй ауласында жайылған ақ дастархан

Қарттар айлығындағы мерекенің ауқымы кеңейіп келеді. Біз облыстық мемлекеттік кірістер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Теңбай Ыбыраевтың бастамасымен тұрғын үй ауласында өткізілген дастархан басындағы басқосудың куәсі болдық. Оған көрші үйлердегі он шақты зейнеткер жиналыпты. Пандемия талаптары қатаң сақталған жиынның мән-мағынасының тереңдігіне қанықтық.

– Бұрыннан да көрікті Көкшетауымыздың жаңа жасаулары көбейіп келеді. Өзге тұрғын үйлер орамындағы сияқты біздің ауламызда да демалыс және спорт алаңы салынғанына қуаныштымыз. Қарттар айлығында осы мүмкіндікті пайдаланып, көршілерімізбен бірге ашық алаңда дастархан жайып, әңгіме-дүкен құрғанды жөн көрдік. Бұл шара бізді бұрынғыдан да жақындастыра түседі, немерелерімізді достастырып жібереді, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы жоғары деп ойлаймын. Оның үстіне, ауылдардан көшіп келген кісілердің ішінде ардагерлер ұйымдарына тіркеле қоймағандар бар. Олардың да көңілі өсіп қалады, – дейді бізді дәм татуға шақырған 83 жастағы Теңбай ағамыз.
Көпшіліктің ықыласымен дайындалған дастархан жайнап тұр. Аға буын халықтық дәстүрге берік қой, мүшелеп ет асылыпты, ыстық бауырсақ, май мен құрт молынан шашылған. Жақсылық аға мен сол үйдегі жеңгеміз Рауза Шаяхметовалар қымыз сапырып, самауырын қайнатып жүр. Өткен-кеткен және болашақ тіршіліктің барлық тарауы қамтылған әңгіме-дүкенді айтсаңызшы! Тәлім ойлар өріліп жатыр. Ал, суырып салма ақындығымен, жыршылығымен, композиторлығымен елімізге танымал Иран Тасқара ағамыздың домбырасы шертіліп, ақиық әндері алысқа шарлап жатқандағы шаттық толқынын суреттеп жеткізу мүмкін еместей.
Қолқа салу дәстүрімен бұрынғы аспап жасау зауытының ардагерлері Әкімбек Ерғалиев, Камал Зарипов, танымал автокөлік жүргізушісі Алексей Подкопов, тың игерушілер, ауыл шаруашылығы өндірісінің майталмандары Айдарбек Қапанов, Кеңес Сейілов, Тоқтарбай Аманжолов, салық қызметінің ардагері Анден Құрманбаев Ақан, Біржан, Абай, Сәкен әндерін әуелетті. Әсіресе, сауда саласында 45 жыл қызмет атқарған әрі осы басқосудың шаттық отын маздатқан Рауза апайдың әншілік өнері көңілді отырысты көркейтіп тастағанын айтуымыз керек.
– Қазына қарияларды құрметтеу қазақ халқының қымбат дәстүрі. Олардың өнегелі істері, ақыл-кеңестері болашаққа жол сілтеуші шамшырақ саналады. Игі дәстүрлеріміздің ізі үзілмей жалғасын та-уып отырғаны солардың арқасында деп білемін. Бүгінгі бастаңғымыз көңіл көтеру ғана емес, тәуелсіз Қазақстанымыздың терең тамырлы дәстүрлерін балаларымызға, немерелерімізге, тіпті, қоғамға жеткізу ниетінен туындап отыр. Мерекені өзіміз жасап үйренуіміз керек. Бұл үрдіс жалғасын табатынына сенімдімін, – дейді Рауза апай.
Дастарханның ақ батасында Тәуелсіздігіміздің тірегі мықты болып, Мәңгілік елге айналу, елімізде бейбітшілік пен достық нығайып, болашағымыздың жарқын болуына арналған ізгі тілектер айтылды.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар