Конфессияаралық татулық пен толеранттылық – еліміздің маңызды саяси ұстанымы

Конфессияаралық келісім мен оларда толеранттылықтың болуы кез келген қоғамның тұрақтылығын және әрбір мемлекеттің қарышты дамуын қамтамасыз ететін аса маңызды шарттардың бірі болып табылады.

Бұл тұжырым 20 ғасырдың күрделі 90-шы жылдарында рухани бейбітшілік пен өзара құрметті сақтай алған біздің көпұлтты және көпконфессиялы Отанымыздың болмысында ерекше өзекті мәселе болып табылады және бұл кейіннен Қазақстанға Орталық Азия аймағының танылған көшбасшысы болуға мүмкіндік берді.
Конфессияаралық келісім мен толеранттылық Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастауында тұрған еліміздің ішкі және сыртқы мемлекеттік саясатының маңызды қағидаттарының бірі болып келгендігін атап өту қажет.
2019 жылы бүкіл халық болып сайлаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та осы салаға үлкен көңіл бөлуде. Мәселен, Мемлекет басшысы өзінің өткен жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында» деп айтқан еді. Өткен уақыт ішінде тәуелсіздік мұраттары мен жалпы әлемдік демократиялық құндылықтар негізінде жалпыұлттық бәтуаластықты нығайту бағытында көп жұмыстар жүргізілді. Бұл Қазақстан мемлекетінің беделін арттыруға септігін тигізді және бізге маңызды халықаралық бастамалар жасауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы рухани келісім мен конфессияаралық үнқатысудың әлемдік орталықтарының біріне айналды.
Осының нақты мысалы ретінде Елбасының бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алты съезінің өткендігін айтуға болады. Бұл алқалы жиындарға діни, сондай-ақ, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты. Дәстүрлі діндер съездерінде бейбітшілік пен тұрақтылыққа қатысты маңызды мәселелер талқыланып, шешімдер қабылданды.
Біздің еліміздегі конфессияаралық келісімді нығайтуға ерекше көңіл бөлінуінің нышандарының бірі ретінде жыл сайын 18 қазан – Рухани келісім күнін мерекелеуді атап өтуге болады.
18 қазан – Қазақстан тарихындағы ерекше орын алатын айтулы күн. Дәл осы күні 1992 жылы Алматы қаласында өткен Дүниежүзілік рухани келісім конгресінің қатысушылары 18 қазанды Рухани келісім, бейбітшілік пен татуласу, жақыныңа мейірімділік пен көмек, діни толеранттылық пен азаматтық келісім күні ретінде жариялауға шақырған еді.
Конфессияаралық келісімнің ажырамас және құрамдас бөлігі толеранттылық болып табылады. Толеранттылық сөзінің өзі термин және ұғым ретінде әртүрлі салаларда (медицина, құқық, мәдениет және т.б.) кеңінен қолданылады. Бізді бірінші кезекте азаматтық қоғамның өмір сүруінің және ҚР мемлекеттік органдар қызметінің базалық қағидаттарының бірі болып табылатын осы сөздің саяси-құқықтық және діни аспектісі қызықтырады.
Қарапайым түсініктегі «төзімділік» термині барлық діни ілімдерге құрметпен қарауды, барлық діни нанымдарды ұстанушыларға төзімділікті білдіреді. Айта кету керек, қазіргі уақытта толеранттылық – бұл жалпы әлемде, жеке қоғамдарда негізделген іргелі әмбебап қағида.
1995 жылғы 16 қарашада Парижде ЮНЕСКО-ның 28-ші
Бас конференциясында осы ұйымға мүше 185 мемлекет толеранттылық қағидаттарының Декларациясын қабылдады және 16 қараша – Халықаралық төзімділік күні деп танылды. Декларацияда берілген анықтамаға сәйкес, толеранттылық «біздің әлем мәдениеттерінің бай алуан түрлілігін, өзін-өзі көрсету нысандарын және адам даралығының көрініс беру тәсілдерін құрметтеу, қабылдау және дұрыс түсіну» дегенді білдіреді. Бұл анықтама, ең ауқымды, басқа ұлттарға, нәсілдерге, терінің түсіне, жынысына, жасына, мүгедектігіне, тіліне, дініне, саяси немесе басқа ұстанымдарына, ұлттық немесе әлеуметтік шығу тегіне, меншікке қарамастан, баршаға төзімді қатынасты білдіреді.
Біздің елімізде толеранттылық қағидатының заңдық негізі бар және ол діни қатынастарды реттейтін басты заңнамалық актілерде жазылған. Атап айтқанда, ол Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституциясы және Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни қатынастар туралы» Заңы.
Конфессияаралық келісім мен толеранттылықтың бастауы ерте кезеңнен бастау алып, тарихымызға терең бойлайтынын атап өткен жөн. Ғасырлар бойы қазіргі Қазақстан аумағында әртүрлі діндерді ұстанатын көптеген халықтар бейбіт қатар өмір сүрді. Сонымен қатар, толеранттылық байырғы халық – қазақтардың мінезінің айрықша психологиялық сипаты болып табылады.
Нағыз толеранттылықтың, құрметтің, жанашырлықтың және риясыз көмектің жарқын мысалы қазақтардың еріксіз қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарға және 30-40 жылдары «сенімсіз» аталған ұлттарға: немістерге, поляктарға, шешендерге, ингуштарға, украиндарға және тоталитарлық режимнің озбырлығына тап болған басқа да көптеген этностардың өкілдеріне қатынасы болды.
Осы уақытқа дейін әр түрлі ұлттардың аға буын өкілдері қазақтарға сол қиын-қыстау кезеңдерде көрсеткен қолдауы мен қайырымдылық көмектері үшін үлкен ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып жатады.
Қазіргі күні біздің елімізде 18 конфессия мен 130-дай ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың бәрі де Қазақстанды ортақ Отанымыз деп біледі. Біздің облысымыздың аумағында да көптеген конфессиялар мен ұлттардың өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Қазіргі күні өңірімізде заңды түрде тіркеліп, жұмысын жүргізіп жатқан 190 діни бірлестік бар екен. Тарата айтар болсам, оның – 89-ы ислам дінін ұстанушылардың бірлестіктері, 45-і – православие, 43-і – протестанттық шіркеу, 11-і – католиктер. Осы дәстүрлі діндерге қоса, 1 – «Бахай» дінін ұстанушылар мен 1 Халықаралық Кришна санасы қоғамы бар. Бұл аталған діни бірлестіктердің бәрі де дін саласындағы заңнамалар шеңберінде өз қызметтерін атқарады және құзырлы орган болып саналатын біздің тарапымыздан ұдайы бақылауда ұсталады.
Заң талаптарына сай Құдайға құлшылық ету рәсімдері арнайы жабдықталған ғимаратта немесе бөлмеде жүргізілуі тиіс. Қазір облысымызда 150 құлшылық ету нысандары бар. Олардың – 89-ы мұсылман мешіттері, 28-і православие шіркеулері, 11 католик костелі және 22 протестанттардың мінәжатханалары.
Діни уағызды заң талаптарына сай құзырлы органда арнайы тіркелген миссионерлік қызметпен айналысуға құқы бар адамдар ғана жүргізе алады. Және миссионерлік қызметпен айналысатындардың бәрін бақылауда ұстаймыз, олардың заң шеңберінде қызмет етуін, заңды бұзбауын қадағалаймыз. Бүгінгі күні облысымыздың аумағында 78 адам миссионерлік қызметпен айналысады және олардың бәрі заң негізінде тіркеліп, жұмыс істеуде. Сол миссионерлердің 22-сі Польшадан келгендер, 7-уі Филиппин азаматтары, 5-уі Ресейден, 1-еуі Германиядан келген. Қалған 43-і Қазақстан азаматтары.
Алмаз Мұқажанов,
Ақмола облысы бойынша дін істері
басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар