Республикалық байқауда жүлделі орындардан көрінді

Бурабайлық Мадияр Кабдуллин мен атбасарлық Василиса Кобилецкая және аршалылық Аружан Сардарқызы онлайн форматта өткен республикалық балалар мен жастардың шығармашылық жобалар байқауына өз еңбектерін ұсынып, жүлделі орындарды еншіледі.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы үстіміздегі жылы «Менің бастамам – менің Отаныма» атты республикалық шығармашылық жобалар байқауын онлайн-платформада қашықтықтан ұйымдастырды. Байқау дарынды балаларды анықтап, қолдауға, олардың бастамаларын дамытуға ықпал етуге бағытталған. Аталмыш іс-шараға барлық облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан байқау іріктеу кезеңдерінде жеңімпаз болған 170 шақты оқушы қатысты. Ал, біздің облыс-
тан қатысқан 9 оқушының үшеуі жүлделі орынға ие болып, ұстаздарының мерейін үстем етті.
«Туған қалама – игілікті істер» аталымы бойынша Атбасар ауданынан қатысқан 3-ші сынып оқушысы Василиса Кобилецкая жүлделі 2-ші орынды иеленді. Ол еріктілер жасақтарын құруға және дамытуға, әлеуметтік маңызды істерді ұйымдастыруға, соның ішінде бос уақытты ұйымд

астыру бойынша балаларды белсенді қызметке тартуға, салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған «Біздің қаламыздың экологиялық мәселелері» атты шығармашылық жобасын ұсыныпты. Көрікті Бурабай ауданынан қатысқан 7-ші сынып оқушысы Мадияр Қабдуллин «Менің кіші Отаным» аталымы бойынша 2-ші орын алды. Ол өз елінің патриоты ретінде кіші Отанының өткені мен болашағын зерттеп, оны өркендетуге бағытталған «Жазылмаған дала заңы» шығармашылық жобасы туралы айтып берді.
–Менің жобам елін сүйген жас ұрпаққа рухани азық болады деп ойлаймын. Бұл жоба байқаудың аудандық, одан кейін облыстық кезеңінде жоғары бағаға ие болды. Республикалық кезеңге өтіп, жобаны қашықтықтан ZOOM платформасы арқылы қорғау керек болғанда қатты толқыдым. Өйткені, офлайн арқылы қорғау, яғни, көзбе-көз ойыңды жеткізу әлдеқайда жеңіл. Бірақ, талап сондай болғандықтан, онлайн арқылы да ойымды нақты жеткізуге тырыстым. Мұндай жобалар бізге өте керек. Олардың біз сияқты жеткіншектерге берер тағылымы мол, – деді ол.
«Жаңғырту полюсі» аталымы бойынша Аршалы ауданынан қатысқан Аружан Сардарқызы да 3-ші орыннан көрінді. Бұл аталымда 9-шы сынып оқушысы мәдени мұраны сақтау және жаңғырту, шығармашылық әлеуетті және әр түрлі өнер түрлерін дамыту, бос уақыттың жаңа түрлерін құруға ықпал ету бағытында өз жобасын қорғап, «Заманауи киімдегі түркі халықтарының қолтаңбасын жаңғырту» тақырыбын кеңінен ашып берді.
Осылайша, бұл байқауда Ақмола облысы жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар