Дінаралық келісім – тұрақты дамудың кепілі

Тарихы терең, шежіресі шерлі қазақ халқы қашаннан да бауыры кең, құшағы ашық ел болғанын барша жұрт мойындайды. Оны біз жеріміздің кеңдігімен ғана емес, пейіліміздің кеңдігімен де, ырысты тірлігімізбен ғана емес, ынтымақты бірлігімізбен де дәлелдеп отырмыз. Бүгінде тәуелсіз елімізде 130-дан астам ұлт және 18 конфессия өкілдері тату-тәтті қатар өмір сүріп жатыр деп мақтанамыз.

Егемендікті егелеген кезеңде талай елдер қақтығыстар мен қантөгістерге жол беріп алса, біз бірлігіміздің арқасында тірлігімізді түзедік, көркейдік. Бұл Елбасының сындарлы саясатының жемісі болумен қатар ел халқының, соның ішінде мемлекетті құраушы негізгі ұлт қазақ халқының кеңпейіл толеранттылығының жемісі екені даусыз.
Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Көп этносты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған. Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу орталығы болып саналады» – деп көрсетеді.
Қазақстандағы діндердің дамуы діни сенім бостандығы, рухани даму, елдегі азаматтық татулық пен конфессияаралық келісімді сақтау мен нығайтуға бағытталған мемлекеттің жүйелі саясатының нәтижесі болып табылады.
Соңғы онжылдықта дін мен конфессияаралық қатынас аясындағы жағдай айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Діни ахуалдың жай-күйі, өсу қарқынына жасалған талдау өскелен ұрпақ өкілдерінде діндарлықтың артқандығын байқатады. Және де бұл жеке тұлғаның табиғи рухани қажеттілігі тұрғысында ғана емес, қоғамда қалыптасқан мәдени және рухани дәстүрге нұқсан келтіруге талпынатын жалған діни ұйымдар қызметі арқылы да көрініс беруде. Қазіргі таңдағы өзекті деген үлкен мәселелердің бірі – жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен түрлі діни ағымдар десек артық айтқандық емес. Кереғар діни ағымдар қоғамға, соның ішінде жастарымызға ерекше әсер етіп, ұдайы адастырумен келеді. Соның салдарынан отбасылардың ажырасуы көбейіп, түрлі ағымды ұстанудың нәтижесінде жанұяларда ұрыс-керістер орын алып, көптеген бөлінушіліктерге негіз болуда.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратындығы көрсетілген. Нақты осы негізде бүгінгі таңда мемлекет дін аясындағы өз саясатын жүзеге асыруда. Діндердің бейбіт қатар өмір сүруі, экстремизмнің таралуына қарсы іс-қимыл, жалпы алғанда Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының басым міндеттері болып табылады. Діни және этникалық негіздегі қақтығыстар, мәдени, әлеуметтік, саяси құқықтардың шектелуі, этникалық немесе конфессионалдық белгілердің, діни экстремизм мен терроризмнің шиеленісуіне себеп болуы мүмкін екендігін есте сақтау қажет.
Дін саласындағы мемлекеттік органдар қызметінің ақпараттық-түсіндіру жұмысындағы басымдықтары қатарында азаматтардың бұқаралық сана-сезімінде келесі төрт маңызды идеологиялық қағидаларды қалыптастыруды атауға болады.
Бірінші қағида: «Зайырлы қоғам және жоғары руханилық – біздің басты құндылықтарымыз».
Екінші қағида:«Бірлік және келісім – Қазақстанның дамуының негізі».
Үшінші қағида:«Отансүйгіштік, ұлттық дәстүр мен мәдениет – бұл ұлтымыздың рухани іргетасы».
Төртінші қағида: «Радикализм мен экстремизммен күресу – бүкіл қоғамның міндеті».
Жалпы алғанда, экстремистік доктриналар мен ілімдерді жою, дін атын жамылған радикалды және деструктивті идеологиялардан өзіндік қорғануға бағытталған қоғамдық бастамаларды жандандыруға күш салу қажет.
Қазіргі таңда Қазақстанда діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпауға, діни сенімдерге құрметпен қарауға, заң алдында түрлі дін өкілдері тең дәрежеге ие болуына негізделген мемлекет пен діндер арасында бірегей үлгі орнағандығын айта кету керек.
Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізудің маңызы зор. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез-келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек.
Бүгінгі күні жат пиғылды ұйымдардың жастарымызды өз қатарларына тартып, санасын улап жатқаны қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Сондықтан, ата-аналар балаларының жүріс-тұрысын үнемі бақылап отырғаны абзал. Өмірді жаңа тани бастаған жастар жаңашылдыққа, жаңа нәрселерге әрдайым құштар болады, сондықтан олар түрлі секталардың ықпалына тез түсіп қалады. Кез-келген адам олардың қақпанына түсіп қалуы мүмкін.Өкініштісі сол, жат ағымдардың жетегінде кеткендердің дені – жас жігіттер мен қыздар.
Жат ағымға тарту үшін қазір теріс ағымның уағызшылары интернетті, әлеуметтік желілерді кең пайдаланатын болып алды. Қазір смартфонның шығуына байланысты интернет қолжетімді болып отыр және оны кәмелетке толмаған балалар да пайдаланады. Ақылы толыспаған балалар жат ағымдардың ықпалына тез түсіп қалып жатады. Осы орайда, ата-аналар мен ұстаздар жас ұрпақтың жат ағымдардың ықпалынан сақтануларына қолдан келген көмектерін көрсетулері қажет.
Өкінішке орай, көпшілік ата-аналар материалдық игіліктерді қуып жүріп, рухани құндылықтарды ұмытып жатады. Балаға барлық материалдық қажеттіліктерді жасадым, болды деп санайды. Шындығында, жас ұрпаққа материалдық игілік емес, ең алдымен рухани құндылық, саналы тәлім-тәрбие қажет. Еліміздің ертеңгі тізгін ұстары – жастар екендігін ескерсек, бала тәрбиесіне бейқам қарауға болмайды.
Әлемнің әр түкпірінде орын алып жататын ұлтаралық, дінаралық қақтығыстардан еліміз аулақ, аспанымыз ашық. Бұның бәрі, ең алдымен Елбасымыз бен Мемлекет басшысының жүргізіп отырған бейбітшіліксүйгіш саясатының нәтижесі екендігі анық. Осы басты байлығымыз – татулығымыз бен бірлігімізді баршамыз болып көздің қарашығындай сақтауымыз, қорғауымыз қажет.
Тоқсанбай Шәріпов,
Ақмола облысы дін істері басқармасының
«Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту
орталығы» коммуналдық мемлекеттік
мекемесінің теолог-маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар