Абай мұрасы – қазына

Қасиетті қазақ баласына, қазақтың дархан даласына, дарыны шексіз бір алып тұлғаны сонау XIX ғасырдың ортасында Алла Тағала сыйға берді. Ол бүкіл адамзаттың ақыл-ойының кемеңгері, ұлы ағартушы, әйгілі ақын, дана хакім Ибраһим Құнанбайұлы, яғни, адамзаттың алыбы – Абай.

Сонау Семейдің Жидебай өңірінде, Арғынның Тобықты руынан, Ырғызбай, Өскенбай әулеттерінде  дүниеге келген адамзаттың биігі Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы бүгінде бүкіл қазақтың ұлы оқиғасына айналды.
Абай поэзиясы – қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Абай поэзиясынан қазақ даласының табиғаты, қазақ өмірінің ащы шындығы, қазақ халқының сезім-сыры, арман-тілегі, салт-дәстүрлері, ұлттық құндылықтары түгел көрініп, сезіледі. Абайдың бізге қалдырған мұрасы – оның өлеңдері мен қарасөздері, аудармалары, поэмалары мен әндері. Бұл мұраны көзіміздің қарашығындай сақтап, қызғыштай қорғау – біздің азаматтық парызымыз. Оны тек қорғап қана қоймай, әрбір өлеңін, әрбір қарасөзін жатқа білуіміз керек. Абайдың әр өлеңінде, әр қарасөзінде өзіндік мән-мағына бар. Сол мағынаны жүрекпен түсіне білгенде ғана ол өлең мен қара сөзді жаттай аласың. Мағынасын түсінбей  жаттау Абай әлеміне терең бойлай алмағандықтың белгісі.
«Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы. Абай өзінің халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды. Ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» – деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, Абай мұрасы мәңгілік. Барша қазақ баласы Абайды тануға, білуге, Абаймен мақтануға тиіс. Ұлы ақын өз халқын өркендеген, өскен, еркін халық ретінде көруді арман еткен. Бүгінде біз Абай аңсаған ұлы өзгерістердің куәсіміз, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енуге талпынудамыз.
Абай шығармаларының өзгеден ерекшелігі, ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылғандығы. Сондықтан, жас ерекшелігіне, ұлтына, тілі мен діліне қарамастан, бұл шығармалар бәріне ортақ.
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған ойшыл данышпан ақынның жүрегін тербеген тамаша әндер өзінің қалың елі – қазағымен бірге жасап келе жатыр. Абайдың өнер мектебінен тараған әсем әндері қазақ сахарасында қалықтап, ұрпақтан ұрпаққа жетті. Еркін елдің ерен өнерпаздары бүгінде Абай әндерін шет елдерде де орындап, үлкен сүйіспеншілікпен асқақтата шырқайды.
Абай сөздерінің әр сөзіне үңіліп қараған жан одан үлкен ғибрат, өнеге, ұлы сабақ алары хақ. Абай уағызын ұққан адамның қоғамның қадірлі азаматы болары даусыз. Абай өзінің саналы ғұмырында ылғи да адамгершілік пен адамшылыққа тәрбиелеу өмір мәні екенін аңғартты. Әрқайсымызға Абайды тану – мұрат, ол шыққан шыңға шығу – арман.
Абайсыз қазақты, қазақсыз Абайды көз алдымызға елестетудің өзі қиын, өйткені, ол жалпақ жұртты жақсылыққа үйретіп, жамандықтан жиренткен қазақ халқының кемеңгер ақын, шешені, кең толғар дана көсемі. Оның шалқар дария шабытынан туған таңғажайып шығармалары, жан азығының кәусар бұлағы, сөнбес шырағы. Уақыт өтсе де ақынның терең мәнді туындылары бағдар тұтар темірқазығымыздай тың биіктерге шақырады да тұрады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Абай атамыздың еңбектерін бүкіл әлемге таныту, Абайдың ұлы еңбектерін бүкіл адамзаттың игілігіне пайдалану, Абай мұрасын бүкіл жер-жаһанға тарату – біздей ұрпақтардың бұлжымас борышы. Абайды бүкіл әлем таниды және танитын болады. Өйткені, Абай – Гималай!
Баян ДӘУЛЕТҚЫЗЫ,
Көкшетау қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 7 сынып оқушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар