Партияның араласуымен өтемақы мәселесі шешілді

Көкшетау қаласында коронавирус инфекциясынан қайтыс болған Айжан Беркішеваның отбасына «Nur Otan» партиясының араласуынан кейін бір реттік әлеуметтік жәрдемақы төленетін болды.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметінің мәліметінше, тамыз айының ортасында партия филиалының қоғамдық қабылдауына Сағындық Беркішев өтінішпен жүгінген болатын. Өтініште ол әйелі Айжанның коронавирус инфекциясынан қайтыс болуына байланысты өтемақы алу мәселесін көтерді. Айжан бастауыш медициналық-санитарлық көмек орталығында медбике болып жұмыс істеген. Алайда, эпидемияға қарсы шараларға тартылып, блокпоста қауіпті дертті жұқтырып алған. Оның артында үш баласы қалды.
Партияның облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының отырысында қосымша ақша төлеу, сондай-ақ, коронавирус инфекциясынан қайтыс болған Айжан Беркішеваның отбасына өтемақы төлеу мәселесі кеңінен талқыланды. Әлеуметтік өтемақы төлеу ержесіне сәйкес Айжанның отбасына бір реттік әлеуметтік өтемақы төлеу жөніндегі ұсыныс Ақмола облысының әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорының қарауына жолданыпты.
– Қор мамандары блокпоста тұрған медицина қызметкерлері бұйрықтың ережесіне сай келмейтінін айтып, аталмыш отбасына өтемақы төлеуден бас тартқан. Сол себепті, Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолданды. Онда эпидемияға қарсы шаралар кезінде өзінің функционалды міндетін орындау кезінде қайтыс болғандарға әлеуметтік өтемақы төлеу туралы ережені қайта қарап, өзгеріс енгізу ұсынылды, – дейді «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының баспасөз хатшысы Динара Дүйсен.
Айталық, блокпоста карантинді қамтамасыз ететін денсаулық сақтау қызметкерлері үшін ережеге өзгеріс енгізу туралы ұсыныс ескерілді. Материалдарды қарау кезінде Айжан Беркішеваның отбасына бір реттік әлеуметтік өтемақы тағайындалды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *