Ардақты ақмолалықтар! Қымбатты соғыс және еңбек ардагерлері!

Сіздерді Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы бір ізгі ниетті, шуақты мереке біздің қоғамымызда төңірегіне мейірімділік нұрын шашып,  кең ауқымда аталып өтіледі. Себебі, аға буын өкілдері өздерінің ұзақ ғұмыр жолында адал еңбектерімен еліміздің өнеркәсібін құрып, дамытуға, ғылыми және мәдени қуатын арттыруға өлшеусіз еңбек сіңірді.  
Аға буын өкілдері – теңдесі жоқ ерлік істердің, Отанды сүю мен қаһармандықтың ерен үлгісі. Бүгінгі күні біз жарқын заманда өмір сүрсек, сол заманды сіздер өз қолдарыңызбен құрып, көздің қарашығындай сақтадыңыздар. Қанды қасап майдан жылдары ел басына төнген қайғы-қасіретті арқалай жүріп, қажымас қайрат таныттыңыздар. Бейбітшілік заманда маңдайдан терді сорғалата жүріп  еңбек етіп, ел еңсесін көтеруге лайықты үлес қостыңыздар. Зауыт, фабрикалар салдыңыздар. Ілкіден келе жатқан сол тәжірибе мен білім кейінгі ұрпақты бір арнада тоғыстырып, ұлы істерді атқаруға жұмылдыруда.
Бүгінгі қол жеткізген табысымыз, сөз жоқ, Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен бай тәжірибелеріңіздің арқасы. Ақмола өңірінің экономикасының іргетасын Сіздер өз қолдарыңызбен қаладыңыздар. Бүгінгі күні Сіздердің ізбасарларыңыз сәтімен басталған осы істі әрі қарай сабақтап, біздің өңірді еліміздегі табысты аймаққа айналдыруда. Сіздер рухани жан дүниенің мінсіз мәдениеті мен асқақ адамгершіліктің, жоғары жауапкершілік пен әрбір іске деген жанашырлықтың дәнін сеуіп, өз әрекеттеріңізбен үлгі болудасыздар. Қоғамдық өмірдегі кез-келген жағдайға назар аударатын жанашырлықтарыңыз қандай ғажап.
Зейнеткерлер мен ардагерлерге, аға буын өкілдеріне жан-жақты қамқорлық көрсету мемлекеттік саясаттың басымдылық берілген бағыты. Ақмола облысында жүз мыңнан астам қарттар, соның ішінде 25 мың мүгедек бар.
Қарттар айлығын өткізу облысымызда  берік дәстүрге айналды. Осы айлықтың шеңберінде Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, еңбек ардагерлеріне, зейнеткерлер мен мүгедектерге жан-жақты материалдық көмек көрсетеміз. Осы тамаша әрі жарқын мерекемен Сіздерді құттықтай отырып, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбітшілік пен табыс тілеймін. Сіздердің әрбір күндеріңіз қамқорлық пен перзенттік махаббаттың шуағына бөленіп тұрсын.

Сергей КУЛАГИН,
Ақмола облысының әкімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар