Жетім балалар қашанғы пәтерсіз жүреді?!.

Еліміз бойынша балалар үйлерінің түлектеріне баспана бөлу – өткір мәселе. Әсіресе, ақмолалық жетімдер мемлекеттік бағдарлама бойынша өз кезектерінің баяу жылжып жатқандығына наразылық танытып, шағымдануда. Пәтер алу кезегін жылдап күтіп жүргендер көп. Өңірде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 2 мыңнан астам бала бар. Олар да кәмелеттік жасқа толғанда баспана кезегіне қосылады.

Ашынғаннан қайта-қайта әкімдіктің табалдырығын жағалағандар жатақханадан бөлме болсын, әйтеуір бір ебін тауып, уақытша кіші-гірім баспана алып жатады. Солардың бірі – балалар үйінің түлегі Динара Тасболатова. Ол екі баланың анасы. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің біріндегі пәтердің бір бөлмесін жалдап тұрады. Жергілікті әкімдік болса, уақытша баспана ретінде жатақханадан бір бөлме ұсыныпты. Ол жерде тұратындай ешқандай жағдай жасалмаған, онда өмір сүру мүмкін емес екен. Бөлме өте тар және ылғалды.
–Әкімдік ұсынған бөлмеде 2 баламмен қалай сиямын және мен ол жерде шамамен 9-10 жыл тұруым керек. Себебі кезектің жылжуына қарасақ, маған баспана алу үшін осыншама уақыт қажет, – дейді Динара Тасболатова.
Осылайша баспана мәселесі бойынша жоғарыдағыдай қиындықпен бетпе-бет келіп жатқан Динара сияқты жандар арамызда аз емес. Көкшетаудың өзінде кезекте тұрған жетімдер саны 1 мыңға жуық. Олардың баспана кезегінде тұрғандарына 6-7 жылдан асқан екен.
–Мен пәтерді 75 мың теңгеге жалдап тұрамын. Тұрғын үй жинақ банкі, басқа да бағдарламалар арқылы үй алу үшін бастапқы жарна қажет. Ал, өзің баспананы жалдап жүріп, оған ақша жинау қиын. Мемлекет бірден барлығымызға баспана бере алмайтынын да түсінеміз. Дегенмен басқа жолдарын қарастырса, мүлдем тегін берсін демеймін. Кезекте 6 жыл бұрын 778-інші болып тұрғанмын. Қазір 539-ыншымын. Мынадай баяу жылжитын кезекпен қашан пәтер аламын?! –дейді балалар үйінің тағы бір ашынған түлегі Татьяна Данилова.
Ақмола облысында 21 мыңдай адам баспана кезегінде тұр екен. Оның 4 жарым мыңға жуығы жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. Ал, жыл сайын орта есеппен балалар үйлерінің тек 90 түлегі баспаналы болуда.
–Соңғы 4 жыл мен биылғы 9 айды қоса есептегенде, облыста жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар санаты бойынша 288 адамға пәтер берілді. Жетімдерге баспана бөлуді жергілікті жерлердегі әкімдер жүзеге асырады. Қолданыстағы заңға сәйкес пайдалануға берілген жалдамалы пәтерлердің 20 проценті осы санатқа бөлінуі қажет. Бұл талап барынша орындалуда, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы бөлімінің бас маманы Елена Ерина осы тұрғыда.
Жалпы, биылғы 9 айда Ақмола облысында 300 жалдамалы, яғни, арендалық пәтер пайдалануға берілді. Оның жиырма пайызы 60 пәтерге тең болғанымен, баспанаға қол жеткізген жетімдер саны 27-і ғана екен. Жыл соңына дейін тағы 185 жалдамалы пәтер берілмекші. Кезектің алдында тұрғандар енді осы баспаналардан күткен пәтеріміз тиіп қалар деп үміттеніп отырғаны сөзсіз.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар