Артық сағаттарына ақы төленеді

Мектептердегі кезекші сыныптарда сабақ беріп жүрген мұғалімдерге еңбекақы қалай төленетіні туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Ермолаева айтып берді.

Коронавирус пандемиясын тоқтату мақсатында мектептердің жаңа оқу жылын онлайн форматта бастағаны және бастауыш сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар құрылғаны белгілі. Бұрын бір сыныпта отызға жуық бала оқыса, қазіргі таңда ұстаздар балаларды екі сыныпқа бөліп оқытуда. Сол себепті, жүктемелері де көбейіп отыр. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Ермолаева кезекші сыныптарда сабақ беріп жүрген ұстаздарға тариф жұмыс істеген сағатына байланысты құрылатынын айтты. Мәселен, мұғалім үшін аптасына 18 сағат – тұрақты мөлшерлеме. Егер, мұғалім 25-27 сағат сабақ жүргізсе, онда бұл сағаттар да тарифтендіріліп, мектептің есеп бөлімі жергілікті бюджет есебінен еңбекақы төлейді.
–Мұны қосымша ақы деп емес, заңмен бекітілген еңбекақы деп атаған дұрыс,– деді басқарма басшысының орынбасары.
Сондай-ақ, ол елімізде биылдан бастап «Педагог мәртебесі туралы» заңының қолданысқа енгізілуімен педагогтардың еңбекақылары өскенін атап өтті.
–Педагогтардың лауазымдық еңбекақылары жыл сайын 25 процентке өседі. Бұл жүйе үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап қолданылуда. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап өсім 50 пайызды, 2022 жылдың қаңтарынан 75 пайызды, ал, 2023 жылдың қаңтарынан 100 пайызды құрайды. Біліктілік санаты бойынша лауазымдық жалақыға 30-дан 50 пайызға дейін үстемеақы төленеді. Бұл кезде білім беру ұйымының басқарушы құрамына үстемеақы мөлшері лауазымдық еңбекақысына қарай 30 пайыздан 100 пайызға дейін өсетін болады, – деді Светлана Ермолаева.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар