«Қайырымдылық керуені» жобасына іріктеу жүргізіледі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының, сондай-ақ, Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен өтетін «Қайырымдылық керуені» ІІІ республикалық конкурсына іріктеу жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте республикалық жобаның Ақмола облысы бойынша үйлестірушілері айтып берді.

Жобаның басты мақсаты қайырымдылық идеяларын дәріптеу, белсенді азаматтық бастамаларды дамыту болып табылады. Байқауға әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге және өздерінің жомарттығымен басқаларды мейірімділікке ынталандыруға үлес қосып жүрген тұлғалар қатыса алады. Конкурсанттарды іріктеу еліміздің барлық өңірлерінде үстіміздегі айдан 15 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Жеңімпаздардың есімі Алғыс айту күні қарсаңында белгілі болады. Брифингте сөз алған республикалық жобаның Ақмола облысы бойынша жетекшісі, Көкшетау қаласы іскер әйелдер қауымдастығы жастар қанатының жетекшісі Раушан Тұранова байқау номинацияларына нақтылы тоқталып өтті.
– Биыл «Қайырымдылық керуені» конкурсы үшінші рет өткізілгелі отыр. Оның алдындағы байқауларда ақмолалықтар жақсы орындарға қол жеткізген болатын. Биыл да біздің меценаттар белсенді қатысады деген ойдамын, – деді Ақмола облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дәмелі Қойшина.
Брифинг барысында байқаудың «Батыл жүрек» номинациясы бойынша былтырғы қатысушысы Азамат Қазыбаев Елбасы қорының директоры Дариға Назарбаеваның Алғыс хатымен марапатталды. 2018 жылдың қазан айында Біржан сал ауданының Заураловка ауылында бір қарияның үйінен өрт шыққан болатын. Сол кезде полиция капитандары Мәди Бейсенбаев пен Азамат Қазыбаев еш ойланбастан жанып жатқан үйге кіріп, қарияны тілсіз жаудан аман алып қалған. Тәртіп сақшысы Азамат Амангелдіұлы әлгі үйде газ баллонын көріп, ол жарылып, басқа адамдардың өміріне қауіп төндірмесі үшін асқан батылдықпен оны сыртқа алып шыққан болатын.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Суреттерде: брифингтен көрініс; Ақмола облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дәмелі Қойшина «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауының «Батыл жүрек» номинациясының жүлдегері, полиция капитаны Азамат Қазыбаев Алғыс хат тапсыруда.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар