Құтыдан шыққан қуаныш

Біреу балаға зар, енді біреулер жүрегіне жалғасқан сәбиінен құтылуға асық. Қалай дегенмен де, өмірдің гүлі де, мәні де бала ғой. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп қазақ неге айтты дейсіз?! Соңғы жылдары елімізде ажырасу мәселесі өзекті. Бұл дегеніңіз еліміздің демографиялық ахуалына кері әсерін тигізеді деген сөз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі отбасы – демографиялық жағдайды тілге тиек етіп, Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын әзірлеп, іске қосуды міндеттеді. Алдағы уақытта Мемлекет басшысы елімізде экстрокорпоральды ұрықтандыру бағдарламасы бойынша квота санын жеті мыңға дейін, яғни, жеті есе көбейтуді тапсырды. Дәрігер мамандардың айтуынша алдағы жылы іске қосылатын «Аңсаған сәби» бағдарламасына жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы бала сүюге үмітті кез-келген жұп қатыса алады.
Жалпы әлем бойынша алғаш рет бұл тәсілмен 1978 жылы Луиза Браун есімді қыз бала дүниеге келген. Ал, Қазақстанда ЭКҰ көмегімен 1996 жылы Алматы қаласында қыз бала дүние есігін ашқан. Бір атап өтерлігі, қазіргі таңда сол «құтыдан шыққан қыз» өзі де ана атанып, табиғи жолмен өз баласын дүниеге әкелген көрінеді. ЭКҰ бағдарламасы елімізде 2010 жылдан бастап медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне қосылған. Қазіргі таңда елімізде 26 экстрокорпоральды ұрықтандыру орталығы жұмыс істейді. Оның 21-і жекеменшік саналады. Бүгінге дейін елімізде осы әдіспен 22 мыңнан астам бала дүниеге келді. Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша елімізде 9 мың 467 әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген ресми дерегіне сүйенетін болсақ, бүгінде біздің өңірде диспансерлік есепте 705 отбасылық жұп тұр, оның 366-ы ЭКҰ бағдарламасына қатысуға үмітті. Ақмола облыстық репродуктивтік және отбасын жоспарлау бөлімінің үйлестірушісі, Көкшетау қалалық әйелдер консультациясы бас дәрігерінің орынбасары Жұлдыз Әлпіламқызының айтуынша ағымдағы жылы Ақмола облысына ЭКҰ бағдарламасы бойынша 45 квота бөлінген.
– Отбасын құрған әрбір адам балалы-шағалы болуды армандайды. Расында да бала сүю бақыттың үлкені. Алайда, денсаулықтың салдарынан кейбір отбасыларға бала сүю бақыты бұйырмайтыны бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған биылғы Жолдауында атап өткен «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылса қаншама отбасының шаңырағы сәбидің шат күлкісіне бөленетіні хақ. Бұл дегеніңіз ондаған жылдар бойы балаға зар болған ата-ананың үмітін жалғау, ертеңгі күнге деген сенімін молайту. Арнайы комиссия құрылып, осы бағдарламаға қатысуға өтініш білдірген пациенттің жылына бір рет ЭКҰ жасауға мүмкіндігі бар. Нақты деректерге сүйеніп айтар болсақ, өткен 2019 жылдың өзінде Ақмола облысына 37 квота бөлініп, 27 бала дүниеге келді. Бұл дегеніңіз ауыз толтырып айтатын, зор қуанышпен жеткізуге тұрарлық жаңалық!
Жасырары жоқ, ағымдағы жылы жалғыз біздің елімізді ғана емес әлем халқын тығырыққа тіреген айтып келмес жаман аурудың, коронавирус дертінің салдарынан көптеген жоспарлар дер кезінде жүзеге асырылмай қалды. Аллаға шүкір, қазір бәрі де өз қалпына келіп жатыр. Биылғы бөлінген квоталардың нәтижесі әлі белгілі емес. Дегенмен, ЭКҰ бойынша, яғни, жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы бала көтеріп жүрген өңіріміздің аудандары мен қалаларында аналар бар екенін анық айта аламын. Жалғанда әрбір әйел ана бақытын сезінуге жазсын. Себебі, «Баласыз үйде береке болмайды» дейді қазақ. Шынында да шаңырақты шат күлкі мен бақыттың жұпар иісіне бөлейтін баладан асқан қуаныш жоқ қой өмірде. Осы қуанышты әрбір қазақстандыққа жазсын, – дейді өз ісінің білікті маманы Жұлдыз Әлпіламқызы.
Білікті маман дұрыс айтады. Шынында да Мемлекет басшысының тың бастамасы қаншама жүрекке үміт отын жақты. Сондай жандардың бірі Көкшетау қаласының тұрғыны Сәуле Орынбасар.
– Отбасын құрғаныма он жыл болды. Бала көтере алмаймын. Анығын айтсам, ем-дом қабылдаудан жалықтым. Жасыратыны жоқ, емші-балгерлердің де көмегіне жүгіндік. ЭКҰ туралы естіген едік. Ақылы клиникалардағы баға тым қымбат. Қарапайым отбасының қалтасы көтермейді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынғалы жатқан тың жоба жүзеге асатын болса, біз де өз бағымызды сынап көрейік деп отырмыз. Жүректе бір үміт бар. Ажырасып кетейік десек, бір-бірімізге үйренісіп қалдық. Тіпті қайын жұрт бала асырап алыңдар деп те айтады. Бүгін ешкім бетіңе баспаса да, түбі бір бетіңе басар бір адам табылатыны анық. «Бағыңды байлама, ажырасайық» дедім. Арамызда қимастық сезімі бар екенін түсінемін. Сол себепті Алланың жазғанына көніп жүрміз, – дейді Сәуле.

Сәуле сияқты ажырасудың сәл-ақ алдында тұрған қаншама келіншек бар десеңізші. Ең бастысы, игі бастама жүзеге асса, шаңырағы шайқалуға шақ қалған көптеген отбасының керегесі кеңейер еді. Осы орайда, мыңдаған жүрекке үміт отын жаққан бағдарламаның берері мол екендігі де айқын.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар