Мұқтаж жандарға тағы да 50 мың теңге жәрдемақы тағайындалды

Елімізде мұқтаж отбасылар үшін «Birgemiz» қорынан тағы бір мәрте 50 мың теңге төленді. Облыс орталығында бұл атаулы әлеуметтік жәрдемақыны әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларынан 4,5 мыңға жуық адам алды.

Мемлекет басшысы қолға алған дағдарысқа қарсы шараларға қосымша Елбасы бастамасымен «Birgemiz» қоры мұқтаж жандарға көмек көрсетуді әлі де жалғастырып жатыр. Бұл орайда, Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша осымен бесінші рет тағайындалып отырған атаулы әлеуметтік жәрдемақыны алушылар санатына осы жолы жалғызбасты қариялар, әлеуметтік жағдайы төмен көп балалы отбасылар, ерекше қажеттіліктерге мұқтаж жандар енді.
Осы жолы аталмыш көмек облыс орталығында тұратын 4456 отбасыға тағайындалды, оның 2634-і ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер, 1043-і ерекше қажеттіліктерге мұқтаж жандар, 45-і мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандар, 734-і аз қамтылған және көп балалы отбасылар. «Birgemiz» қорынан бір реттік атаулы жәрдемақы берудің бес кезеңін қоса есептегенде, Ақмола облысында жалпы 25631 отбасы қамтылыпты.
«Nur Otan» партиясы «Birgemiz» қорымен бірлесіп, ағымдағы жылдың наурыз айынан, яғни, пандемия басталғаннан бері күнкөрісі мен қаржылық жағдайы қиындап қалған адамдарға көмек көрсетуде. Бұдан бөлек, «Bіz bіrgemіz! «Nur Otan»» республикалық акциясы шеңберінде облыста мұқтаж жандардың бір бөлігі коронавирус пандемиясымен күрес кезінде антисептик құралдарымен, медициналық маскалармен, бірінші кезекте қажет болатын азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілді.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар