Абай шығармаларындағы оқу-білім тақырыбы

Қазіргі таңдағы тәуелсіз еліміздің ең басты мақсаты – өркениетті елдердің қатарында болу, бүкіл әлемдік білім кеңістігінен орын алу болып табылады.

Бұл ұлттық білім беру жүйесінің даму бағыттарын тың арнаға, жаңа сапаға жеткізудің қажеттілігін алға тартады. Осыған орай, қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда. Бұл процесс білім парадигмасының өзгеруімен қатар жүреді. Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білімін, білігі мен дағдысын емес, оның тұлғасын жан-жақты дамыту, ұлттық тәлім-тәрбиені сіңірту, рухани жан дүниесін қамту міндетін қояды. Бұл мәселені шешу жас ұрпаққа туған тіл табиғатын жете меңгертумен байланысты. Себебі, ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген неміс философы, лингвисі В.Фон Гумбольдт айтқандай, тіл дегеніміз ұлттық рух болып табылады. Сондықтан да, жас ұрпақ бойына ұлттық рухты қалыптастыратын тіл десек, бұл орайда, ұлттық рухпен суарылған данышпан Абай шығармашылығын мектепте оқыту арқылы, жас ұрпақ тұлғасына ұлттық рухты сіңіру мәселесі өз шешімін таппақ. Өйткені, бүгінгі, кешегі және болашақтағы көкейтесті мәселе – жас ұрпаққа білім беру, оқыту, ізгілікке тәрбиелеу өз кезінде Абай шығармашылығынан орын алып, мәні мен маңыздылығы айқындалған мәселе.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, мемлекетіміз білім кеңістігіне аяқ басқан кезеңде, ғылым мен білімнің құндылығы, рухани маңыздылығы артып отырғаны белгілі. Сондықтан да, ертеңгі ұрпақ жарқын болашақта өмір сүріп, дамыған елдермен иық тіресе қатар тұруы үшін, ең алдымен, терең білім мен жан-жақты рухани сұраныс қажет. Бұл орайда, оқушы бойында білімге деген құштарлықты, ғылымға деген сүйіспеншілікті оятуымыз қажет. Мұның өзі бала дарындылығын дамытып, шығармашыл тұлға қалыптастыруға жол ашады.
Осыған орай, Абай «ғылым білім» ұғымдарының маңыздылығына қандай баға береді? Абай көзқарасындағы ізгілік, тәлім-тәрбие дегеніміз не? Әрине, бұлар әр уақытта сөз болған мәселелер. Дегенмен, қазіргі білім беру мақсатын жүзеге асыруда біз дәл осы мәселелерге жаңаша көзқараспен қарап, Абай шығармашылығын осы заман келбетімен зерделеп, терең тани білуіміз қажет. Мәселен, Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген 14 жолдық шағын өлеңінің барлық сөзі, барлық тіркесі сырт қарағанда өте түсінікті болып көрінеді. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген жолдағы ғылым сөзі осы күнгі біздің түсінігіміздегі ғылым болып қолданып тұр ма? Абайда арабтың бұл сөзі екі мағынада пайдаланылған: біріншісі – оқу, білім синонимі ретінде, екіншісі тура мағынасында қолданылуы. Ақын бұл сөзді жалпы білім, оқу мағынасында қолдану үстінде ғылым оқу, ғылым бағу, ғылым іздеу деген тіркестерді өзі жасаған. Атақты «ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінің осы жолындағы ғылым сөзі, жалпы оқу оқып, сауатты болу, білім алу дегенді білдіреді.
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты өлеңінде ақын өз балаларын оқытуды өзгелерге үлгі етіп ұсынады. Қазіргі нарық қыспағына қарамастан, «Интернатта оқып жүр» өлеңіндегідей, «жаңа өспірім, көк өрім», «талай қазақ баласының» жоғары оқу орнына түсуге талпынысы азайған жоқ. Бірақ, көпшілігінің мамандық таңдаудағы ой-өрісі Абай заманында: «Я тілмаш, адвокат болсам деген бәрінде ой», – деп бас қамынан аспайтын тар мақсаттың мұрат бола алмайтынын айтса, оған енді келіп нарық заманының бизнесмен, маркетинг, менеджмент сияқты «модный» мамандықтары қосылды. Ал, бүкіл ел экономикасының негізін құрайтын ауыр және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына қажет, материалдық дүние өндіретін салалардың инженер технологтары мен агрономдары сонда қайда қалады?!
Ұлы Абай шығармашылығының тағы бір қозғайтын мәселесі – адам тәрбиесі, содан туындайтын бүкіл халық тәрбиесі. Қазақ халқының болашағы оның өз бетінше ел болуына, саяси бостандыққа қол жеткізуіне, экономикалық және мәдени кешеуілдеп шығуына, қараңғылық пен кедейшіліктен құтылуына апаратын бірден-бір жол, яғни, бүкіл елдің сауатын ашу, жастарды адамгершілікке тәрбиелеу, өнер мен еңбекке баулу деп анық айтты. Ақыл-ойдың, сауаттылықтың дамуы үшін дүниеге шын көзбен қарап, нақтылы сезінудің қажеттілігін барынша қорғап бақты. Абай қоғамның тәрбиесі жеке адамнан басталатынын атап көрсетті. «Адам түзелмей, заман түзелмейді» деп ашық айтып, тобырдың ішінде тұлға жүрмесе мәнінен айырылатынын меңзеп, «не болады өңкей нөл» деп налыды. Сонда адам мұраты мен халық мүддесін ұшырастыратын тәрбиедегі басты нұсқа не десек, ұлы ақын «ақыл сенбейтін іске сенбе, ондай іске кіріспе, әуелі білім, ғылым, өнер жолын таңдап алып, естілерден үлгі ал, еңбекпен ғана мал тап» деп жол сілтейді.
Ұлы ұстаз жан-жақты, кемел тәрбиелі адам ғана «толық адам» санатына қосылады деп есептейді. Ал, кемелдікке жетудің тура жолы адам бойында имандылық қасиеттердің туындауынан басталады.
Тәрбиенің қалған түрлері – адамгершілік, ақыл-ой, еңбек, дене тәрбиесі, бәрі де осындай мұсылмандыққа ден қойған жастың бо-
йына тез үйіріледі деп пайымдайды. Осы тұста Абай өз заманындағы мектеп-медреселердің қызметіне көңілі толмайтындығын үнемі байқатып отырады.
Абай туындыларындағы басты орын алып отырған мәселе – еңбек тәрбиесі. Ол еңбекпен келген табыстың адал да дұрыс жолға бастайтынына кәміл сенеді. Осылайша еңбекпен, саналы оймен, ақылмен істелген істің ғана нәтижесі болады деп санайды. Оны:
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, – деп жырлайды.
Адамның бойында жағымсыз қасиеттердің тууына қарсы тұру үшін оның ғылым мен білімге деген құмарлығын арттырып, дамыта түсуді өсиет етеді. Осыған орай, ақыл мен еңбектің мәніне ерекше тоқталып, оларды адамның жеке басының, яғни, дара тұлғаның басты құдіреті деп түсінеді. Сондықтан:
Бақпен асқан патшадан,
Мимен асқан қара артық,
Сақалын сатқан кәріден,
Еңбегін сатқан бала артық, –
деп түйіндейді. Міне, Абай Құнанбайұлы шығармаларындағы оқу-білім тақырыбы осылай өрбиді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының өз тілшісі».

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар