Орман күзетінде олқылықтар болмайды

– Біздің орман шаруашылығымыздың аумағы елу мың гектарға жуық жерді алып жатыр, – деп бастады әңгімесін Куйбышевский орман шаруашылығының директоры Еркін Негметов. – Негізінен аралас орман-қайыңдар мен қарағайлар бар, олардың арасында жеміс беретін түрлі бұталар да өседі. Белгілі болғандай, кез-келген орманшылық өз қызметі барысында үш міндетті тапсырманы орындауға тиісті: өртке жол бермеу, заңсыз кесу және заңды түрде кесілген жерлерде отырғызу. Орман күзетінде олқылықтар болмауы тиіс. Себебі, табиғатсыз адамзаттың күні жоқ.

Қазіргі таңда бұл орман шаруашылығында 48 адам және 12 маусымдық жұмысшылар жұмыс істейді, олар жаз айларында өрт жағдайлары болған кезде тартылады. Бұл негізінен жақын маңдағы ауылдардан келген адамдар – жұмыссыздар.
Облыс орталығында жарық көретін «Көкшетау сегодня» қалалық газетінің 09.07.2020 жылғы санында «Большие проблемы малого села» атты сыни мақаласы жарияланған екен.
Осы мақалада сәуір айында желді күндер болмағанына қарамастан, орман шаруашылығында кейбір қарағайлы екпелер заңсыз кесіліп алынды деп айтылған. Осы және бірқатар кемшіліктерге байланысты аталмыш орман шаруашылығы директорының да өз айтары бар. – Біріншіден, көп адамдар «Көкше-Орман-2013» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен ауыл шаруашылығы министрлігінің жанындағы Орман және аңшылық шаруашылығы комитетімен 49 жыл жалға берілуі туралы 07.02.2014 жылғы №7-1 шешімге сәйкес келісім-шарт жасалғанын білмейді. Шартта бұл кәсіпорын ағаш кесуге, ағаш отырғызуға, аншлагтар, күркелер орнатуға, сондай-ақ, ол пайда болған кезде өртті бірлесіп сөндіруге құқылы делінген. Сондықтан, биылғы жылы «Қарлыкөл» ауылының жанындағы 114-ші кварталда 26 телім кесуге бөлініп, министрлік 06.04.2020 жылғы бұйрыққа сәйкес №105506 «Көкше-Орман-2013» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орман пайдаланушыға ағаш кесу билетін жазып берді. Шартқа сәйкес, аталмыш кәсіпорын 1 гектар ағаш кесуді 2 гектар жерге отырғызуы тиіс.
Биыл кәсіпорын 80 гектарға қайың мен қарағай, 56 гектарға қарағай мен басқа да бұталар мен ағаштар отырғызды. Бас орманшы Еркін Негметовтың айтуынша, серіктестік жасалған шартқа сәйкес заңсыз кесуге жол берілмейді. Сонымен қатар, қалалық газетте жарияланған мақала авторы – аталмыш орман шаруашылығының бұрынғы қызметкері Ж.Төлебаев, ол бұған дейін өзінің қызметтік міндеттеріне немқұрайлы және адал қарамағаны үшін жұмыстан босатылғанын да айта кеткеніміз дұрыс. Өкінішке орай, мақала авторы орман шаруашылығының басшылығымен кездесіп, шаруашылықтағы істің осы жағдайын білгісі келмеді.
Осы орайда, орман шаруашылығының басшысы алты жылдан бері ұжымды басқарып келе жатқан Еркін Негметовты туралы да аз-кем айтып өтсек.
Ол С.Сейфуллин ауылында туып-өскен. Жергілікті мектепті бітіргеннен, әскери борышын атқармас бұрын, ауылда жүргізуші болып жұмыс істеді. Жұмыстан қолы қалт етсе болғаны әрдайым айналасындағы ормандарды және көрші ауылдардың қайың тоғайларын, қарағай ағаштарын аралап жүруді ұнататын. Туған жердің табиғатымен тамсанып, оларға барынша қамқор болуға тырысатын. Әскерден кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ауыл шаруашылығы факультетіне түсіп, орман шаруашылығы мамандығы бойынша оқу оқып, диплом алды. Бір кездері «Бұқпа» орман шаруашылығында жұмыс істеді, кейін Куйбышев орман шаруашылығында орманшы болып, туған өлкесіне орман қорғау инженері, содан кейін Бұлақ орман шаруашылығы директорының орынбасары болып қызмет атқарды. – Менімен негізінен тәжірибесі мол адал адамдар жұмыс істейді, – деп түйіндеді әңгімесін орман шаруашылығының директоры. – Осы орайда, орман шеберлері Амангелді Әбілқадыровтың, орманшылар Талғат Ахметовтің еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Самат Ыбыраев, Өтеген Мақтаевтар да уақытпен санаспай жұмыс істей білетін еңбекқор жандар. Олардың адал жұмысының арқасында осы ыстық жазда бірде-бір орманның өртенуіне жол берілмеді. Барлық алдын алу жұмыстары да яғни, жергілікті тұрғындармен әңгімелесу, қоқысты жинау жұмыстары уақтылы жүргізіліп тұрады. Өкінішке орай, дем алушылар арасында рұқсат етілмеген жерлерде от жағып, қоқыс қалдықтарын қалдыратындар жиі кездеседі. Мұндай «туристермен» тиісті заңнамаға сәйкес күрес жүргізілуде.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Суретті түсірген автор.

Суретте: Орман шаруашылығының қызметкерлері С.Ыбыраев, А.Әбілқадыров және Т.Ахметов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар