18 қазан – Орман шаруашылығы қызметкерлері күні

Орман – біздің басты байлығымыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елорданың айналасында жасыл белдеуді қалыптастыру мәселесі өткір тұрғанын атап өтті. Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағытын жалғастырып, «Нұр-Сұлтан – Щучинск» тас жолының бойында жасыл белдеуді дамытуды тапсырған болатын. Бүгінгі таңда жер аумағы бойынша әлемде алдыңғы ондыққа кіретін елімізде орман-тоғайдың үлес салмағы жағынан біздің облысымыз жетекші орындардың бірінде тұр. Өңірде қолда бар ағаш қорын сақтап қана қоймай, оның көлемін арттыру бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді.

Облысымыздағы орман қорының жалпы көлемі 1 миллион гектардан асады. Оның ішінде орманды аумақтар 384,2 мың гектарды құрайды. Орманды күтіп, баптау, қорғау бағытында орман шаруашылығының 13 мемлекеттік мекемесі жұмыс істейді. Олардың күтіміндегі орман қорының көлемі 405,4 мың гектар болса, орманы бар жерлер 224,2 мың гектар. Орман мекемелері 6 аудандық және 2 қалалық әкімшілік аумағында орналасқан. Онда 500-ге жуық адам жұмыс істейді.
Ағымдағы жылы орман шаруашылығы мекемелері 1210 гектар алқапта ағаш екті, оның 855 гектары облыстық бюджет қаражаты есебінен, 20 гектары мекемелер арқылы, 335 гектары орман пайдалануды жалға алушылар тарапынан жүзеге асырылды. Орман дақылдарын толықтыру жұмысы 496 гектар алқапта жүргізілді. 500 гектар алқапта орманның табиғи жаңаруына жәрдемдесу жұмыстары атқарылып, жоспар бойынша 1030 келі жапырақты және қылқан жапырақты тұқым дайындалды.
Жалпы, соңғы 11 жылда орман екпелерін отырғызу 11 918 гектар алқапта жүргізілді. Облыста 11 питомник бар, оның ішінде төртеуі тұрақты, оның ішінде үшеуі базистік (Ақкөл, Кіші Түкті, Маралды орман шаруашылығы мекемесі) және жетеуі уақытша. Онда 10 миллион данаға жуық біржылдық және екіжылдық екпелер, 116 мың көшеттер өсірілді. Маралды орман шаруашылығы мекемесінде ағаш-бұталы тұқымдылардың көшеттері мен қалемшелерін өсіруге арналған жылыжай бар.
Орман шаруашылығы мекемелері мен орманды пайдаланушылар орман шаруашылығы іс-шараларын толық көлемде жүргізді. Ағымдағы жылы сауықтыру, рекреациялық, спорттық және туристік мақсаттар үшін мемлекеттік орман қоры жерінен жалпы ауданы 139,6 гектар 2 учаске ұзақ мерзімді орманды пайдалануға берілді. Сүрек дайындау үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға ауданы 154 144 гектар 8 орман шаруашылығы мекемелері бойынша 39-дан 14 орманшылық берілді.
Облыс әкімдігінің «Орман өрттерінің алдын алу және олармен күрес жөніндегі шаралар туралы» қаулысына сәйкес орман шаруашылығының барлық мекемелері өрт қауіпі кезеңіне дейін техника, байланыс және хабарландыру құралдарын жөндеуден өткізіп, 30,8 мың гектар алқапта шөп өсімдіктерін өртеу жұмыстарын жүргізді.
Төтенше жағдайлар департаменті, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, облыстың өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметтерімен бірлесіп, Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бойынша орман өрттерімен күрес жөніндегі күштер мен құралдардың 2020 жылға арналған өзара іс-қимыл жоспары әзірленді және бекітілді. Орман шаруашылығы мекемелері 2020 жылғы өрт қаупі маусымы басталғанға дейін орман және дала өрттері туындаған жағдайда мемлекеттік орман қорының іргелес жерлерінде қызметін жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы құрылымдары, басқа да шағын және орта бизнес субъектілерімен күштер мен құралдарды тарту жөнінде шарттар жасасты.
Орман шаруашылығы мекемелерінің аумағында су алатын 199 орын бар, оның 60-ы пирстермен жабдықталған табиғи су айдындары, 71-і жасанды су айдыны, 60-ы гидрант ұңғымасы. 8-інің жел сорғышы бар, олар тексеріліп, жарамды күйде. Қарамағында мекеме карталарымен жабдықталған, азимуталды шеңберлермен, бинокльдермен, байланыс құралдарымен белгіленген 29 өрт-бақылау мұнарасы бар 23 өрт-бақылау пункті жұмыс істейді. Орман шаруашылығы мекемелерімен өткен кезеңде 2183 рейд жүргізілді.
«Жасыл» технологияларды енгізу және орман мекемелерінің аумағында ресурсты үнемдеу жүйесін құру мақсатында 8 жел сорғыш орнатылды. Үнемі толтырылған су резервуары өртті тиімді сөндіруге мүмкіндік береді. Орман шаруашылығы мекемелерінің барлық пайдаланылатын көлік құралдарына мониторинг және бақылау жүйесі (GPS) орнатылған. Отырғызу материалының ассортиментін кеңейту үшін қазіргі заманғы тамшылатып суару жүйесін қолдану арқылы ауданы 50 гектар «Ақкөл» орман шаруашылығында питомнигін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді, бұл суару кезінде суды 50-70 пайызға дейін үнемдейді.
2013 жылдан бастап 2020 жылға дейін аналық плантацияларды құру және кейін Көкшетау қаласы және облыстың елді мекендерін көгалдандыруға сату үшін Түмен қаласынан 25 мың данадан астам сәндік қылқан жапырақты және жапырақты ағаш көшеттері әкелінді.
Қорыта айтқанда, Нұр-Сұлтан – Щучинск тас жолының бойында жасыл белдеуді дамыту шеңберінде Орман шаруашылығы мекемелері 2009-2018 жылдар кезеңінде автокөлік жолының екі жағындағы Шортанды, Ақкөл, Бұланды және Бурабай аудандарының жерлерінде 2,6 мың гектар алаңға орман дақылдарын отырғызды. Осы аталған іс-шараларды іске асыру облыстың табиғи кешенін сақтауға және көбейтуге мүмкіндік береді.

Руслан ӘУБӘКІРОВ,
Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу
басқармасының басшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар