«Сүйдім-күйдімнің» соңы сергелдең Неге?

Дерек пен дәйек

Бүгінгі таңда облысымызда 736 605 адам тұрады. Осы жылдың басынан бері 6232 сәби дүниеге келсе, оның 3200-і ұл, қалғаны қыз бала. Бала туу көрсеткіші бойынша Көкшетау, Степногорск қалалары мен Бурабай, Целиноград, Атбасар аудандары көш басында тұр. Жаңадан отау құрған жастар жиі ажырасуда. Жыл басынан бері 2186 неке тіркелсе, 1249 жұп өзара жараспай, ажырасып кеткен.

Балшекер КҮШІКОВА, еңбек ардагері:
–Мен жолдасыммен 47 жыл отастым, бірге төрт перзент тәрбиелеп өсірдік. Бүгін міне, солардан тараған немере, шөберенің қызығына кенеліп отырмын. Меніңше, әсіресе, әйел заты кей сәтте үнсіз қалып, қайбір нәрсені ішіне түйіп үйренуі керек. «А» дегенге «мә!» деп, қарсы шапқаннан, бәрін ақылға жеңдірген дұрыс. Келін болып түскенде, ата-енемнің қолында тұрдым. Күйеуім көпбалалы отбасынан болды. Өзім де сол үйдегі балалармен бірге сөмкемді арқалап, медициналық колледжге оқуға баратынмын.  Бізде де қиындық болмады емес, болды ғой. Бірақ, соны бірлесіп жеңе білдік.
Бұрын қазақ қоғамында әркімнің өз орны бар еді. Ал, қазір бәрі бірімен-бірі теңесіп, әйелдің жұмысын еркек, еркектің ісін әйел атқаратын күн туды.  Менің ойымша, осы бір теңдік ұғымын дұрыс түсінбеу – бүгінгі некені әлсіретіп бара жатқандай. Өз басым қыз баланың оқып, қызмет істеуіне қарсы емеспін. Дегенмен, қазіргі отбасыларда сол қыздың құлағына: «сен ешкімнен кем емессің. Басылып қалма!» деген сөздер көбірек құйылатын сияқты. Ерін сыйлау, оған мойынсұну деген сияқты түсініктер сол құлындарыма жеткізілмей ме деп қорқамын.
Бұрын «қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» деуші еді, қазір жұрт «ішіме сыйған сыртыма да сыяды» деп саспайтын болған. Содан қыз да жұрттың бәрі ажырасып жатыр ғой деп, үйіне қайтып келгеннен арланбайды. Өкініштісі сол, бұл қалыпты құбылысқа айналып барады. Енді олай болмасын десек, ұлымызға шаңырақтың тұтқасы екендігін, қызымызға сол әулеттің ұрпағын өрбітер ана екендігін айтудан жалықпайық. Түптеп келгенде, адамның басты мұратының өсіп-өніп, өнегелі ұрпақ қалдыру екендігін естен шығармасақ игі еді.

Жадыра ШЕГІРОВА, психолог:
– Ажырасу – бұл отбасы мүшелерінің бір-біріне  сәйкессіздігінен туындайтын жағдай. Шаңырақтың шайқалуына әсер етер негізгі екі себепті атап өтуге болады. Оның алғашқысы – жұбайлардың бірінің мінезін екіншісінің көтере алмауы. Бұл неден туындайды десек, бүгінде әр отбасы бір-екі баладан ғана тәрбиелеп отыр. Сол жалғыздарымызды кейде біз тым өбектетіп жібереміз де, сосын олар тек өз айтқаны ғана болса дейді.  Ондай балаларда «мен!» деген түсінік басым, өзгелерден өзін жоғары қойып, айтқанын істеткенге үйреніп қалған. Әйелі де, ері де сондай болып өскендіктен, бір-біріне мойынсұнуды намыс көреді. Содан ажырасып жатады. Осыдан келіп, екінші себеп туындайды. Ол – әлеуметтік жағдай. Дайын асқа тік қасық болып үйренген әлгі балалар өмірлік қиындықтарға төзе алмай, сәл сәтсіздіктен морт сына кетеді.
Күннен-күнге ажырасу көбейіп барады. Былай қарап отырсаң, бұдан он-он бес жыл бұрын мұндайды сирек еститінбіз. Өзімнің отбасын құрғаныма 22 жыл болды. Біздің кезімізде ипотека, ұзақмерзімді несие, тіпті, жас отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау-жеңілдіктер болған жоқ. Талай жас отбасы үйсіз-күйсіз жүрді.  Қазір «Қолжетімді баспана – 2020» сияқты үйлі болудың  амалы көп. Есесіне, жолдары қақ айырылып жатқан жұптар да аз емес. Сондықтан, бұдан некенің бұзылуына тек баспана мен қаржы мәселесі ғана әсер етпейді деген тұжырым жасауға болады. Бұл жерде үшінші тараптың, яғни, қыз бен жігіттің ата-аналарының, не басқа жақындарының  ортаға түсуі де түптің-түбінде ажырасуға әкеліп соғады. Көп жағдайда баласы үйге әкелген келінді өз теңдері санамайтындар отқа май құйып, жастарды екі жаққа бөліп тынады.
Мен жұмыс істейтін Көкшетау қаласындағы №18 орта мектепте 1500-ге тарта бала оқиды десек, соның 300-ге жуығы толық емес отбасыларда өсіп жатыр.  Бұл жерден әртүрлі категорияларды бөліп қарауға болады. Дегенмен, тек анасының ғана тәрбиесіндегілер басым. Ондайлар әкесі бар балаларға қарағанда, тым нәзік, көздері жәутеңдеген жалтақ болып келеді. Менің бұл айтып отырғаным – ажырасудың салдары.  Яғни, екі ортада қалған баланың психологиясы бұзылады. Әкесіне жақындап кетсе, анасы жақтырмайтын, анасымен араласқанын әкесі қаламайтын балаларды күнделікті өмірде көзіміз көріп жүр. Толыққанды жанұяда өспеген бала мұны қалыпты құбылыс ретінде қабылдап, ертең отбасын құрғанда өзі де оңай ажыраса салуы мүмкін.  Сондықтан да, мен ата-аналар ажыраспас бұрын балаларының ертеңгі тағдырын көбірек ойласа екен деймін.

Әсет БАЙЖОЛОВ, Көкшетау қалалық жастар ресурстық орталығының кеңесшісі:
– Өзімнің үйленгеніме жеті ай ғана болды. Отбасылық өмірден тәжірибем аздау болуы мүмкін. Бірақ, жастармен тікелей жұмыс істеп жүргендіктен, бүгінгі қоғамның бас ауруына айналған ажырасу жайлы естіп, көріп, біліп жүрмін. Меніңше, батыстың гендерлік  саясаты  елімізге етене ене бастағалы біз осындай жағдайға душар болдық. Мұның барлығы да әйелдердің бәрін билеуге талпынатындығынан болып отыр. Ата-әжелеріміз бен ата-аналарымыз өмір бойы қол ұстасып өтті ғой. Өз кезінде олар да қиыншылыққа кезіккен шығар. Бірақ, сол өткелден қол ұстасып өте білді. Ал, бүгін неге ажырасу көп дегенге келер болсақ, бүгінгі ер азаматтар тым әлсіз болып кетті. Олардың кейбірінің өмірге деген өз көзқарастары жоқ, өзгенің айдауына еріп, айтқанына көніп кетуге бейім. Бір жағынан әйелдерін бағындырғылары келсе, екінші жағынан ата-анасын, жақындарын ренжіткілері де келмейді.        
Сөйтіп, өзіндік «менін» жоғалтып бара жатыр. Тойларда асаба болып та табыс табамын. Сонда бір байқағаным, әрбір он жұптың әрі кетсе  екі-үшеуі сүйіп қосылғандар. Қалғандары қыздың аяғы ауырлағасын немесе қандай да бір есеппен қосылып жатқандар. Жүздерінен шын бақыттың, риясыз шаттықтың лебі сезілмейді. Сосын, тұстастарымды жамандағаным емес, жастар үлкендерді құрметтеуден қалып бара жатқан сияқты.  Келін мен күйеу бала өз міндеттерін білгенімен, оны атқаруға құлықсыз. Жалпы, жастар ұрыс-керіс салдарынан ажырасады ғой. Ал, келіспеушіліктің туындауына жаңа инновациялық технологиялар да әсер етуде. Әйелдің күні бойы әлеуметтік желіде, ғаламторды шарлап отырғанының кесірі үйге тиеді. Кір жуылмайды, киім үтіктелмейді, тамақ пісірілмейді дегендей. Содан келіп, отағасы шамданбай қайтсін?
Әрине, қыспаққа алған қымбатшылықтың да ықпалы мол.  Тағы бір себеп –  ерте үйленуде. Ажырасқан жұптардың көбі  осы отбасын тым ерте құрған жастардың арасынан шығып жатыр. Олар жанұяда тек бақытты сәттердің емес, бақытсыздықтардың да боларын жіті түсінбейді. Сондықтан, мен бір бүтін болып, мәңгі өмір сүре алатын адамыңды тапқаннан кейін ғана үйленген жөн деп ойлаймын.

Сауалнаманы жүргізген
Перизат БӨЛЕКОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар