Шоқанды зерттеген ғұлама

Қазақстанның ХХ-шы ғасырдағы аса көрнекті әдебиет, ғылым және  мәдениет қайраткерлері Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, тағы басқаларының қатарында Әлкей Хақанұлы Марғұланның да есімі ілтипатпен аталады.

Әлкей  Хақанұлы – Қазақстанның тарих ғылымының  қалыптасуына және дамуына аса зор үлес қосқан ғұлама  ғалым. Ол отандық археологияның негізін қалаушы болып саналады. Сондықтан, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым  министрлігінің Археология институты осы Әлкей  Хақанұлының  есімімен аталуы да өте орынды.
Әлкей  Хақанұлы  Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда  Павлодар облысы, Баянауыл ауданына қарасты №2  ауылда дүниеге келді. 1925 жылы  Семей педагогикалық техникумын үздік  тәмамдап, Ленинград мемлекеттік университетінің филология  факультетіне және ЦИК  атындағы  Шығыс  институтына, яғни, екі оқу орнына бірдей түсті. Институтты  табысты аяқтағаннан кейін үкіметтің шақыруы бо-
йынша Алматыға келіп, Қазнаркомпростың терминологиялық комитетінің жауапты хатшылығына тағайындалды. 1931-34 жылдары ол  Ленинград мемлекеттік тарих  академиясының аспирантурасында білім  алды. Академияны бітіргеннен кейін сол  жерде  ғылыми қызметкер болып қалды.
1941 жылы  Марғұлан Алматыға қайтадан шақырылып, Қазақ  ССР Ғылым академиясының тарих,  археология және этнография институтының басшысы қызметіне тағайындалды. 1943 жылы кандидаттық диссертациясын, ал, 1945 жылы докторлық диссертациясын қорғады. 1946 жылдан бастап Қазақ ССР Ғылым  академиясының корреспондент-мүшесі, 1958  жылдан бастап академик болды.
Ә.Х.Марғұланның ғылыми қызметіндегі басты еңбектері ұлы Шоқан  Уәлихановтың өмірі мен қызметін зерттеуге арналған. Ол бұған отыз жылын арнады.
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихын және  мәдениетін зерттеген тұңғыш ғылым және ағартушы демократ болғаны мәлім. Ол өзінің бас аяғы отыз-ақ    жыл, қамшының сабындай қысқа ғұмырында артына аса зор тарихи, мәдени және әдеби мұра қалдырды. Ш.Уәлихановтың шығармашылығы бүкіл  ғылым  әлеміне кеңінен әйгілі. Ғылыми жағынан аса зор, баға жетпес  Шоқан еңбектері біздің заманымызда да өзінің сол құндылығы мен мәнділігін жойған жоқ.
Шоқанның жекелеген еңбектері оның көзі тірі  кезінде-ақ Ресейде, Германия мен Англияда жарық көрген болатын. 1860 жылдың аяғынан  бастап-ақ достары К.К.Гуковский. А.К.Гейнс, Г.Н.Потанин, Н.М.Ядринцев, П.П.Семенов-Тянь-Шанский,  В.В.Григорьев және басқалары Шоқанның еңбектерін жинастырып, жеке жинақ етіп шығаруға  ұмтылды. Бірақ, Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектерінің алғашқы жинағы Н.И.Веселовский жазған алғысөзбен және сол  кісінің  редакциялауымен тек 1904 жылы  ғана  жарық  көрді. 1905 жылы профессор П.М.Мелиоранский Шоқан Уәлихановтың шығармалар жинағының екінші кітабын шығарды. Осылайша революцияға дейін Шоқан еңбектерінің азғантай бөлігі ғана жарық көрді.
Өзінің археологиялық зерттеулермен айналысып жүргеніне  қарамастан, Әлкей Хақанұлы Марғұлан Шоқан  Уәлихановтың ғылыми мұрасын зерттеуді ұйымдастыруға уақыт таба білді. 1958 жылы Әлкей Марғұланның алғысөзімен және редакциялауымен ұлы ағартушы ғалымның бір томдық таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді. Бұдан кейін Әлкей Марғұлан бастаған М.Тұрсынова, Ш.Кармышева, Н.Мингулов, Л.Әуезова, Т.Шойынбаев сынды белгілі тарихшылар мен  әдебиетшілер Шоқан Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағын шығаруға кірісті. Бұл бес томдық жинақ 1961-1972 жылдар аралығында жарық көрді. Кейін Шоқан  Уәлихановтың 150 жылдық торқалы тойы қарсаңында Қазақ ССР Ғылым академиясының  тарих, археология және  этнография  институты Шоқанның жаңа бес томдық шығармалар жинағын шығарды. Академик  Әлкей Марғұлан  бастаған республикамыздың көптеген көрнекті ғалымдары бұл жаңа жинақты шығаруға белсене атсалыс-ты. Бұл бес томдық жинақ 1961-1971 жылдары шыққан  бес томдық жинақты қайталау емес-ті. Жаңа басылымға Шоқан Уәлихановтың  бұрын беймәлім болған мақалалары мен хаттары енгізілді. Түсініктемелер нақтыландырылып, бұрын жарияланған мақалаларға жекелеген түзетулер енгізіліп, байытыла түсті.
Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми қызметін зерттеуге осы жолдардың авторы да  елеулі үлес қосты десек, артық болмас. Менің өзім қазақтың осынау ұлы ағартушысы, оның туған-туысқандары жайлы жазылған ондаған мақалалар мен очерктерді жарыққа шығардым. Бұған мына бір жай қозғау салды.
1970 жылдың сәуір айында Алматыдағы А.С.Пушкин атындағы  республикалық кітапхана есігінің алдында маңдайы жарқыраған аса келісті бір ақсақалмен кездесіп қалдым. Жасым кіші болғандықтан мен ол кісіге иіліп сәлем бердім. Ақсақал үлкендік жолмен жөн сұрасты. Көкшетау облысы, Айыртау өңірінің тумасы екенімді естіген соң әлгі үлкен кісі менің Алматыда не   сапармен жүргенімді сұрастырды. Сонан соң: «Сіз тарихшы екенсіз. Оның  үстіне Шоқанның жерлесі көрінесіз. Ендеше, оның өмірі мен ғылыми еңбектерін неге зерттемейсіз?» – деді. Мен «Академик Әлкей Марғұлан сынды ғұлама  ғалым зерттеп жүрген Шоқан әлеміне осы салаға жаңа ғана қадам басып жүрген біздей жас зерттеуші батылы жетіп, қалай  бармақ?» – дедім. Әлгі бейтаныс ақсақал: «Шоқанның өмірі қысқа болды. Қысқа ғұмырында небір  қиын өткелдерден өтті. Соған қарамастан, ол артында зор ғылыми мұра қалдырды. Оның қалдырған мұрасының молдығы соншалықты, сіздің Әлкейіңізден бастап, болашақ ұрпақтарымызға  дейін зерттеуге жетіп артылады», – деді.
Біз Сәбит Мұқановтың мерейтойына арналған кездесуге  келген едік. Үлкен кісі екеуіміз де кітапхананың оқу залына кірдік. Сол  жерде менің жанымдағы нұр  сипатты ақсақалға жиналғандардың барлығы қоғадай жапырылып, ілтипат білдіріп жатқандығының куәсі болдым. Тіпті мерейтой иесі Сәбит Мұқановтың өзі орнынан тұрып, әлгі  кісіге қарсы  жүріп, қолын ұстап, сәлем берді. «Бұл  кім  болды екен сонда?» деп ішімнен таң қалып тұрмын. Кездесу басталып, оны жүргізіп отырған  кісі қатысып отырған құрметті қонақтардың ішінде Әлкей Хақанұлы Марғұланның бар екенін айтқанда ғана жаңағы маған ақыл-кеңес берген, менімен әңгімелескен дана пішінді ақсақалдың сол кісінің тап өзі екендігін білдім. Мен  ұлы адаммен  осылайша қысқа да мәнді сұхбаттасу бақытына ие болғанымды осы күнге дейін іштей мақтан тұтамын. Бірақ, өкінішке қарай, ел-жұрты қадір тұтып, Әлеке деп  атайтын осынау ғұлама ғалыммен  қайтып кездесудің сәті түспеді. Дегенмен,   сол бір жалқы кездесу менің ғылыми-зерттеушілік еңбекте игі талпыныстар жасап, биікке құлаш сермеуіме жол көрсеткендей болды.
Осылайша Шоқан Уәлихановтың  ғылыми  мұралары жүз жылдан астам  уақыт бойы зерттеліп келеді. Алайда, бұл оның өмірбаяны, өмір жолы, ғылыми  және  қоғамдық қызметі түгелдей зерттелді және  ешбір түйткілді мәселе  қалған жоқ деген сөз емес. 1860 жылғы төртінші қарашада әкесіне жазған хатында ол былай дейді: «Алла жазса, бір айдан кейін мен  Петербургтан Парижге жол  жүрмекпін. Жолға керек ақшаны бір кісіден қарызға алдым…».
Шоқан Францияда болды ма, жоқ па? Барса не  мақсатпен барды, кіммен кездесті? Қарызға ақша берген кісі кім? Осы  сияқты сауалдар көптеген зерттеушілердің назарын аударды. Мәскеулік жазушы И.Стрелкова: «Шоқан Уәлихановтың Парижге барғанын куәландыратын құжаттарды табуға көптеген  зерттеушілер осы күнге дейін талпыныс білдіруде» деп жазды. Белгілі жазушы Әнуар Әлімжанов та осы мәселенің анық-қанығына жетуге тырысты. Ш.Уәлиханов пен Ф.Достоевскийдің достығына арналған мақаласында ол: «Шоқан жол ақшасын осы кісіден  (А.Врангельден) алған болуы керек. Және бұған Достоевский дәнекер  болған болуы керек. Немесе қарызға ақша берген кісі Достоевскийдің өзі  болуы да ғажап емес – деп жазды».
Менің өз пайымдауым бойынша  Шоқанға қарыз  берген кісі Врангель де, Достоевский де емес, кейін көрнекті этнограф ғалым болған, сол кездегі Петербург институтының студенті Н.М.Ядринцев. Николай Михайлович Ядринцев Шоқан туралы естелігінде: «Шоқан Уәлихановпен мен 1860 жылы Петербург қаласында  Григорий Николаевич Потанин арқылы таныстым. Алғашқы кезде біз  жай ғана таныстықпен шектелдік. Ал, кейін мен ол кісіге қарыз беру мүмкіндігіне ие болдым, – деп жазды. Бұл қарызы – Ядринцевтің  Уәлихановқа ірі сомада берген қарыз ақшасы  болатын. Осы қарызынан құтылу үшін Шоқан Уәлиханов 1862 жылдың қаңтарында «Ресей географиялық қоғамы запискаларының» редакторы, профессор А.Н.Бекетовке өтініш жасайды. Сол хатында ол Бекетовке: «Егер сіз менің Қашғар туралы жазбаларымды сатып алатын болсаңыз, тағы да бір  өтінішімді қанағаттандырмас па екенсіз? Мен Ядринцевке 300 сом  күмістей, ал, Усовқа 50 сом  қарызым бар еді», – деп жазады.
Егер Уәлиханов Парижге бармаған болса, оған осыншама  ірі сомадағы ақша не  үшін қажет  болды? Ол сол кезде 739 сом көлемінде жалақы алып  тұратын. Бұл  сол кездегі өлшеммен  аз ақша емес-ті. Әзірше Шоқанның Парижге  барғанын растайтын жалғыз құжат Ф.Н.Достоевскийдің досы А.Е.Врангельдің куәлігі болып табылады. Ол Ш.Ш.Уәлиханов туралы жазған естеліктерінде: «Маған Шоқан Уәлиханов  өте ұнады. Достоевский оны  көруге әркез қуанышты болатын. Кейін мен Шоқанды Петербургте және   Парижде кездестірдім»,  – дейді.
Осыған қарағанда Шоқан Парижде   болған деуге негіз бар. Мұнда әрі  бір гәп бар екені анық. Сол кездегі патшалық самодержавиенің құрығынан тыс жерде, Парижде тұрып жатқан  оппозициялық «Колокол» газетінің шығарушылары Герценмен немесе Огаревпен жолығу үшін әдейілеп сапар шегуі де  мүмкін. 1861 жылдан бастап «Колокол» газетінің беттерінде қазақ даласында  орыс патшасының отарлық  саясатының үстемдік құруы туралы мақалалар шыға бастады. Бұл соның бір дәлелі ме деймін. Әсіресе, 1862 жылғы 131-ші  нөміріндегі санында жарияланған мақаланың ерекше зор мәні бар.
Шоқан Уәлиханов өмірбаянында басқа да  талас тудыратын  мәселелер емес. Осы уақытқа дейін зерттеушілердің арасында оның туған  жері  және қаза табуы жөнінде түрлі пікірлер бар. Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұқанов, С.Марков, И.Стрелкова, Р.Сүлейменов, Б.Моисеев сияқты ғалымдар «Ш.Уәлиханов Құсмұрында туды» дегенді айтады. Алайда, округтің орталығы 1844 жылға дейін Аманқарағайда  болғаны, ал,  Құсмұрынның іргетасы тек 1844 жылы ғана қаланғаны мәлім. П.П.Семенов-Тянь-Шанский былай деп жазған:
«I Александр патша  Уәлихановтың жесіріне зор көңілмен ықылас білдіріп,  қырғыз даласында оған арналған үй  салдырып берді. Сол үйде Шоқан Уәлиханов дүниеге келді». Ендеше, П.П.Семенов-Тянь-Шанскийдің  осы дерегін негізге  алғанымыз дұрыс болады деп есептеймін.
1837-1847 жылдардағы Кенесары  Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысына да Шоқан Уәлихановтың көзқарасы әлі толық зерттелген жоқ. Ұлы ғалымның артында  қалған ұрпағы да зерттеуді қажет етеді.  Айсары  Шоқаннан айрылып, 1865 жылы Сырымбетке келгенде аяғы ауыр  болғаны жөнінде мәлімет бар. Бұдан шығатын қорытынды, Шоқан  Уәлихановтың өмір жолы мен  қызметіне,

шығармашылық мұрасына байланысты зерттеулерге нүкте қоюға әлі ерте.

Қадыржан ӘБУЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау  мемлекеттік университеті  Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар