«Құлағына алтын сырға» тіркесін дұрыс қолданып жүрміз бе?..

Қазір көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында бір нәрсенің жүзеге асуы үшін, не болмаса әкімдердің, басқа да лауазымды тұлғалардың белгілі бір істі соңына жеткізу немесе кесірін тигізетін әрекеттерге жол бермеулері үшін «құлағыңа алтын сырға» деген фразеологиялық тіркес жиі қолданылады. Жалпы, сол «құлағына алтын сырға» сөзінің мағынасы қалай?

Жалпы, бұл сөз алғашқыда «естімей-ақ қой» деген мағынаны білдірген. Себебі, бұрын бізге үлкендер солай үйреткен. Ал, қазір қалай? Соңғы кезде осы тұрақты сөз тіркесі бастапқы мағынасында қолданылып жүр ме? Әлде «алтын» сөзі тыңдаушыны елең еткізіп, есте сақтауына түрткі болады деп ойлап жүрміз бе?
Айталық, 2008 жылы шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «Құлағыңа алтын сырға» де­генді бір мағынада ғана, яғни, «естіп, ұғып ал» деп, ал «Қазақша-орысша сөздікте»: (Золотые серьги в уши) а) пусть не обращает внимание, пусть не слушает; б) принимать к сведению; мотать (наматывать себе) на ус; деп, бір ой екі нұсқада берілген. Бұрын қалай еді? 1999 жылы «Дайк-Пресс» баспасынан А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты шығарған «Қазақ тілінің сөздігінде»: Құлағына алтын сырға – «естімей-ақ қой» деген мағынада деп жазылған. Сондай-ақ, Гүлдархан Смағұлованың «Мағыналас фразеологиялық сөздігінің» «Естімеу» деген тармақшасына: 1. Құлағына тимеу; 2. Құлағына алтын сырға; 3. Естісем құлағым керең болсын! (қарғану) деп көрсетілген екен. Яғни, мұнда да «естімей-ақ қой» деген мәнді білдіріп тұр.
Ал, 1977 жылы 8000 данамен жарық көрген көрнекті ғалым Ісмет Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде» де «Құлағыңа алтын сырға – «сен тыңдамай-ақ қой, есітпей-ақ қой» деп көрсеткен. Айта кетерлігі, кітапта: «бұл фраза әзіл ретінде керісінше мағынада да қолданыла береді» деп («Келіннің құлағына алтын сырға, берер шайын тезірек берсін) деген мысал келтірілген. Міне, бұрынғының ғалымдары қаймағы бұзылмаған ел аузынан жиған-тергенін осылай қағаз бетіне түсірген. Ал, қазіргі кезде кейбір кісілер өзгеше мағынада айтып жүр. Қазір көбіміз сөз байыбына жетпей, «әкімқараның құлағына алтын сырға – пәленбай ауыл ауыз суға жарымай отыр» дейміз. Сонда сол жердің әкімі «менің құлағыма алтыннан сырға салды екен» деп, мәселені шеше қоя ма? Жоқ, әкім бұл сөзді қаперіне алмауы да мүмкін. Өйткені, оның жөні бар, себебі, оның негізгі мағынасы – «естімей-ақ қой» дегенді білдіреді.
Бұл тіркестің мағынасын жазудағы мақсатым – аталған сөз тіркесінің мәніне көпшіліктің назарын аудару. Оның астарын, негізгі мағынасын түсіндіру. Не болмаса, «құлағыңа алтын сырға» деген тіркесті айтқан кісінің сөзін бөліп: – «Кешіріңіз, сіздің бұл айтқаныңыз «ұғып ал» деген сөзіңіз бе, әлде «естімей-ақ қой» дегеніңіз бе?» – деп, сұрап алып отырамыз ба? Жалпы, ұзын сөздің қысқасы, қазақ тілін үйренушілер қатарын көбейтеміз деп, сөз­бұзарлар санын арттырып бара жатқандаймыз. Онсыз да «менің ойымша» деудің орнына, «мен ойлаймын» деп сөйлейтін қаракөздер көбейіп барады.
«Құлағына алтын сырға» сөзін біреулер «есті», екінші біреулер «естіме» мағынасында қолданып жатса, бұл сөз тіркесінің құны бола ма? Сондықтан, бұл қазақ тіліндегі «құлағыңа алтын сырға» тұрақты сөз тіркесін ата-бабаларымыздан келе жатқан «естімей-ақ қой» мағынасында ғана қолданғанымыз абзал.

Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар