Абай өлеңдерінің ерекшелігі

Абай Құнанбайұлы қазақтың ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін қалаған тұлғалардың бірі. Ол бүгінгі ғана емес, болашақ ұрпаққа да құндылығы шексіз мәдени мұра қалдырған. Бала Ибраһимнің өсе келе ойшыл, дана, философиялық дүниетанымы терең азамат болып қалыптасуында әжесі Зеренің зор ықпалы бар. Абай әрбір адам бойындағы жақсы қасиеттерді көріп, жаман қасиеттерден айрылу жолын дәл байқайды. Абайдың ішкі жан дүниесін, қазақ халқының сөз бен ой шеберлігін танытатын өлеңдерін бір оқығаннан олардың терең мәнісін түсіне бермейсің. Сонда оны қызығушылықпен, жаңаша, қайта-қайта оқуға не себеп? Абай өлеңдерінің ерекшелігі неде?

Жүз жетпіс алты өлеңі, қырық бес ұлағатты қара сөздері, «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» атты поэмалары да бір-біріне ұқсамайтын, философиялық, діни, мәдени, тұрмыс-тіршілік көзқарастарын қамтитын тақырыптарға ие. Бұл ұлы ақын шығармашылығының мазмұндық ерекшелігін айқындайды. Абай ұлтына, қазақ халқына, рухани құндылығына деген сезімді, басқару жүйесіндегі әділетсіздік, күнделікті өмірдегі талас-тартыс, адами құндылықтар мен достық мәселелерін еңбектерінде қозғайды. Бұл оқырманның өзіңді әр жағынан тануға мүмкіндік беріп, автордың көп қырлылығын көрсетеді. Дәлелді қарастыратын болсақ, ақындық мұрасына қосылған бағалы қазына болып саналатын, өзіндік құндылыққа ие Абайдың қарасөздерін оның өмірбаянын зерттеп, жолын қуған ұлы жазушы Мұхтар Әуезов тақырыптық ерекшелігіне қарай он-он бір бөлімге бөлген. Әрқайсының мағыналық маңыздылығын атап көрсетіп, құнды баға береді.
Әдеби мұра ретінде сипатталатын, әр заманда құндылығын жоймайтын, қымбат қазына – Абай шығармаларының жазылған тілі. Ол бұрын болмаған және болашақта қайталанбайтын, қазақ халқының тұрмысын, ой өткірлігін, сөз шеберлігін толық сипаттайтын, жүректен тербеп шығатын тіл. Оған ерекше ұйқас түрі, буын өлшемдері, шумақ саны мен ырғағы, өз пікірін жеткізу жолы да жатады. Өмірлік құндылықтар, жан жалғыздығын тақырып еткен Абайдың «Сегізаяқ» өлеңінің мысалында қарастырсақ, автордың сегіз тармақты шумақ түрін, ырғақтық құрылысын өзінше өрнектегенін байқаймыз. Ұйқасып, мағыналық мәнге, көпшілік қолдануға ие болатын өлең жолдары нақыл сөздер ретінде бөлек те қарастырылады. Көрнекі теңеулер мен образды сөздер, құбылыстың сипатын дәл түсіндіретін метафора арқылы шығармаларындағы кейіпкерлер образдары толық ашылып, оқырман жүрегінде үндестік оятады. Абай поэзиясының тілі – қазақтың рухани қазынасы, ұлттық бояуы мен ерекшелігі.
Абай Құнанбайұлының қазақ әдебиетінің жаңа деңгейге көтерілуіндегі, оқырманды рухтандыратын, оқуға, білімге құмартатын, өмірлік құндылықтарды айқындайтын әдеби мұра қалдыруындағы рөлі мен маңызы шексіз. Оның шығармашылығы – тәрбиелік маңызы мен бағасын жоймайтын қазына. Өлеңдерінде мазмұн, тіл, көркемдегіш құралдар, ұйқас, ырғақ жоғары деңгейде үйлесімділік, үндестік пен тұтастыққа жетіп, өзіндік стилдік ерекшелік қалыптастырды. Бұл Абай өлеңдерін үлкен қызығушылықпен танып білудің, әр оқығаннан жаңа ой түйіндеудің басты себебі.
Саяна ЖҰМАТАЙ,
Көкшетау қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар